Бүгін Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов жұмыс сапарымен Алматы облысына келіп, облыс әкімі Амандық Баталовпен ресми кездесу өткізді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігінің фойесінде облыс экономикасының басым бағыттары мен Талдықорған қаласын дамытудың Бас жоспары көрсетілген стендтер орнатылды. Ресми делегацияға облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриаландыру, инвестиция тартудың негізгі көрсеткіштері және өңірді дамыту бағдарламасының орындалу барысы таныстырылды.
Кездесуді облыс әкімі Амандық Баталов ашты. Ресми делегацияны таныстырғаннан кейін, өңір басшысы Алматы облысына келу туралы ұсынысын қабыл алғаны үшін Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановқа алғысын білдірді.
- Бізбен ынтымақтастық құру туралы білдірген ниетімізді қабыл алғандарыңыз бізді қатты қуантады. Біз Сіздерден өнеркәсіпті дамыту, жаңа технологияларды енгізу тұрғысындағы тәжірибелеріңізді өзімізде қолданғымыз келеді. Қант қызылшасын өсіруді жаңғырту - Жетісу өлкесі үшін басым бағыттардың бірі болғандықтан, осы бағытта біз жұмыла жұмыс жүргізудеміз. Сол себепті сіздердің осы бағыттағы тәжірибелеріңіз бен технологияларыңыз бізді қызықтыратындығы анық. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының Халықаралық орталығы (ШЫХО) арқылы «Құрғақ порт» трансұлттық жобасының мүмкіншіліктеріне негізделіп, Татарстан мен Алматы облысының кәсіпкерлері арасында әріптестіктің тығыз байланысын орнатқымыз келеді. Тағы бір атап өтуге тұрарлық мәселе – біздің өңірімізде барлық қажетті инфрақұрылымы жүргізілген индустриалды аймақтар бар. Бұл да бизнесті дамыту мен инвестиция тартуға септігін тигізер игі ісіміз, - деді А. Баталов.
Осыдан кейін сөз алған Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов шақыру ұсынғаны үшін өңір басшысы Амандық Ғаббасұлына алғысын білдіріп, екі жақты тиімді әріптестік құру мәселелеріне тоқталды.
- Біз «Қорғас» ШЫХО мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА нысандарының мүмкіндіктерімен танысуға үлкен қызығушылық танытудамыз. Біз үшін еркін экономикалық аймақтың жұмысымен танысу, қандай бағыттар бойынша бірлесіп жұмыстар жүргізуге болатындығын анықтау, отандық өнімдерімізді Қазақстан аумағы арқылы өзге мемлекеттерге өткізу мүмкіндіктерін қарастыру маңызды болып тұр. Алматы облысында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде көптеген балабақшалардың ашылып жатқандығын ерекше атап өткім келеді. Бұл тәжірибелеріңіз біздерді қызықтырды. Одан бөлек, Жетісу өңірі майбұршақ пен жүгері өндіру бойынша алдыңғы қатарда екендігін ескерсек, біз үшін осы өнімдерді өсірудегі сіздердің тәжірибелеріңіз қажет. Жалпы Татарстан мен Алматы облысы арасында ауылшаруашылығы бағытында жолдары қиылысар тұстардың өте көп екендігін және оны қос тарапқа да тиімді пайдалануға болатындығын байқадым. Жетісудың әсем табиғатын айтпай кетпеске болмас. Сіздердің табиғи-климаттық жағдайларыңыз бәсекелестеріңіздің алдында сіздерге басымдық беретіні сөзсіз, - деп атап өтті Рустам Минниханов.
Өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылағаннан кейін, қос тарап кездесуді Тіл сарайында жалғастырды. Онда Татарстан Президенті Алматы облысының татар этномәдени орталығының өкілдерімен кездесті. Кездесудің ерекше сәті деп Татарстан Президентінің облыс әкімі Амандық Баталовқа Әріп Тәңірбергеннің «Біржан Сал мен Ақын Сара айтысы» атты қолжазбасының көшірмесін табыстауын атап өтуге болады. Осылайша қазақстандық татар қауымдастығының ертеректе айтылған аманаты орындалды.
Кездесу соңында ресми делегация Панфилов ауданына жол тартып, онда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының Халықаралық орталығы (ШЫХО) нысандарын көріп қайтты.