15 шіл, 2024 сағат 16:26

Америка үшін Трампқа қастандық нені білдіреді?

Коллаж: ult.kz

АҚШ президенттігінен үміткер, Ақ үйдің бұрынғы басшысы Дональд Трампқа оқ атылғаны әлемдік саяси аренаны дүр сілкіндірді. Сарапшылар АҚШ-та президенттер мен президенттікке кандидаттарға оқ ату дәстүрге айналып барады деп алаңдаушылық танытып жатыр.

Республикалық партияның беделді саясаткерлерінің бірі Тони Перкинс Трампқа жасалған қастандық барлығын өзгерткенін айтты.

«Біз қатыгез қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Оған етіміз үйреніп кете ме деген қауіп бар. Егер біз оған бей-жай қарасақ, бұл жалғаса бермек... Мен осы жағдай көп мәселеге қатысты «оянуға» себеп болады деп үміттенемін және дұға етемін... Тоқтайтын кез келді!», - деді Перкинс. 


Соңғы рет 1981 жылы АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейганға оқ атылып, Рейган ауыр жарақаттанған болатын. 

Bloomberg-тің жазуынша, АҚШ-та кейінгі президенттердің дерлігі қастандыққа ұшыраған. Құпия қызмет бұл әрекеттердің алдын алып отырған, тек олардың бірнешеуі ғана жарақатпен аяқталды.

Есте болса, АҚШ-та Авраам Линкольн, Джеймс Гарфилд және Уильям Маккинлиге қастандық Құпия қызметтің құрылуына себеп болды. Ал 1963 жылы Джон Кеннедидің өлімі АҚШ-ты ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, президент күзетінің одан әрі күшеюіне әкелді.

Құпия қызмет әлсіреді ме?

The Wall Street Journal экс-президент Дональд Трампқа жасалған қастандық Құпия қызметтің ең үлкен сәтсіздігі, бұл оқиға оны соңғы онжылдықта ең ауыр дағдарысқа әкеледі деп жазады.

Ал кейбір шенеуніктер Трамптың командасы агенттіктен Ақ үйдің бұрынғы басшысына қосымша қорғаныс беру туралы өтініштерін қабылдамады деп мәлімдегенін Bloomberg жазды. 

CNN-нің хабарлауынша, жиынға келген халық ғимараттың төбесінде қару ұстаған адам отырғанын көргенін және полиция елдің алаңдауышылығын байқап, ғимараттың шатырына шыққан. Алайда полиция қызметкері қарусыз болғандықтан кері қайтып кетуі мүмкін немесе күдіктіні байқамаған. CNN тіпті бұл Құпия қызметке де хабарланған деп отыр.

Федералды тергеу бюросы экс-президентке қастандық заңды түрде сатып алынған Ar типті жартылай автоматты мылтықтан жасалғанын, оқ атқан 20 жастағы Томас Мэттью Брукс жалғыз әрекет еткенін айтып отыр. ФБР Брукстың мотивтері әлі белгісіз дейді.

«АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты атуға жасалған әрекет кісі өлтіру әрекеті ретінде зерттелуде, «бірақ сонымен бірге ішкі терроризмнің ықтимал әрекеті ретінде қарастырылады», - деді ФБР терроризмге қарсы бөлімі директорының орынбасары Роберт Уэллс жексенбі, 14 шілдеде.


Ал Батлер қаласының аудандық прокуратурасы Дональд Трампқа жасалған қастандықта экс-президент тек «сызатпен» құтылғанын – кездейсоқтық деп бағалады.

Бұл Байден мен Трамптың «соғысы» ма?

Сайлаудағы болжалды басты қарсыласы Дональд Трампқа жасалған қастандықтан кейін АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде дауларды зорлық-зомбылық емес, дауыс беру арқылы шешетіндерін айтты.

«Менің отандастарым, бүгін мен сіздермен саяси өміріміздегі температураны төмендету қажеттілігі туралы сөйлескім келеді. Саясат ешқашан ұрыс алаңы болмауы керек», - деді Джо Байден 14 шілдеде.


