Қарымды қаламгер, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров жайында айтар әңгімемізді бірер әлқиссамен бастаудың реті келіп тұрғандай. Әрине, қай ләміміздің де астар-ағысы, сайып келгенде, оның шығармашылық сыр-сипатына саятындығына еш шүбә болмаса керек. «Мона Лизаның портреті» атты тақырыбы бір арнада тоғысқан, сарындас әңгімелер жинағын оқи отырып, бізге қызық көрінген бір жайт – бүгінде сөз өнеріндегі суреткерлік шеберліктің қыр-сырын қапысыз меңгерген қаламгердің өмірдегі жолын суретшіліктен бастауы еді. Иә, жас талап алғашында төрт жыл көз майын тауысып Алматы көркемсурет училищесін бітіріпті. Түрлі бояулармен сурет салудың бақытын бастан кешіре жүріп, кейіннен өмір суретін сөзбен салу өнеріне ауысыпты. Бұл талпыныс-талаптың табыссыз болмағандығына Асқаровтың әдебиет аламанындағы алтайлық әдемі дүбірі, әсем жорғасы айғақ.
Екінші әлқиссамыз тұп-тура осы арада Алтайға байланысты айтылмақ. Асқақ Алтай, асқар Алтай, Хан Алтай. Бір кездегі көк түріктің де, қазіргі көп түріктің де ата қонысы, қара шаңырағы Абыз Алтай. Міне, біздің Әлекең, Әлібек Асқаров – нақ осы Алтайдың төл перзенті. Осыған қарап, Алтайдың Асқаровы десек те құп жарасып тұр. Иә, көрнекті ісінің өрмегімен де, көркем сөзінің өрнегімен де көпшіліктің көңілінен шығып, көзге түскен Алтайдың зияткер һәм санаткер бел баласы. Әлбетте, сүйінер ұлы ретінде Асқаровты туған жері Алтай меншіктеп жатса, бұған ешкімнің бәсеке-таласы да болмасы анық.
Бұл кісі басы ашық нәрсеге неге сонша шұқшия қалды деушілер де табылар. Ал оның мәнісі мынау еді. Жақында дүниеден өткен қазақтың зияткер ақыны Төлеген Қажыбаев 2014 жылдың қыркүйегінде «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде қаламдас інісінің шығармашылығы туралы ілкімді ойлар айтқан мақала жариялапты. Ол мақалаға «Асқаровтың Алтайы» деген таудай тақырып қойыпты. Біз білетін тумысынан текті Төкең жөпшеңдіге сөз шығындамайды. Сұңғыла ағатайым өзі де әңгіме арқауын тақырыптан бастап тарқатыпты: «Мақалама қойған тақырыбыма тосырқай қарар кез келген қазақ «Е, Алтай Әлібек Асқаровқа ғана қатысты ма екен?» деуі әбден мүмкін. Әбден мүмкін емес, тура солай, жатып алып тулары хақ. Әлібек Асқаровтың «Алтайда алтын күз еді» повесін оқығаннан кейінгі туындаған ой Алтай, шын мәнісінде, Асқаровтікі де екен деген тұжырымға табан тіреткен. Өйткені көлемі шағын болғанымен, повестің айтар сөзі, Алтай өңірінің ғажап табиғатының тұмса келбет-кескіні, оның қойнауындағы ұшқан құс, жүгірген аңы, ұйыса өскен сан алуан шөбі, тауы, тасы, биіктен құлаған сарқырама суларына дейін сұңғатты сұлу поэмаға тән суреттерімен сүйсінтпей қалмаған. Повесть көрнекті қаламгердің кемел шағынан шырай берер қалпымен, Алтайдың ақ сүмбідей сұлу салтанатын суреттеуге келгенде, он сан бояулы палитралы полотноны көз алдыңа көлденең тартқандай әдемі әсерге бөлейді».
