05 ақп, 2021 сағат 15:29

Алматыда ЕЭК жұмысы қорытындыланды: 2021 жылы ЕАЭО елдерінің экономикасы 3,2% өседі

Премьер-Министр Асқар Мамин мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Премьер-министр Асқар Мамин Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалық етуді 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылдағанын тағы бір мәрте атап өтті. 

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО мүше-мемлекеттеріне негізгі басымдықтар айтылған үндеу жолдады. 

«Құжат ЕАЭО-ның құрылған мерзімі аралығында қалыптасқан жаңа мүмкіндіктері мен экономикалық-әлеуметтік мәселелерді ескере отырып жасалды», - деді А.Мамин.

ЕАЭО органдарына төрағалық ету Қазақстанның кәсіпорындарына жаңа серпін береді. Ынтымақтастықты арттырып, өзара саудадағы кедергілерді жойып, трансшекаралық көлік артериясының әлеуетін толығымен пайдалануға, кешенді цифрландыру және сыртқы нарыққа шығу аясын кеңейтеді. 

«Еуразиялық экономикалық комиссия осы бастамаларды іске асыру бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның 15-і негізгі міндет, 84-і шара», - деді Асқар Мамин.

Еуразиялық Экономикалық Комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович жиында ЕАЭО елдерінің экономикасы үшін өте маңызды шешімдер қабылданғанын айтты. 

«Алдын ала мәліметтер бойынша, 2020 жылдың соңында жалпы ішкі өнім біршама төмендейді деген болжам бар. Нақты деректер кейінірек шығады. Әзірге ол 3,9% құрайды. Сонымен қатар, 2021 жылы жағдай жақсарады. Одақ елдерінің экономикасы кемінде 3,2% өседі деп жоспарлап отыр. Бұл үрдіс жалғасатыны сөзсіз. Осылайша, 2025 жылға дейінгі даму стратегиясындағы көзделген мақсат орындалуы керек», - деп қортындылады Мясникович.