13 жел, 2024 сағат 13:14

Алматы облысының әкімі Талғарда болған қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді

Фото: ОҚК

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шерзат ісі бойынша айтты, -деп хабарлайды ult.kz.

Журналистің Талғарда болған қайғылы жағдайды бақылауда ұстап отырсыз ба деген сұрағына әкім жауап берді:

"Бұл қайғылы оқиға болғандықтан, ол жанұяға көңілімізді айтамыз. Жалпы бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары толық өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда бұл Бас прокурордың және министрдің жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені, сабырлық сақтап, құқық қорғау орғандары берген мәліметтерге сену. Өйткені олар қазір ашық түрде жұмыс жасап жатыр", -деді Марат Сұлтанғазиев Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте.


Ал полицияның күзетінде болған Шерзаттың отбасы мүшесі Нұрқанаттың қайтыс болуына байланысты әкім полицияның өз жұмыс істеу регламенті бар екенін айтты. 

Әкімнің сөзінше Талғарда 250 мың адам тұрады және бұл аудан елдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан елді-мекен. Ал қылмыс жағдайы бойынша:

"Ұйымдасқан қылмыс болуы үшін ол топ болуы тиіс, мақсаты болуы керек деген сияқты белгілі бір нышандары болады. Бірақ  Құқық қорғау органдары ондай белгілері жоқ дейді. Сол аймақтың әкімі, сол аймақта туып-өскен азамат ретінде ондай  заңмен қаралған ұйымдасқан қылмыс жоқ және оны құқық қорғау органдары растайды", -дейді әкім.


Еске салсақ, Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні Қаржаубай Нұрымовтың дүкенінде тұтынушымен Шерзат арасында келіспеушілік туындайды. Оның арты жанжалға жалғасады. Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, оқиға орнында оның әкесі мен ағасы да соққыға жығылған. 16 жастағы Шерзат пышақталып, басына мылтықпен тиген соққыдан ауыр жарақат алады. Әкесі Шерзатты ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

10-12 қазанда Қайғылы жағдай аясында Шерзат Полаттың отбасының үйі өртенді. Бұл жағдай қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жағдайды бақылауға алып, өртенген үйді қалпына келтіруге уәде берді. 

9 желтоқсан күні полицейлер Талғар шетінен ер адамның денесі табылғаны туралы ақпарат таратты. Ол Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті болып шықты.

Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов інісін жерлеу рәсімінен кейін өзін агрессивті ұстады деген ақпарат желіде желдей есті. Ресмилер оның ұсталғаны туралы хабар таратты. 


Оқи отырыңыз: "Талғар трагедиясы биліктің беделіне нұқсан келтіріп, жүйенің әлсіздігін әшкерелеп отыр" - Досым Сәтпаев