Өмірде тура билік ұстыннан айнымай өткен шыншыл да сыншыл Төлеген Қажыбаевтың дуалы аузымен «көрнекті», «кемел шағынан шырай берер» қаламгер деп бағалану екінің біріне бұйыра берер құрмет емесін басқалардан бұрын біз білеміз. Өйткені Төлеген ағаның талғам таразысы бізге жақсы таныс. Сондықтан да «Алтай, шын мәнінде Асқаровтікі екен» деген толайым тұжырымына басы бүтін қосыламыз. Қалихандай тайпалған классиктің Алтайы. Тектіліктің кербұғысы Оралханның Алтайы. Енді келіп жұрт ұғымында қалыпталған қағидалы дәстүрдің желісін үзбеген заңды да жарасымды жалғасындай болып Асқаровтың Алтайы сұлбасын айқындап, жүлгелене асқақтап бой көтергенін қуана құптаймыз. Оқырмандарды бұл Алтай да ә дегеннен қызықтырып баурап алады. Қалихан мен Оралхан ағаларының Алтайын әрі толықтырады, әрі сонымен қатар-қапталдас, мүлдем бөлек өзінің Алтайын жасайды. Алтайдың жоғарыда айтқан, өзінің алдындағы ұлы жыршыларын жоқтатпай жолын қуған іні-қаламгердің «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» кітабындағы эссе-толғаулардың қадір-қасиетіне Қадыр аға Мырза Әли жетіп, кезінде парасатты пайым-пікірін ағынан жарыла айтып кеткен болатын. Ел газеті «Егеменде» жарық көрген ол мақалада қайран Қадағамның: «Бұдан бірнеше жыл бұрын, тіптен жас кезімде жиырма бес мың шақырым жол жүріп, осы өңірді көктей өтіп, Гималай асқан Николай Рерихтің күнделіктерімен танысып, таңғалғанмын. Ғашық болғанмын Алтайға. Түс көргендей сезінгенмін. Міне, енді Әлібек Асқаровтың кітабын тамсана оқып отырып, сол баяғы түсімнің жалғасын көргендей болдым.
Иә, әділі де осы! Қадағаң қадап тұрып айтқандай, Әлібектің туған жерге деген ұлы махаббаты ұлан-ғайыр ұлы Алтайды қалтқысыз иемденуге, мейірлене қатты қысып, қапсыра құшуға, перзенттік сезім пернелерімен ауылдас һәм рухтас ағасы Оралханша асқақтата қара сөзбен жырлауға хақысы бар екен. Алтай дегенде дарын бұлағының көзі ашылып, шабыт дариясы кемерінен аса ақтарылып, сол бір баршамызға қымбат та қастерлі табиғат әлемінің, сол әлемдегі адамдардың, тіршілік-тыныс пен қарекеттердің шынайы суретін қылқалам дәлдігімен, алуан бояулы әсем ажармен айшықтайды. Автордың Алтай тақырыбындағы алтайы қызыл түлкідей қунап құлпырған шығармаларын әр кезде оқи жүре біздің де көкейге бір түйгеніміз осы. «Көккөл», «Шабанбай», «Мұзтау», «Шындығатай», «Марқакөл» сынды толғаныс-тебіреніске толы эссе, толғамдарындағы иірімдер, сезім қылын дөп басып шертетін сәттер кім-кімнің де жүрегін шым еткізбей, бүйрегін бүлк еткізбей қоймасы, қызығушылығын тудырмай тоқтамасы анық. Мұның сыртында оқырман сұранысына орай қазақ тілінде қайта-қайта жеті рет басылған, көп таралыммен Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан шыққан, бірнеше мәрте орыс тілінде жарық көрген, ағылшын тіліне жеке кітап болып аударылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы сыр-сыпаты бөлек, өз алдына бір өргек дүние.
Осы ретте біздің өз тарапымыздан аңғарып, ойымызға тамыздық тастаған мына бір жайт еді. Талай да талай суретшілер Алтай пейзажын тамашалап, табиғат эскиздерін көзбе-көз қылқаламға іліндіріп, фотоаппаратқа тартып, сұңғатты полотнолар тудырған шығар, тудыра да бермек. Көзбен көргенге, көңілмен сезгенге не жетсін! Алайда деймін-ау, әлі Алтайға аяғы жете алмай жүрген суретшілер болса, Алтай кескіндемесінің көшірмесін емес, түп көріністерін Асқаров шығармаларынан оқып-тоқып, құдды көзбен көргендей бейнелеп сала берулеріне болатын сияқты. Төлнұсқаға жетеғабыл кескіндеме туындысы шығатынына біз кепіл. Міне, сөз өнерінің, оның ішінде Асқаров қаламының әлеметі осындай! Бұған бір жағынан оның туабітті суретші екендігінің септігі тигендігі де сөзсіз. Шабыттумалық өнернамалардың жең ұшынан жалғасып ұштасуы, кескіндеме өнеріндегі суретшіліктің сөз өнеріндегі суреткерлікке ұласуы деп те нақ осы ғажап ғибратты айтпақпыз.
