Жуырда Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен Алматы қаласында ақын, журналист Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл еңбекке жас зерттеуші Д.Әлімақынның «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде жүргізген зерттеулері енген.
Автор бір жыл бойы АҚШ Конгресінің кітапханасы, Гельман, Шекспир, Лузер Киң атындағы қалалық кітапханада отырып, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді іздеді. Соның нәтижесінде Питтсбург, Америка, Нью-Йорк, Джорджтаун университеті сынды үлкен оқу орындарының ғылыми кітапханаларында сақталған еңбектерден қазаққа қатысты деректерді осы кітапқа топтастырған.
АҚШ-та жазылып, Алматыда жарық көрген бұл зерттеу еңбегі жуырда ғана Абай облысының әкімі болып тағайындалған Берік Уәлидің (Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы болып тұрған кезінде) алғы сөзімен ашылыпты.
Б.Уәли Америкадағы ағылшын нұсқадағы деректерді қазақша сөйлеткен Дүйсенәлі Әлімақынның бұл кітабындағы әрбір дерек біз үшін аса құнды екенін жеткізген.
«Қазақтың бай тарихы мен мәдениеті туралы құнды деректер әлемнің түкпір-түкпіріндегі архивтерде сақталған. Алайда бізге кейбір құнды деректердің мұхиттың арғы жағындағы алып Америка архивінде жатқаны – ұлтымыздың ғажайып бай мәдениетінің Батыс әлеміне де таныс болғаны деп түсінеміз. Бабаларымыз мекендеген ұлан-ғайыр далаға кім келіп, кім кетпеді?.. Олар кезімен көргенін көлемді кітaп eтiп жазып, жұмыр жердің бетінде ұшқан құстың қанаты талатын байтақ далада қазақ дейтін халық бар екенін шет жұрт оқырманына таныстырды.
Жас зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақынның «Америка ашқан қазақтар» атты бұл жинағы кезінде біз туралы том-том кітап жазған Батыс саяхатшылары мен ғалымдарының кітаптарындағы халқымызға қатысты деректерді бір арнаға топтастырып, жүйелеген еңбек. Жас зерттеушінің бұл кітабындағы әрбір дерек біз үшін аса құнды», – дейді Берік Уәли.
Автордың АҚШ профессорлары алдында "Америка архивтеріндегі қазаққа қатысты деректер" тақырыбында баяндама жасап тұрған сәті. Фото: Дүйсенәлі Әлімақынның жеке мұрағатынан
«Америка ашқан қазақтар» кітабы туралы қырғыз елінің Халық жазушысы, TURKSOY Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев та өз бағасын беріп, жылы лебізін арнапты.
«Бұл кітаптың біз үшін мағынасы мен мәні зор. Америка архивтеріндегі қазақ бауырларымызға қатысты деректерді бір жерге топтастырып, оқырманға ұсынған автордың осы еңбегі бағалауға тұрарлық», – дейді С.Раев.
Ал кітап авторының АҚШ-тағы жетекшісі, Джордж Вашингтон университетінің профессоры Питер Роллберг те ағынан жарылып, шәкіртін қазақ халқына қатысты тың тақырыпта жүйелі ізденген алғашқы зерттеуші депті.
«Дүйсенәлі Әлімақынның Вашингтондағы уақытында тың зерттеулер жүргізгеніне куә болдым. Ол қысқа ғана уақыт ішінде АҚШ пен Қазақстанның мәдени байланысының тарихын тың деректер арқылы зерттеді. Тіпті оны осында келіп аталған тақырыпта жүйелі ізденген алғашқы зерттеуші десек артық емес. Нәтижесінде, ол қазақ жеріне арнайы сапармен барған саяхатшылар мен ғалымдар жазып қалдырған сирек және құнды деректерді оқырманға ұсынып отыр. Оның бұл ізденісі екі елдегі оқырмандар үшін бағалы болатыны сөзсіз», – дейді Роллберг мырза.
Жалпы, ұлтымыздың төл атауы кезінде кеңестік жүйенің саяси салдарынан тарихи еңбектердің, зерттеулердің дерлігіне жуығында «қырғыз» деп аталғаны мәлім. Алайда шынайы тарихты алтын әріппен жазуда өз iciне адалдық танытқан ғалымдар да болды. «Америка ашқан қазақтар» кітабын парақтап отырып, осыған көз жеткіздік. Айталық профессор Жюль Брошерель 1902 жылы «Шотландия географиялық қоғамы» журналында жариялаған мақаласында халқымызды өз атауымен көрсетеді. Ал ағылшын қаламгері Деметриус Чарльз Де Кавана Боулгердің 1880 жылы жарық көрген кітабында Есет Көтібарұлына бір тарауды арнауы тегін емес. Kiтaптa осы секілді тың әрі құнды деректер көп кездеседі. Әсіресе, Батыс ғалымдары ұлтымыздың киім-кешек мәдениетіне ден қойып, сол кездегі қазақ қоғамын бейнелейтін суреттердің болуы да шын мәнінде қуанарлық жайт.
Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі, бұл еңбекке енген кейбір фотосуреттер еліміздің архивінде сақталмаған. Мәселен Жамбыл Жабаев пен комбайн тізгіндеген қазақ кызының суреті осы сөзімізге дәлел. Бұдан шығар қорытынды – біздің төл тарихымыздың ашылмаған парақтары әлі де көп екенін аңғарамыз.
Қысқасы, зерттеушінің бұл еңбегіндегі ұлттық тарихымызға қатысты деректер өткенімізге тың көзқараспен қарап, ұлт ретіндегі болмысымызды тереңірек таныта түсері хақ.
Осылайша, кітап авторы Вашингтон кітапханаларын тынбай аралап, көз майын тауысып, алпауыт Американың архивтеріндегі қазаққа қатысты деректерді жинақтау арқылы еліміздің рухани қоржынын толықтыруға қомақты үлес қоса алды. Бір сөзбен айтқанда бұл зерттеу еңбегі тарихымыз бен мәдениетіміздің кешегі күнгі келбетін бүгінгі ұрпағымызға ұқтыруға арналған бірегей туынды.
Автордың өзінің айтуынша, бұл тақырыппен ол 2018 жылдан бері үздіксіз айналысып жүр. Бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етіп жүрген кезінде батыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ даласы туралы, жалпы қазақтар жайында жазған деректерін іздеп, кейбірін Конгресс кітапханасынан алып, мақалалар жазып жүрген.
«Кейін «Егемен Қазақстан» газетіне келген соң да бұл бағыттағы зерттеуімді тоқтатпай, оқырманға біраз материал ұсындым. 2023 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетіне біржылдық тағлымдамадан өтуге барғанымда бұл зерттеу тақырыбымды Вашингтон қаласындағы кітапханалар мен архивтерде жалғастырдым», – деген автор бір кітапқа жүк болар осыншама деректі табу, оны жүйелеп, қағазға түсіру, зерттеушілік тұжырым жасау оңайға түспегенін де жасырмады.
Оның үстіне кейбір кітаптардың тұрақты іздеушісі болмағандықтан оларды қала сыртындағы арнайы қойма-кітапханаларға апарып тастаған. Ал ол кітаптар тапсырыс берген сәттен шамамен он күннен кейін қолыңа тиеді. Өйткені көне дүниенің оқырманның денсаулығына зияны тиіп кетпес үшін кітапты барынша шаңнан тазартып, залалсыздыруға да уақыт кетеді екен.
Әйтсе де АҚШ кітапханаларындағы жүйелілік, қызмет көрсету сапасының жоғарылығы зерттеу жұмыстарымен құштарлықпен айналысуға мүмкіндк сыйлаған.
«Ондағы кітапханалар кәдімгі үлкен сарай сияқты. Жан-жақты мүмкіндігі жоғары. Инфрақұрылымы, қызмет көрсетуі, оқырмандармен байланысы, қысқасы барлық қырынан өте керемет деңгейде ұйымдастырылған. Мен көбіне ғылыми кітапханарға бас сұқтым. Ондағы қызметкерлер саған керекті кітапты барынша тауып беруге атсалысып, бұл тақырып олар үшін де маңызды екенін айтып, қолдан келгенше көмектесуге дайын тұрады. Мысалы Вашингтондағы бір кітапханаға барғанымда ондағылар маған 1700 жылдан бастап шыққан кітаптар сақтаулы екенін айтты. Мүмкін солардың ішінде қазақтарға қатысты деректер бар шығар деп, бүкіл сөрені ақтарып тастап, маған солай көмек көрсеткен. Осындай жағдайдың өзі ізденушіге кәдімгідей шабыт беріп, құштарлығыңды одан әрі арттыра түседі. Өздері де жаны қалмай жұмыс істейді», – дейді кітап авторы Дүйсенәлі Әлімақын.
Кейіпкеріміз бір ғана Вашингтондағы кітапханаларда сақталған 70-тен астам кітаптан қазаққа қатысты деректерді қоржынына салған. Оның ішінде ұлтымызға қатысты 7 диссертациялық жұмыс та бар.
Жасұлан Бақытбек