Қазақтың кең-байтақ даласының қай өңіріне де кие қонған, құт дарыған. Әйткенмен, Түркістанды тұтас түркі жұрты атамекеніміз деп, Ұлы дала, Қазақ хандығының тарихи ордасы болған деп таниды. Елбасының осы өлкені «Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деп атауында айрықша мән бар. Мұнда қазақ халқының келешегіне қатысты талай тағдырлы тарихи шешімдер қабылданғаны белгілі.
Елбасы тәуелсіздік жылдары Түркістан қаласының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. «Түркістан ежелден келе жатқан біріктіруші функциясынан жаңылған емес және түркі тілдес елдерді біріктіруші тірек болып табылады» деп Елбасымыз ерекше екпін берген қаламыздың тәуелсіздік жылдарында ажары ашылып, әлеуеті едәуір арта түсті.
Соңғы жылдары көрсетілген әлеуметтік қолдаулар арқасында мұнда көптеген мектептер мен балабақшалар, медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілді. Біздің қала халқы Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Тұрғын үй құрылысы», «Мәдени мұра», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы–2020», «Рухани жаңғыру», «Өңірлерді дамыту» іспеттес мемлекеттік бағдарламаларының игілігін молынан көріп келеді. Осылайша Түркістан Елбасының қамқорлығы, облыс басшылығы қолдауының арқасында өндірісі өркендеп, тұрмысы оңалған өлкеге айналды.
Осындай елеулі жұмыстардың ішінде еліміздің рухани орталығына айналған Түркістан қаласы тұрғындарының өмір сүру сапасы жыл сайын айтарлықтай жақсарып келеді деп толық сеніммен айта аламын.
Сонымен бірге, өткен 2017 жылы Түркістанның түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғаны қаламыздың одан әрі түлей түсуіне жол ашты. Олай дейтін себебім, республика және облыс деңгейінде Түркістанды көркейтуге ерекше қолдау көрсетілді.
Осы мәртебелі жылдың құрметіне орай өткен жылдың соңында «Түркі бағы» аллеясы ел игілігіне берілсе, биыл бауырлас халықтардың ынтымағы мен бірлігін ту еткен бұл аллеяда мазмұнды монументтің бой көтергенін айта кетуіміз қажет.
Сонымен бірге, «Рәміздер алаңы» да қала тұрғындарының саялы әрі мағыналы демалыс орнына айналды. Әрбір азаматтың бойына рухани жігер беретін алаңда биіктігі 62,5 метрді құрайтын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орнатылып, Елтаңба мен Әнұран мәтіні жазылған. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бейнелер мен аталы сөздер жазылған «Рәміздер аллеясы» қаланың рухани келбеті ретінде бой түзеді.
Биыл өңір халқының қуанышын еселей түскен табысты да ерекше тарихи жыл болды. Елбасымыздың пәрменімен қасиетті Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі бұйырып, Түркістанды түлетуге деген ықылас пен ниет еселене түсті, бүкіл әлемнің назарын аударған Түркістанда Елбасының ұлы арманы болған жаңа бастамаларына үлкен бетбұрыс жасалды.
Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы болып жарияланған күннен бастап шаһарымызға деген көзқарас ерекше. Соның бастысы, Мемлекет басшысының осы аймақты дамытуға байланысты жауапты тұлғаларды қабылдауы Түркістанға деген шынайы қолдау десек, Елбасының биылғы Түркия төріндегі сапарында Түркістан облысының мәселесін назардан тыс қалдырмауы біздің жарқын болашағымыздың айғағы. Және де түркі жұрағатының тамырына нәр беріп, түркі әлемі мойындаған қара шаңырағына айналдыру жолындағы түркілердің ұлы арманын іске асыруға деген нақты әрекеттің көрінісі дер едім.
Елбасының таяудағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты туындысында Түркістанды түлетуге тікелей тоқталуын байламды істердің тағы бір бастауы десек болады.
Ал, мәртебесі мен мерейі артқан Түркістанды көріктендіру мен абаттандыруға соңғы 5-6 айдың ішінде көп күш жұмсалды, ілкімді істердің көпшілігі әкімдік бастамасымен жүзеге асырылды.
Бүгінде қаладағы «Отырар» шағынауданында құрылыс жұмыстары қызған. Осыдан екі жыл бұрын 4 гектарға 10 үй тұрғызудан басталған шағынауданның құрылысы биыл тағы да 10 гектарға ұлғайды. Таяуда құрылысы басталған 26 үйді келер жылы наурыз айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің аулаішілік инфрақұрылым, абаттандырылу жұмыстары да қолға алынған. Тұрғындардың мектеп, балабақша мәселелерін шешу үшін 900 орынды мектеп құрылысы бой көтерсе, 200 орынды балабақша мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша салынып, жуырда пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы аясында да тұрғын үйлер салу қолға алынуда.