Әрине, тек Алтаймен шектелсе де, Әлібек шығармашылығының аясы тар, ауқымы азғантай болып қалады деп айта алмас едік. Бірақ өйткенде талантының табиғатына, қабілетінің қарымына обал болары сөзсіз-ді. Ен өмірді, кен өмірді, қоғамның небір қайшылықтарға толы қалтарыс тұстарын кеңінен келістіре толғайтын қайталанбас қолтаңбаны біз әу баста-ақ айтқан шағын кітаптан зер сала, сүйіне, аса бір ырзашылықпен байқап, біліп, көзбен көріп, көңілге түйіп отырмыз. Бұл кітап бірқатар жаңа әңгімелермен толықтырылып, «Фолиант» баспасында қайта басылып шыққан тәрізді. Осының алдында, біраз жыл бұрын «Социализм әңгімелері» деген атпен жария жүзін көрген осынау әдемі де әйбәт кітапты классигіміз Қадыр Мырза Әли «бұл менің нағыз олжам болды» деп көкке көтере, ағынан жарыла алғысын төгіп-төгіп айтуы тегін деймісіз?
Бір айтарлығы, Әлекең өмірде де, өнерде де сырбаз, эстет азамат. Жазушылық өнердегі қилы шеберлікті қисынымен игерген. Кемерінен асып төгілмейді, орынсыз әсіреқызылға берілмейді, шығармадағы тіл шұрайын, өмір шырайын жеріне жеткізе құлпыртатын жерде әсте де кейін шегінбейді. Жалаң баяндау мен жайдақ ұраншылдықты маңайына жолатпайды, жанына дарытпайды. Иә, оның эстеттігі көзді алдайтын көпіршік, іші қуыс, сырты даңғаза жылтырақ емес, өмірдің қаз-қалпындағы шынайы, мағыналы көрінісі. Баяндалып, тәптіштеп түсіндіріліп емес, сөз суретімен көркем бейнеленіп берілген өмірдің өз көрінісі. Сылдыраған сұлуына ынтықпайды, қазақтың жалпақ тілінің қаймағын қалқиды.
«Социализм әңгімелері» топтамасы Әлібектің әлемін жарқырата ашып тастағандай. Себебі Бюффон айтқандай, стиль дегеніміздің өзі адам ғой. Осыған орайластырсақ, біздің қаламгердің биік интеллектісі, зергер зерлегендей зерделі парасат-мәдениеті нақ осы әңгімелерінен әдемі танылғандай. Бұдан әрі тереңдей қозғасақ, осынау жоғары шығармашылық ізденіс интеллектісі жазушыны социализм тақырыбын қазақ қаламгерлері арасында бірінші болып қоясын ақтара, індете қаузауға жетелеген. Социализм бұл арада жазушының тақырыбы ғана емес, оның кейіпкері. Көзкөрген, көңіл сүзгісінен өткен жақсы танысы. Жаңағы әңгімелерде осы кейіпкердің, яғни социализмнің тұтас бейнесінің мөлтек эскиздері жасалып, кейінде бұлдырап қалып бара жатқан образы тайға таңба басқандай етіп мүсінделеді.
