Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов
Антикор "Қайрат Сатыбалдыұлы темір тордың ар жағында отырып, қонақүй сатып алды" делінген ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жекелеген азаматтар БАҚ және әлеуметтік желілерде «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйін Қ.Сатыбалдыұлымен қоса адамдар тобының иемдену әрекеттері туралы ақпарат жариялады.
Барлығына белгілі, сотталған Қ. Сатыбалдыұлы қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Бұл ретте оған қатысты салықтарды төлемеуге және қылмыстық кірістерді заңдастыруға байланысты қылмыстардың басқа эпизодтары бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу барысында заңсыз шығарылған активтерді, сондай-ақ қылмыстық қаражатқа сатып алынған мүлікті қайтару бойынша шаралар қабылданады.
Осыған байланысты Сатыбалдыұлына залалды өтеу мақсатында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық үй-жайлар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелері, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс автомашиналар мен ақшалай қаражат мемлекетке беріледі. Олардың қатарына 2021 жылдың қараша айында Сатыбалдыұлымен байланысты кәсіпорын сатып алған «Double Tree by Hilton Almaty» қонақ үйі кіреді" - делінген хабарламада.
Құзырлы ведомство азаматтарды жалған ақпарат таратуға жол бермеуге шақырды.