ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әкімдіктер мен Білім және ғылым министрлігіне педагогтерді әлеуметтік қолдау жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай балаларды сапалы білім беру арқылы жан-жақты дамытатын маңызды іс-шараларды қарастыру қажет.
Мектепке дейінгі білім беруде сапаны бағалау құралдарын күшейтіп, балаларды ерте кезден дамытудың әлемдік көрсеткіштерін енгізген жөн», - деген Үкімет басшысы орта білім беруде қала мен ауыл мектептеріндегі оқыту сапасын теңестіріп, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығына, баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін атады.
«Педагогтерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы аясында әкімдіктер мен Білім министрлігі кадр тапшы өңірлерге ұстаздарды тарту үшін қосымша ақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу жөніндегі шараларды қарастырған жөн.
Жақын орналасқан мектептен тыс ұйымдарды тегін мектеп үйірмелерін, спорт секцияларын, аула клубтарын көбейту жұмысын жүргізу қажет. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Оның сапасын, тәсілдері мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін түбегейлі өзгерткен жөн», - деді Әлихан Смайылов.