BBC-дің орыс қызметі «Трампқа атылған оқ – Байденге тиді» деген Ресейдің саясаттанушысы Борис Постуховтың болжамын жариялады. 

BBC-дің жазуынша «Республикалықтардың шебіндегі саясаткерлердің кейбірі демократтарға қастандыққа қатысты дүйсенбі күні Трампты «нысананың ортасына қою» туралы мәлімдемесі жасаған Джо Байденнің өзіне жауапкершілік артып жатыр. 

«Байден науқанының басты алғышарты - президент Дональд Трамп - авторитарлық фашист, оны кез келген жағдайда тоқтату керек», -деп жазды Огайо штатының сенаторы Дж.Д. Вэнс, кейбір мәліметтер бойынша, Трамп жанындағы вице-президенттікке үміткер. «Бұл риторика президент Трамптың қастандығына тікелей әкелді».

Трамптың үгіт-насихат науқанының тең жетекшісі Крис ЛаСивита Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter):

 «Көптеген жыл бойы, тіпті бүгінгі күні солшыл белсенділер, демократиялық донорлар, тіпті Джо Байден де Дональд Трампқа оқ атқанын жиіркенішті мәлімдемелер жасап, сипаттады... Оларды бұл үшін жауап беруге шақыратын кез келді. Мұның ең жақсы әдісі - сайлау жәшігі арқылы», - деді. 


АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама да әріптесімен болған жағдайды сынға алды:

«Біздің демократияда саяси зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Нақты не болғанын әлі білмесек те, бұрынғы президент Трамптың ауыр зардап шекпегені бәрімізге жеңілдік беруі керек», - дей келе ол әйелі Мишель Обама екеуі Трамптың тез сауығып кетуін тілейтіндерін жеткізді.


Әлем президенттері Трампқа қастандықты қалай қабылады?

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың экс-президенті, болашақ президенттікке кандидат Дональд Трампқа оқ ату оқиғансын қатаң айыптап, Дональд Трамптың тезірек жазылып кетуін тілегенін жазғанбыз.

Сарапшылар АҚШ-тың басты бәсекелесі деп санайтын Қытай Халық Республикасының көшбасшысы Си Цзиньпин де көңіл айтып, болған оқиғаға алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. 

«Трамптан гөрі Байден жақсы»

Ал Украинаға соғыс ашып, әлемдік саяси аренада қатаң сынға қалған Ресей басшысы Владимир Путин Дональд Трампқа көңіл айтпауды шешіпті. Бұл туралы президент хатшысы Дмитрий Песков журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтыпты.

Бұған дейін Путин Ресей үшін Трамптан гөрі Байден жақсы, - дегенді айтқан.

«Ол тәжірибесі көбірек, болжауға келетін, ескі формадағы саясаткер», - деген болатын Владимир Путин журналист Павел Зарубинның сұрағына Джо Байден туралы.


Украина парезиденті Владимир Зеленский де болған оқиғаға өз пікірін білдірді:

«Мұндай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды!» - деп, демократияға қарсылықтың масштабы осындай деп бағалады.


Айта кетейік, жақында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа барып, соғысқа көмек сұраған. Ол өз мәлімдемесінде ресми Вашингтон Киевке қолұшын беріп жатқанына разылығын білдіріп, тағы да көмек күтетінін айтты.

Еске салсақ, сенбі күні жергілікті уақытпен кешкі сағат алтыда АҚШ президенттігінен үміткер, экс-президент Дональд Трампқа Пенсильвания штатындағы Батлер қаласында өткен сайлауалды митингісінде оқ атылған болатын. Оны күзетшілер бүркеп, мінберден алып кетті. Экс-президентке қастандық кезінде бір адам қаза болды. Оқ Трамптың құлағының шетін сырып кетіп, дереу ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға күдікті деп 20 жастағы Томас Мэттью Брукс ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