Ал, алдағы жылы аталған шағынауданның көлемін тағы да 42 көпқабатты тұрғын үймен ұлғайту көзделуде. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған 8 мыңнан астам тұрғынның мұқтаждығын жеделдетіп шешу мүмкіндігі түбегейлі қолға алынуда.
Соңғы уақытта қаламызға келуші қонақтар мен саяхатшылардың қатары да күн санап артып отыр. Сондықтан да сырттан келген қонақтар мен жергілікті халықтың демалуына ыңғайлы саялы бақтар мен аллеялардың қатарын көбейту, қаланы көріктендіру жұмыстары кезек күттірмейтіні сөзсіз. Мәселен, «Түркі бағы» мен «Рәміздер алаңы» әуелгі кейпінен ерекше өзгеріп, жаңаша рең алса, қаланың Кентау бағыты кіре берісіндегі 14 гектар жерге орналасқан «Парасат» саябағы абаттанып, заманауи демалыс кешеніне айналды. Бұл саябақ облыс көлемінде архитектуралық құрылысы жағынан алдыңғы қатарлы демалыс орындарының бірі десем артық айтқандық емес. Себебі, мұндағы соңғы үлгіде орнатылған жарық бағаналары мен аркалар, субұрқақтар мен тренажер, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары, веложолдар және концерт алаңы демалушыларға қолайлы жағдай туғызады деп айта аламын. Ең бастысы, саябақты суландыру жүйесі толығымен автоматтандырылған.
Сонымен қатар, «Жеңіс» саябағына 162 288,26 мың теңге бөлініп, қайта күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта саябақтағы аттракциондардың қатарын қаланы биіктен тамашалауға болатын айналмалы дөңгелек (колесо обозрения) аттракционмен толықтыруды жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы көлік қозғалысы күрделі деп саналатын О.Жарылқапов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының және Қызылорда тас жолы мен Төле би көшесінің бойындағы ирригациялық арықшалар мен жарықтандыру жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, соңғы жарты жылда қала ішіндегі 20-ға жуық көшенің бойына аяқжолдар салынып, жарық шамдар қойылып, абаттандырылды.
Қаладағы шағынаудан тұрғындары үшін 16 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балалар алаңшалары, демалыс шатырлары, футбол алаңдары, аула тренажерлары мен воркауттар орналастырылды.
Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлылық сыйлау үшін барлық бағыттағы абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Мәселен, қаланы жаппай жасыл аймаққа айналдырып, көгалдандыру мақсатында кіре беріс қақпадан бастап, басты даңғылдың өн бойы мен қаланың тұрғындар демалатын, жаяу жүретін аймақтарының барлығына 100 мыңнан астам түп ағаш отырғызылып, оларды суландыру, көгерту мақсатында 50 метр тереңдікте арнайы құдықтар қазылуда. Осылайша қаланың барлық аумағында 40-қа жуық құдық қазылып, суландыру жүйесін тамшылатып суару тәсілімен және автоматтандырылған жүйеге қосу бойынша жұмыстар атқарылуда.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қаладағы Гаухар ана, Ш.Ниязов, Мыңбасы, Сайрам және Хандәулет, Жамбыл көшелеріне орналастырылған 130-ға жуық күн сәулесінен қуат алатын көше шамдары бүгінде қоршаған ортаға зиянсыз деп танылып, экономикалық жағынан да тиімділігін көрсетті. Осы аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың қатарында «Отырар» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауызсу, электр қуаты және жылу жүйелеріне автоматтандырылған есептеу құрылғыларын орнату жұмыстарын да атап өтуді жөн санаймын.
Түркістандағы автокөлік жолдары мен ішкі көшелерді жөндеу жұмыстары назардан тыс қалған емес, оның үстіне соңғы уақытта көлік қозғалысы да еселене түсті. Қала ішінде 875 көше, 764 шақырым жол бар болса, 2018 жылы жол саласын дамыту және қала көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 1 172,4 млн. теңге бөлінген. Осы қаржыға 22 көшеге орташа, 21 көшеге ағымдағы жөндеу және 39 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланып, олар өз кезегімен іске асырылуда. Алайда, көлік қозғалысының жиілеуі, автокөліктердің уақыт өткен сайын көбеюі бұл жоспарларымызды алдағы жылдары бірнеше есеге арттыратыны сөзсіз. Осы орайда келер жылдары қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу (90 шақырым құрайтын 55 көшені) және 23 шақырымды құрайтын басты көшелерін кеңейту, Түркістан қаласына Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан кіретін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды толықтай күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру, жол белгілері мен көше қиылыстарына арка орнату үшін және көше атауы сілтемелері мен жол белгілерін орнату жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 92 737 мың теңге қаралып, жоспарланған жұмыстар межеленген мерзімде аяқталды. Ал, бұған қоса қаладағы көлік қозғалысын реттеу мен жүйелеуде қоғамдық көліктердің көпшілігіне (21 қоғамдық көлікке) GPS құрылғысы қойылып, қозғалысты арнайы құрылғылар арқылы бір жүйемен бақылау жүзеге асырылуда.
