04 жел, 2023 сағат 21:30

Алматыда ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті



Алматыда Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Еліміздің әр аймағы мен Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Бельгия, Британия, Нидерландтан келген журналистер үш күндік шараның алғашқы күнінде Шымбұлаққа шығып, табиғатына тамсанып, Медеуге барып коньки теуіп, таудың таза ауасымен тыныстап, қаланың туристік мекендерін аралаудан басталды, 

  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Келесі күні журналистер медиа форумы аясында «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында семинар-треннигке қатысты. Белгілі психолог Жания Бейсенованың «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбында ой қозғады.




Атап айтқанда, «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбы бойынша медиатренер Жания Бисенова жан-жақты түсіндіріп, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Семинар тренниг барысында қатысушылар бір-бірімен қызу пікір алмасты. Сонымен қатар «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» туралы да топпен тәжірибелік жұмыс қызықты өтті. Ал медиатренер Мейіржан Әуелханұлы жүргізген «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» тақырыбы бүгінгі XXI ғасырда өте өзекті болғандықтан, қатысушылардың қызығушылығын ерекше арттырды. Тәжірибелік жұмыста түрлі сұрақтарға жауаптар берілді. Қатысушылар сурет пен видео өңдеуде де көп нәрсені көңілге түйді. қатысушылардың бұл тақырыпқа қызығушылығы зор екені байқалды.

Семинар-тренинг барысында қатысушылары бейне материалдар арқылы берілген психологиялық тапсырмаларды талдап, топтық және жеке жұмыстарды істеді. Одан бөлек, бүгінгі күні танымал, әрі сұранысқа ие технология – жасанды интеллектпен жұмыс істеу, тәжірибеге енгізуді үйренді.




Форум алдында гала-банкет ұйымдастырылып, «Еркін сөз – 2023» және «Әлеумет қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз» шығармашылық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» номинациясын Гүлнәр Тайжан, «Үздік мақала» номинациясын Құндыз Қабылденова, «Сайттағы үздік мақала» номинациясын «Айқын» сайтының тілшісі Жадыра Мүсілім иеленді. Жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды.

Сондай ақ Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы сыйлықпен Әділет Қанат, Айнұр Сыдықова атындағы арнайы сыйлықпен Қалқаман Нұрлыхан, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықпен Алтынай Жетпісбаева марапатталды.

«Түркітілдес журнаилстер қоры» ҚҚ Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында отандық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылатын байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.

Ал әлеуметтік саланы дамытуға үлес қосып жүрген жобаларды елге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Әлеумет – Қоғам айнасы» байқауынан жеңімпаз атанған үш журналист Қалмұрат Дәулетбаев 3 орын,  Ақбота Мұсабек 2 орын, Эльмира Жүрсінбекқызы 1 орынды иеленді.




«Мақсатымыз – түбі бір түркі елдерін жақындастыру» деген Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі екенін айтты.

Оның айтуынша, медиа форумының атауын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атауының бірнеше себебі бар. 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.

«Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», деді қор басшысы.

Форум спикерлері мен қатысушылары Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолдарын қарастырып отырып, ортақ жобалар жасауды кеңесті.

Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр.

«Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистердің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Қазақтың «бөлінгенді бөрі жейді» деуі тегін емес. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын. Біз, қазақ журналистер, түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға күш салайық», деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Журналистика шекараға бағынбайды, Түркі елдерінің медиасын дамыту үшін онлайн журналистиканың мүмкіндіктерін пайдалану қажет деген белгиялық журналист Юсуф Джинал өз ұсыныстарын білдірді.

«Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар сонымен қатар ақпарат жеткізушілер де болатын. Біз журналистер ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен өзім Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етеміз. Өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі Түркі мемлекеттері үшін жүрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте ол үшін өзіміздің қарым қабілетіміз бен білім біліктілігімізді біріктіруіміз қажет. Мысалы, Алматыда отырған бір журналист Еуропаның кез келген еліндегі медиада жұмыс істей алады. Яғни маңызды ақпараттарды, түркі елдеріне ортақ құндылықтарды насихаттай аламыз. Алдағы уақытта Түркі тілдес журналистері қорымен бірлесіп Еуропадағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге бірқатар жұмысты қолға аламыз. Мұндай жобаларды Түркиядағы әріптестермен бірлесіп жасап жүрміз, ендігі кезек Қазақстанда», – деді Юсуф Джинал.

Оның пікірінше, Түркі мемлекеттерінің БАҚ-тарында бірлесіп, жұмыс істеу үшін көп мүмкіндік бар. Мәселен, бауырлас елдер медиа нарығына қажетті  кадрларды даярлап, тәжірибе алмаса алады деп есептейді.

Еске сала кетейік, «Turktime: түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» тақырыбына  ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының ұйымдастырушылары «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі «Шеврон» компаниясы.  Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысты.