Әлихан Бөкейхан «Алаш» қазақ этнонимінің екінші аты екенін өзінің көптеген еңбектерінде дәлелдеді. Бұл туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш қозғалысы: тарихы, зерттелуі және жаңа ізденістер» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр.
Конференцияда Алаш партиясы және Мәңгілік ел идеяларының тарихи негіздері, Тәуелсіз мемлекет мәселесіндегі Алаш қозғалысының орны, Әлихан Бөкейханұлы шығармаларындағы ұлттық идея тақырыбы қозғалды.
Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы «Әлихан Бөкейхан және қазақ этнонимі» атты тақырыпта әңгіме өрбітті. Ол 1913 жылы жарыққа шыққан Әлихан Бөкейханның мақаласы туралы баяндап берді. Сол мақалада қазақ этнониміне түсінік берілген.
«Әлихан Бөкейханның еңбегін "ұлттану" деп айтуға болады. Ол - қазақ деген ұлтты қырғыз деп жүргендердің қателігін ашып, қазақ ұлтының дербес қасиеттерінің бар екенін айтқан адам. Қазақ, қырғыз этнонимдеріне баға бере алмай жүрген тарихшыларды сынады. Әлихан «Қазақ қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, олардың арасында қосылар түк жоқ. Түрікмен мен башқұрт қандай ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа ел» дейді. Бөкейхан Алаш қазақ этнонимінің екінші аты екенін айтты. Оны талай еңбектерінде дәлелдеді. Ол жерді «рухани категория» деді. Себебі, ұлттың сана-сезімі, дүниетанымы, тілі, мәдениеті, дәстүрі осы атамекенінде қалыптасты. Жерінен айырылған ұлт, ұлттығынан да айырылады деп жазды»,- деді Амангелді Айталы.
Сондай-ақ, Амангелді Айталы Әлихан Бөкейхан жазған Қарқаралы петициясы туралы да айтып берді. Петицияда ауыл мектептерінде қазақ тілінде білім беру, қазақ тілінде газет шығару, іс қағазын, сот ісін қазақ тілінде жүргізу, аудармашылыққа қазақты тәуелді етпеу жайы қозғалған.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған конференция қатысушылары ертең қуғын-сүргін құрбандарына арналған Түйетөбе ескерткішіне барып, Есет Көкіұлы кешеніне экскурсия жасайды.