01 ақп, 2022 сағат 22:17

Алматыда жазықсыз қамалған 36 адам, оның ішінде екі бала бостандыққа шықты


Елімізде «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылды. Бүгін Алматыда комиссия мүшелері оның мақсаты мен жұмысы жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аманат» қоғамдық комиссиясының және Ұлттық кеңестің мүшесі Уайс Ерсайынұлының айтуынша, комиссияның мақсаты - қаңтар оқиғаларынан кейін қамауға алынған кінәсіз азаматтардың бостандыққа шығуына көмектесу. 

«Алматыда қаңтар оқиғаларынан кейін көптеген жазықсыз адамдар ұсталып, қамалып жатыр. Бұл жайт қазақстандықтардың жанына қатты батты. Сондықтан біз өз бастамамызбен «Аманат» қоғамдық комиссиясын құрдық. Біз халықтың үлкен аманатын арқалап отырмыз», - деді Уайс Ерсайынұлы.

Қоғамдық комиссияның төрағасы Абзал Құспанның айтуынша, көпшілік ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы бойынша істі болғандарды босатуды сұрап отыр. 

«Мен Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3 бөлімнен тұратынын түсіндіргім келеді. 272-баптың 1-бөлімінде - ұйымдастырушыларға, 2-бөлімінде - қатысушыларға, 3- бөлімінде - араңдатушыларға жаза көзделген. Біз 272-баптың 2-бөліміне баса көңіл бөліп отырмыз, себебі, көп жағдайда белгісіз ұйымдастырушылар мен арандатушылардың сөзіне еріп, абайсызда арандап қалған азаматтар «қатысушылар» болып саналады», - деді Абзал Құспан.

Сондай-ақ, оның айтуынша, комиссияның араласуымен Алматыда бір апта ішінде 36 адам бостандыққа шықты

«Шығарылған 36 адамның тең жартысы - жаралылар. 36 адамның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар. Біздің тізімде бостандыққа шығуы тиіс тағы 3 бала тұр. Жалпы, біз жаралылар түгел босатылуы керек деген ұсыныс айтып жатырмыз», - деді ол.

Комиссия мүшесі, адвокат Мәди Мырзағараевтың айтуынша, қамауда отырған әйелдер, 18-ге толмаған балалар, жарақат алғандар, тонау мен ұрлыққа қатыспаған, бейбіт шеруге шыққаназаматтардың қоғамға ешқандай қаупі жоқ.

«Олар қылмыскерлер емес, себебі, олар қаланы тонауға қатысқан жоқ. Демек, оларды қоғамға қауіпсіз деп санап, тергеу аяқталғанға дейін бас бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыру қажет деп санаймыз. Біз құқық қорғау, прокуратура органдарының алдында осы мәселені қойып отырмыз. Себебі, жазықсыз жандардың бір күн болса да абақтыда артық отыруы олар үшін азап»,- деді адвокат Мәди Мырзағараев.

Сондай-ақ, ол «Аманат» комиссиясының атын жамылып, тергеу изоляторының жанында белгісіз бір топ адамның жүргенін айтты. 

«Олар қамауда отырған азаматтардың ата-аналары мен туыстарына «біз Аманат комиссиясынанбыз, мүшелеріміз» дейтін көрінеді. Олар мұны қандай пиғылмен, не мақсатпен айтып жатқаны бізге белгісіз. Сол үшін азаматтарды сақтандырғымыз келеді. Себебі, қазіргі сәтті пайдаланып, өзінің бас пайдасын ойлайтын адамдар табылуы мүмкін. Мен «Аманат» комиссиясының жұмысы тегін, ақысыз, бізге ешқандай марапат, сыйақы керек емес екенін еске салғым келеді. Егер біреу «Аманат» комиссиясының мүшесімін, сізге көмектесем, жақыныңызды, туысыңызды шығарып берем» деп ол үшін ақша, сыйлық сұрап, дәмететін болса, оларға алданып қалмаңыздар», - деді ол.

Абзал Құспанның айтуынша, комиссия алдағы уақытта ел өңірлерін аралауға шығады.

«Семей қаласына Алматы қаласының тұрғыны, белгілі заңгер Ерлан Қалиев бүгін жетті. Ол прокуратура органдарымен бірлесе комиссия атынан сонда жұмыс жасайды. Басқа өңірлерге өзіміз барып, барлық жағдаймен танысып, жұмыс жүргізетін боламыз. Біз 200 адаммен жеке кездесіп және олардың іс материалдарын қарастырудамыз. Бірақ әлі қарап үлгермеген материалдар да бар. Өңірлерді аралап болған соң, Алматыға қайта ораламыз. Біз тек қылмыстық істермен ғана айналысудамыз», - деп қорытындылады ол.