13 мау, 2023 сағат 14:45

Алматыда заңсыз криптовалюта айырбастаумен айналысқан кәсіпкер анықталды

Фото: © Sputnik / Владимир Астапкович

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері цифрлық активтердің айналымы саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметті тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Алматы қаласының тұрғыны 2019-2022 жылдар аралығында криптовалюта айырбастаумен айналысып, сол арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді заңсыз айналымға түсіріп, ірі көлемде кіріс алған.

Тергеу барысында интернет-ресурс тіркеусіз және қаржылық қызмет көрсетуге лицензиясыз түрлі криптовалюталарды сатып алу-сату қызметтерін көрсеткені анықталды" - делінген хабарламада.

«Binanсe» крипто-әмиянына түскен қаражат көлемі 693 мың долларды немесе шамамен 310 миллион теңгені құраса, ал 2020-2021 жылдардағы жеке кәсіптің жалпы жылдық кірісі 94 млн теңгеге жуық соманы құраған.

Сот жеке кәсіпкерді кінәлі деп танып, айыппұл төлеу жазасын тағайындады.