21 қаң, 2025 сағат 11:50

“Әншілерге айыппұл салу керек“. Саят Медеуов күтпеген ұсыныс жасады

Фото: toi.kz

Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов қазіргі сахна мәдениеті мен өнер сапасының төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, әншілерге шүйлікті,- деп хабарлайды Ult.kz, massaget.kzке сілтеме жасап.

Бұл туралы ол «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Әншінің пікірінше, қазіргі таңда сахна жеңіл дүниелермен толып, шынайы шығармашылық құндылығын жоғалтуда.

«Жеңіл әңгіме айтқым келмейді. Мәдениет саласында, өнерде мен күйіп кететін нәрсе көп. Қазір аузына келген сөзбен ән жаза беретін әншісымақтар қаптап кетті. Сапасыз әншілерден сапасыз ән туады. Оларға ешқандай шектеу болып жатқан жоқ, сәйкесінше ойына келгенді жазады. Әннің сөзі әуенмен бірге төгіліп, поэзия секілді құйылып тұруы керек. Біз композитор, ақын, әнші деген үш тағанды жоғалтып алдық. Баяғыда ән осы үш тағанның уысынан шығып сәтті екенін дәлелдейтін. Қазір бәрі майдаланып барады», – деп ашуланды Саят Медеуов.

Сондай-ақ, ол мән-мағынасы жоқ ән айтатын әншілерге айыппұл салу қажеттігін айтты.

«Болмайтын ән айтатын болмайтын әншілер көп. Бәрі демеймін. Арасында жақсы әншілер де бар. Бірақ сондай болмайтын ән айтатындарға айыппұл салу керек. Заңмен шектеп, олардың еркін көсілуіне жол бермеуіміз керек. Ақыры бәріне айыппұл салып жатырмыз ғой. Көлікті 5 минуттан артық қыздырғанға да айыппұл салып жатырмыз ғой, одан да өнерді ластап, мәдениетті құртып жатқан әншісымақтарға айыппұл салғанымыз абзал», – деді әнші.

Айта кетейік, Саят Медеуов 1973 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Кенен ауылында дүниеге келген. 1998 жылдан бері өнер сахнасында жүрген ол «Көк шолақ», «Сен көріктісің», «Алтыным», «Бозторғай» және басқа да халық сүйіп тыңдайтын әндердің орындаушысы ретінде танымал.