Әрине, социализм деген үлкен қоғамдық формацияның, тарихи категория ұғымының түгел сипатын шағын әңгімелер топтамасында толық айтып жеткізу мүмкін емес, ол – мақсат та емес. Ол үшін ондаған, бәлкім, жүздеген хикаят, романдар жазылуы керек болар, жазылған, жазылып та жатыр делікші. Біздің авторымыз бәз біреулердей социализмді сыпыра мақтау немесе жек көре жамандап қара күйелеш етіп көрсету ниетінен де аулақ. Иә, ұнатсақ та, ұнатпасақ та сол бір заман біздің тағдыр-тарауымыз, халқымыздың тағдыр-талайының үлкен бір кезеңі болып қалды. Шындығына келсек, біздің бір кездері сүйікті болған Советтер Одағымыз социалистік қоғамда өмір сүріп жатырмыз деп жалпақ жаһанға өңешін жырта жар салса да, шынайы социализмді құра алмаған еді. Шоң жазушы Шыңғыс Айтматов сол кездердің өзінде бір сапарынан оралғанда: «Нағыз социализм Швеция мен Норвегияда екен» деп айтқаны есімізде. Бұл орайда Асқаров ұлы Шықаңмен үндес шығып, еліміздегі кемелдену тұрмақ, көктемей қалған социализм келбетін келістіре суреттеген демекпіз. Айтпағымыз, осы ретте ізгі де игі нитетті утопиядан шыққан социализмнің еш кінәсі жоқ; кінә арман-аңсардағы сол ізгілікті қоғамды құра алмаған құрып қалғыр жүйеде. Әлібек-әлем бізге осы ақиқатты көркем сөзінің дестелі кестесімен ұқтырғандай.
«Мона Лиза» картинасын жақсы көріп, пір тұтқан Төлеужан. Студент кезінен қайда барса тастамайды, алып жүреді; барған жерінде басына, қабырғаға іліп қояды. Иә, әлемге әйгілі суретке қазақ баласының ықыласы түскен екен, ана жылы Парижден әкелген тәбәрік «Джоконда» менің де үйдегі кабинетімде құрметті жерде тұр. Онда тұрған не бар дерсіз? Бар екен. Соның түйінін Төлеужанның ауылдан келген анасы, қарапайым ғана қазақ әйелі – Гүлайым шешей шешіп береді. Ол суреттегі осы аруға ұлы үйленгелі жүр екен деп қалып, бұлқан-талқан. Шешесі бұл қызды баласына тең санамайды.
«Сонда сен... бәрін тәрк етіп, мынау атасы басқа буаз қатынға үйленгелі жүрсің бе? – деп соншалықты салқын раймен төсектің басындағы «Мона Лизаны» иегімен нұсқады.
– Тәте! – Төлеужан не дерін білмей, тілін тістеп сылқ етіп отыра кетті.
– Беті секпіл-секпіл, өзіңнен бес-он жас үлкен әйелде нең бар еді, ботам-ау?».
«Мона Лизаның» портреті әңгімесіндегі бұл эпизодтың юморы бар болса да, сәл езу тартсаңыз да, юморсыз қабылдайсыз. Ойланып қаласыз. Гәп тереңде, кілтипанның қырлары көп. Оған әңгімені зерделеп оқып шыққан ойлы оқырман ғана бойлай алмақ. Ғасырлар бойы сыр ашпаған Мона Лизаның тылсым жымиысының жұмбағы осылай шешілді. Сөйтсе, ол жүкті келіншектің бақыт шуағы балқытқан жымиысы екен ғой. Жұмбақты табан астында шешіп берген қарапайым қазақ әйелі, Төлеужанның анасы Гүлайым шешей болып шықты. Анасынан артық па? Суретті дар айырып жыртты да, ашулы ананың көңілін орнына түсірді. Осынау тосын түйіннен де талай тағылым тарқатуға болғандай.
«Левитанның дауысы» әңгімесінде «қырғи қабақ» соғыс жылдарының ауаны айшықталады. Бұл соғыс дегеннен жұрт әбден зәрезап болған ғой. Тауаны қайтқан, іштен мүжіліп тауы шағылған. Мұқажан ақсақалдың жалғыз ұлы Герман соғысында қыршын кеткен. Оның кіндігінен тараған жалғыз немересі Қуанышбектің ес біліп есейген шағы мына бір текетірес, тоңтеріс заманға кез келеді. Ендігі соғыс – атом соғысы болады дейді, ол ешкімді аман қалдырмайды, тұқымыңды тұздай құртатын көрінеді. Қара аспанды төндірген ылғи да бір суық хабар. Америка деген қоқаңдаған бір дұшпан шығып тұр. Ойпырмай, соғыс қашан шығып кетер екен деп елді үрей билеп алған. Жамандық хабаршысы – қабырғадағы қара радио. Жүрек жарыла қорқатыны – Левитанның саңқылдаған зәрлі дауысы. Сөйтіп, жүргенде мелшиіп үнсіз тұрған радио кенеттен: «Тыңдаңыздар... тыңдаңыздар... тыңдаңыздар!» деп зәре-құтты алып саңқ ете түседі.
