Фото: depositphotos.com
Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қазір студенттер тұрып жатқан қалалық жатақханалардағы орын тапшылығы және оларды орналастыру мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Қырықбаевтың мәліметінше, қалада 199 мың студент оқиды, оның 124 мыңы - басқа өңірден. Жатақханаларда тұруға 60 мыңнан аса студент өтінім берген, оның 33,5 мыңнан астамы жұмыс істеп тұрған жатақханаларға орналастырылды, яғни 50 пайызы. Қалғандарының тұруы үшін ЖОО-лар жеке жатақханалар, қонақүйлер мен студенттік хостелдерді тартып, онда 10 мың адам орналастырылған. ЖОО-лар ресми тіркелген 23 хостелмен өз студенттерінің тұруы туралы меморандумға қол қойған, қазір оларда 3284 студент тұрады. Алайда кейбір студенттер басқа хостелдерде, соның ішінде заңсыз хостелдерде тұрған.
"Алматыда тек ресми деректер бойынша 200-ге жуық хостел бар, оның 23-імен меморандумдар жасалған. Яғни, хостелдердің тек 10 пайызы ғана ЖОО-лармен жұмыс істейді, олар бойынша оқу орындары тарапынан кем дегенде қандай да бір бақылау туралы айтуға болады. Бұл ретте, олар студенттеріне бұл жерлерде тұруға тек кеңес беретіндігі туралы айтып отырмыз. Студенттер кәмелетке толған азаматтар және олар қалаған жерде тұруға құқылы. Бұл - халықтың өте мобильді санаты. Адам жатақханада немесе хостелде бір ай тұрады, содан кейін басқа жерге көшеді, өйткені ол университетке жақын немесе достары сонда тұрады. Неге студенттер дәл осы хостелде тұрғанын айту қиын (өрт болған жерде - еск.). Ондағы баға, негізінен, студенттерге ұсынылатын басқа жатақханалармен бірдей болды. Біз студентті бір жерде өмір сүруге міндеттей алмаймыз", - деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Оның айтуынша, жатақханалардағы жыл сайынғы орын тапшылығы шамамен 32-35 мың орын болады. Президент бұл мәселені шешу міндетін қойды. Осы мақсатта студенттік жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі іске қосылды.