26 қыр, 2022 сағат 18:38

«Әмірхан тегін адам емес» – қаламдастары



Белгілі ақындар Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Ерлан Жүніс жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің бағдарламасына келіп, ақын Әмірхан Балқыбек туралы сырларымен бөлісті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің айтуынша, Әмірхан туралы әңгіме көп, аңыз да бола бастаған. «Әмірханның «Бас» деген өлеңі бар. Мен өзім Әмірханның тағдырына байланысты, осы өлеңнің кейіпкері де, жендет те Әмірханның өзі ме деп ойлап қалдым. Әңгімемізді Әмірханның тағдырынан бастасақ...» дейді жазушы.

Ақында, жалпы өнер адамында болашақты өзінің тағдырын болжау дейтін бір дүние бар екенін айтқан Маралтай Райымбекұлы Әмірханмен көрші тұрғанын айтып, оны үнемі ойлайтынын жеткізді.

«Ақында, жалпы өнер адамында болашақты өзінің тағдырын болжау дейтін бір дүние бар. Ол шындықтан алыс кетпейді. Бірақ мен осы Әмірханның басындағы көк тасына эпитафия таңдаған кезде, осы Жарас бар, жақын жүрген азаматтар бар, біз көптеген өлеңдерінің ішінен сүзіп алып, екі жол, бір шумақ өлеңді іздедік. Сол кезде біздің көзімізге түскен жалғыз шумақ:

Суығы өтсін жаһанның жауырынан,

Ымырасыз ықпасам дауылынан.

Білем қаза болса ол табиғаттан,

Дінім тіп-тік тұрғаны тамырынан, - дейді. Өзінің тағдырын өзінің жырларында болжады. Өзінің шығармасында ізденген бақтарындағы, өзінен бұрын өмір сүрген әлем әдебиетіндегі ұлы тұлғалардың тағдырынан іздеді ме деп ойлаймын.

Мен Әмірханнан бұрын өлең оқысам, ол менен кейін өлең оқыса, Әмірхан менен асып түсіп оқығысы келетін. Мен де керісінше Әмірханнан кейін оқысам, одан асып түскім келетін. Аудиторияны өзіме баурағым келетін. Бұл өзі солай болуы тиіс нәрсе ғой. Ақын сондай болу керек. Сосын Әмірхан танымдық мақалаларға көп барды ғой, мына түркі әлеміне, басқа әлемге әртүрлі формаларға барлауға барады да, сол мақаланы жазатын кезде сол бағытты тереңдетіп білетін адамдармен телефонмен сөйлеседі немесе барып сөйлеседі. Солармен ортақ бір шешімге келеді. Сөйтіп барып, мақаланың іргетасын қалайды. Әмірхан дейтін ұшан-теңіз әлем ғой. Мен Әмірхан дүниеден өткелі бері оны ойламаған бір күнім жоқ. Күніге ойлаймын, күніге міндетті түрде есіме Әмірхан түседі.  Біз көрші тұрамыз ғой, кейде жұмыстан келе жатқан кезде, балконнан «Мәке, қалай» деп қол бұлғап тұратын. Сол жерде жүрген сияқты, көзге көрінбей елес жүрген сияқты. Әмірханның қазасын алғаш естіген де мен болдым, ауыр жағдай болды. Әмірханды да елі, жұрты, халқы алақанына салып аялап, шығарып салды. Сонда анасы Тұрсын апамыз тебіренді», –  дейді Маралтай Райымбекұлы

Ал қаламдасы Жарас Сәрсек Әмірхан Балқыбектің тегін адам емес екенін тілге тиек етіп, ол шығарма жазарда қандай күйде болатынын еске алды.

«Тегін адамда арқа болмайды ғой, Әмірхан тегін адам емес. Оның арқасы болды. Топқа түскенде көзінің шырадай жануы, өзін өзі билей алмауы, соның бәрі ақынға табиғаттан берілген арқа ғой деп есептейтінбіз. Шаршы топта өлең оқығанда, сөз сөйлегенде жанып кететін.

Студент кезімізде бір бөлмеде тұрдық. Үлкен өмірге араласқан кезде де бір үйде тұрдық. Ол таңертең жуынған кезде де ыңылдап ән салып жүретін. Мен оны ән салып жүр деп ойламайтынмын. Болашақ шығарманың сұлбасын елестетіп жүр деп ойлайтынмын. Көбінесе Табылдың әндерін салатын. Халық әндерінен де ыңылдап ән салып жүретін. Ал түстен кейін қарасаң, ол жаңа бір шығарманың сүйегін қалап шыққандай қуаныштан ыңылдап келіп, ән салып, «Жәуке, мынаны тыңдап көресің ба? Бүгін жаздым» дейтін. «Таңертең ән салған кездегі дүниең осы емес па сенің?» деймін ғой. Ырғағын іздеу, болашақ жазылатын шығарманың ырғағын тауып алу ғой ән салуы. Әмірханның ұғымындағы ән салу ыңылдау болатын, ол ән салуға келмейтін шығар» –  дейді Жарас Сәрсек.

Ал Ерлан Жүніс оның ерекше қабілетін еске алып, оның ерекше мінезі туралы да айтты.

«Менің көз алдымда қалған бірнеше көрінісі бар. Ол көріністерде әр түрлі ситуацияларда, әртүрлі орындарда, әртүрлі жағдайларда... Сонда Әмірхан Балқыбектің сөзді айту үшін айтады. Ол арнайы бір аудиторияға бағыттамайды. Арнайы бір адресаты жоқ. Белгілі бір адамға айтпайды. Ол жай ғана айтқысы келеді. Осы нәрсені мен қаншама рет байқадым. Әңгіме айтып отырған кезде оны біреудің тыңдап отырғаны, біреудің ыржалақтап отырғаны, біреудің сөйлеп отырғанының маңызы болмайды. Ол өзінің қоңыр, аздаған қырылы бар даусымен айтады», –  дейді Ерлан Жүніс.