Осы аяздай зәрлі дауыстан төбесіне мұздай су құйып жібергендей, Мұқаңның жүрегі аузына тығылады... «Басталды сұм соғыс, жалғыз тұяқ тамырым да үзілетін болды» деп, сай-сүйегі сыздап, іштей мүжіліп, күңіреніп кетеді. Радионың бір минуттай үнсіз қалған кідірісі жанды күйзелтіп, бір ғасырға созылғандай. Содан... содан не болды дейсіз ғой? Бұл жолы ғарышқа тұңғыш адам ұшыпты. Юрий Гагарин деген. Он беттік шағын әңгіменің шымыр фабуласы осы ғана. Бірақ ол сол бір алмағайып замана келбетін, жан қатпарларында жасырынған күйініштер мен алдамыш-сүйініштерді қаз-қалпында көз алдыңызға келтіреді. Осы және одан кейінгі әңгімелерде де советтік насихаттың адам санасын улап тастағанын астарлап, мақтамен бауыздағандай қылып бипаздап, соншалықты шынайы суреттермен жеткізеді. Момақан, монтаны, аңқау, аңғырт, сужұқпас, көлгір, қуыршақ әрі қолдан жасалған көсемсымақ мінездерді нанымды типтендіреді.
Советтік ұғымдағы жылтырақ социализмнің нағыз сұрқы, көлгірлігінің көкесі «Бутафория» әңгімесінен уытты сарказммен өткір көрініс тапқан. Бұл қоғамдағы дабылдаған істің, жалаулаған ұранның бәрі кәдімгі қып-қызыл өтірік, көкіме көзбояушылық екенін оқиғалы образдармен оңтайлы ашады. Осындағы тосын тапқырлық сол жалғандыққа құдайдай сенген адамның өзін шошындыра «астапыралла» дегізіп, құлатып түсіргендей...
Мәселе былай. Американың Тусон қаласынан келген меймандарды музей экспозицияларымен таныстырған гид, аршыған жұмыртқадай Айнаш қыз әуелде ағылшын тіліне судай болып көрінген. «Пай-пай, жаңа замандағы қазақтың қызы-ай!» дегізіп сүйсіндірген. Бірақ шетелдік қонақтың қойған қарапайым сұрағына көңіл бөлмейді, жауап та бермейді. Сөйтсе, ол қызымыз ағылшын тілінен мүлде мақұрым екен, экспозиция-экспонаттар туралы ағылшынша жаттап алғанын ғана судыратып айтып шығады екен. Білдей бастық Исағалымның өзі бұдан бейхабар: «Осы біздің көп шаруамыз бутафория болып бара ма, қалай өзі? Бәрі де көзбояу, жалған...» деп мұңайып, көзі енді ашылғандай, ұйқыдан жаңа оянғандай хал кешеді. Бұл жөнінде оқырманның да ойға батары хақ.
Осы тақылеттес пікір-пайымдарды басқа әңгімелеріне де телуге әбден боларлық. Асқаров әңгімелерінің бір сипаты – новелла тектес, сұлу сырлы, маржандай ызылған жұмыр болып келетіндігі: Алаштың Ақселеу Сейдімбегіне арналған «Қара құйын, ақ көйлекті» қара сөзбен мөлдірете һәм тебіренте жырланған мұңлы поэма, шерлі дастан ба дерсіз. Ол дастан адамды соншалық егілтер, айшуаққа малынған жабырқау әсерге бөлейді. Мұндағы қара құйын – сұм соғыс салған қасірет-қайғының, атың өшкір жоқшылықтың, жадау тұрмыс пен таршылық қысасының жұлымыр бейнесі. Ол ақ көйлек адамдардың шаттығын, балалық қызықты, әйел бақытын, жарқын күлкісін ұрлайды, мазақ қылып зар жылатады.
