14 қаз, 2024 сағат 15:32

Англияда «құлпынай теріп жүрген» азаматтарды санап жатқан ешкім жоқ — депутат

Фото: Pexels.com

Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту тақырыбындағы Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов еңбек нарығы туралы сөз қозғағанда мигранттардың факторы ескерілмейтінін айтты. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Мәжіліс депутатының айтуынша, релоканттарды айтпағанның өзінде, мигранттардың еңбек нарығындағы үлесі туралы нақты мәліметтер жоқ. 

"Бұған қоса біз басқа елдерге жұмысқа шығатын азаматтарымыздың құқықтарымен жеткілікті денгейде айналыспаймыз. Алысқа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді алайық. Әртүрлі мәліметтер бойынша - осы одақта шамамен 200 мың қазақстандық жұмыс істейді, бұл іс жүзінде бүтін бір саламен тең. 
Көптеген отандасымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етуде. Ол аздай соңғы кездері Англияда «құлпынай теріп жүрген» азаматтар көбейіп кеткен. Олардың саны қанша, және неге бұл факторлар біздің жұмыспен қамту статистикасында және саясатында ескерілмейді, біз білмейміз. Біздің елдің азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, тіпті ол мемлекетте 1 ғана отандасымыз жұмыс істейтін болса да, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасау қажет. Бұл бағыт бойынша да нақты саясат пен шаралар әлі жеткіліксіз", - деп атап өтті А.Аймағамбетов.


Ол жылдам технологиялық прогресс еңбек саласында жаңа сын-қатерлер әкелгенін еске салды.

"Жаңа мамандықтар пайда болып,  кейбір "зейнеткер мамандықтар" жай ғана "жойылуда". Болжамдарға сәйкес, Қазақстандағы жұмыс орындарының 52% автоматтандырудың тәуекеліне ұшырайды. Алдағы 15-20 жылда жұмыс орындарының 14% жойылуы мүмкін, ал тағы 32% қатты өзгереді.  
Автоматтандыру және жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығында айтарлықтай өзгерістерге әкеледі. Бір жағынан, осыған байланысты үлкен жұмыссыздық пайда болса, ал екінші жағынан, кадр тапшылыға болады дейді эксперттер. Яғни жаңа жұмыс орындарында жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істей алатын кадрлардың жетіспеушілігі осындай кадр тапшылығына алып келеді. Осыған орай жұмыс күшінің икемділігін қамтамасыз етіп, жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істеу бойынша қажетті құзыреттерді беру маңызды болып отыр. Алайда, осы мәселелер бойынша әрекет ету стратегиясы әлі де айқын емес", - дейді депутат.


Айта кетейік, бұған дейін Асхат Аймағамбетов жұмыспен қамту бағдарламаларын сынаған болатын.