29 қаң, 2021 сағат 10:03

Алик Шпекбаев: Сатып алудағы жемқорлық проблемасының іргелі шешімі - цифрлық теңге

Цифрлық теңгені тез арада енгізу – сатып алудағы жемқорлық проблемасының іргелі шешімі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәжірибе көрсеткендей, сатып алу саласы көлеңкелі экономиканы жандандыратын және жемқорлық тудыратын саланың бірі. Сондықтан Ұлттық палатамен («Атамекен» ҰКП) бірлескен жұмыстың тағы бір бағыты - бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны игеру кезінде де баға комплаенсін енгізу. Жасыратыны жоқ, көбінесе бюджетке салынатын бағалар жемқорлық мүдделері үшін әдейі қымбаттатылады. Осыған орай біз нақты бағалар мен іске асырылған шарттар негізінде қандай да бір сатып алудың бюджетін қалыптастыруды ұсынамыз. Бұл сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бюджетін «ұлғайтуға» мүмкіндік бермейді. Осылайша, үлестес компаниялардың баға ұсыныстары негізінде бюджеттік жоспарлау артта қалады», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Агенттік басшысы орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою проблемасын шешу үшін оларды егжей-тегжейлі жариялау, сондай-ақ тапсырыс берушілердің оны мысалы 3 күннен аспайтын мерзімде қарауын енгізу ұсынылатындығын айтты. Бұл бір ғана мақсатты көздейтін актілерге қол қоюды қасақана кейінге қалдыру мүмкіндігін едәуір қысқартатындығына назар аудартты. 

«Цифрлық теңгені тез арада енгізу – сатып алудағы жемқорлық проблемасының іргелі шешімі, бұл бюджет қаражатын игерудің бүкіл процесін қадағалауға мүмкіндік береді, «қолма-қол ақша» схемаларын және жалған кәсіпорындар құруды тоқтатады», - деді ол.