Түркістан қаласының бас жоспары бекітілген соң құрылыс жұмыстарының қарқын алатындығы ақиқат. Дәл қазіргі уақытта жергілікті әкімдік тарапынан келешекте түсетін құрылыс нысандарына жер дайындау мақсатында бағалау және сәулеттік жоспарлау жұмыстары қызу әрі қарқынды жүруде. Тарихи шаһарды Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның рухани орталығы бағытында жандандыру көзделіп отыр. «Мұнда бой көтеретін ғимараттардың барлығы ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтеретін болса, ол Түркістан болмақ» деп Елбасымыздың өзі нақтылаған болатын. Жалпы Түркістан қаласының келешектегі Бас жоспарын жасауда қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі деп жобалап отырмыз. Біріншісі – «Тарихи аймақ» бағыты. Ол бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысан реставрацияланбақ. Екінші бағыт – «рухани-мәдени орталық» аймағы. Бұл жобаны 98 гектар жерде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жерлерге түсетін 12 құрылыс нысанының орны анықталды. Ол аймақта «Қазақстан-Назарбаев» және «Түркі әлемі» орталығы, «Қазақстан хандары мен билерінің орталығы», Қожа Ахмет Ясауи музейі, амфитеатр, Шығыс базары, Шығыс моншасы секілді құрылыстар түседі деп жоспарлануда. Ал, үшіншісі – әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы. Оның аумағы 700 гектарды құраса, бүгінде оның 270 гектарына түсетін құрылыс нысандары белгіленді. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бөлек, басқармалар мен департаменттер ғимараты, Астана алаңы, Конгресс Холл, Медиа орталық, сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайлары, спорт, мәдени кешендердің құрылысы сынды басты-басты 18 нысан мен тұрғын үйлердің құрылысы түседі деп күтілуде. Осы аталған жоспарларға сәйкес қазан-қараша айларында халықаралық архитекторлар конкурсы жарияланған болатын. Оған 32 елден 353 ұсыныс түсіп, оның 245-і қабылданса, одан 42 концепция іріктелді. Әрине, бұл аталған жоспарлар болашақ Түркістанды рухани-мәдени тұрғыдан және облыс орталығы ретінде дамыту үшін жасалып жатқан дүниелер. Алдағы уақытта бас жоспар түбегейлі бекітілген соң жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Міне, осындай асқақ армандардың ақиқатқа айналуы жолында облыс басшысы бастап, іскер азаматтар қостап, өте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаланың келешек келбетін айқындайтын бас жоспарымыз түбегейлі бекітілген соң атқарылар шаруалар легі бұдан да еселенетіні сөзсіз. Соның ішінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру басты мәселе дейтін болсақ, туризм саласын жетілдіру, өндірісті өркендетіп, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту шаралары күн тәртібінде тұр.
Тіпті, бірқатар елімізге танымал іскер азаматтар Түркістанның болашағына арнаған алпауыт құрылыс нысандарының жобасын дайындап («Rixos Hadisha Turkistan» кешені мен әкімшілік іскерлік орталығы), бүгінде құрылысын бастап та кетті. Осы бағытта шетелдік инвесторлардың да Түркістанда жұмыс істеуге ниеттілерінің қатары күн санап артып отырғаны тағы бар.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сәйкес Түркістанның қай салада болмасын әлеуетін арттыруға айрықша мән беріледі. Осы ретте Елбасы жүктеген міндеттерді орындауда әрбір жауапты тұлға ұлы мақсаттарды жүзеге асыруда аянбай еңбек етіп келеді. Себебі, осынау ұлы мұрат жолындағы тәуелсіз Қазақстанның рухани орталығы – Түркістанның кемелденуі алдымен осы аталған міндеттердің орындалуына байланысты. Жаңа ғасыр біздің иығымызға рухани жауапкершілік артқан екен, ендеше, абырой биігінен көріну қасиетті борышымыз болмақ.
Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, Түркістан қаласының әкімі