Түрлі адамдар, алуан мінездер, үркек те үргедек, үмітшіл нешеме жағдайлар. Бір кейіпкері – Долдаш ағай аса кітапқұмар, бірақ тек бертінгі Герман соғысы туралы кітаптарды ғана оқиды. Сөйтсе, ол солардың бірінде болмаса бірінде майданда қаза тапқан ағасы Молдаштың аты кездесіп қала ма деп телміріп ізденеді екен. Қайда соғыс туралы кітап болса, соны алдыртып оқып шыққанша, байыз таптайды. Енді бір әңгімелердегі (мысалы «Облава», «Саяси акция») біраз кейіпкерлер өзімізге сондай көзтаныс, жақын-жуық адамдар сыңайлы. Оқиғалар да таныс. Бір қырдың ғана астында қалған социализм тұсында орын алғаны еміс-еміс құлағымызға жетіп те жүргенін несін жасырайық. Езу тартамыз. Соны құлпыртып түсірген Асқаровтың қырағы байқампаздығына, сол, бір қарағанда, елеусіз жайттардан өрелі ой түйген жазушылық шеберлігіне, Алтай жыршысына айналып, кең өріске шыққан прозасына парасатты прагматизм тән екендігіне тәнті боламыз. Ал осы қасиеттерден,байқампаздық пен суреткерлік шеберліктен мына қолымыздағы «Мона Лизаның портреті» атты оқырман олжасы болған әп-әдемі, аймаңдай кітаптың дүниеге келгені қандай ғанибет.
«Жақсының жақсылығын айт» демекші, Асқаровтың сөз өнеріндегі осындай қаламгерлік дарынына рухани өміріміздегі қайраткерлік қарымы қатар-қапталдас үйлесе ұласып жатуы да тегін емес. Көзі қарақты қауым оның кезінде 31 томдық қазақша-орысша және орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын әзірлеп шығаруға атсалысқан атпал қарекетін жақсы біледі. Бұл шын мәнінде де қазақ тілінің жаңа заманға сай дами түсуіне игі ықпал еткен, маңызы зор мәйекті басылым болған еді. Оның тағы бір тағылымды ісі тағы да әдебиет-мәдениет, руханият саласымен байланысты болды. Осы жайды белгілі қайраткер һәм қаламгер азамат Сауытбек Абдрахманов өзіне жақында ғана Мемлекеттік сыйлық әперіп мерейлендірген «Абыз Әбіш» толғаныстар кітабында былай баяндайды: «2003 жылы, ол кезде мен Ақпарат министрі едім, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 томдық «Әлем әдебиеті» сериясын жасақтауға кірісетін болдық. Әбіш ағамен ақылдасып, алдынан өтіп алайық деп, министрліктегі департамент директоры, жазушы Әлібек Асқаров екеуміз үйіне бардық. Сонда Әбекең айналасы үш сағаттың ішінде (Клара апайдың біз барысымен қазанға салған еті былқып пісіп болғанша) адамның аузынан көркем сөз шыққалы бергі, ежелгі замандардан бүгінгі күнге дейінгі әдебиеттің бар асылын ағыл-тегіл ақтарып өтті... 100 томдық тізімге кіргізуге кімдердің нендей шығармалары лайықты, қай шығармасын аударуға болатынын, кімге аударту керектігін, бұрын аударылған дүниелердің арнаулы редакторлығына кімдер лайықты деген сияқты қат-қабат мәселелердің бәрін дәуірі, ағымдары, жанрлары, авторлары, елдері бойынша жіпке тізіп айтып шықты».
Кемеңгер Кекілбаев, абыз Әбекең ағыл-тегіл әңгімені ақтарып жатқанда, жалма-жан қалам-қағазын қолға алып, керекті мәліметтер мен авторларды жайлап түртіп қойып отырған Әлекеңді көзге елестетемін. Бұл арадағы сүйінерлік бір ғажап – азаматтарымыздың ақыл-парасаты, аса жауапты жұмысты береке-бірлікпен ынтымақтаса әдемі атқарып шығуы. Ал осы ұлан-ғайыр жобаның қалың қара жұмысының басы-қасында қылау шығармай әрдайым аталмыш бағдарламаны іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Әлібек Асқаров жүргенін білеміз. Қай жағынан да игілігі мол бағдарлама аясында әлем әдебиеті жауһарларының бірі «Моби Дик немесе Ақ кит» романы қазақ оқырманымен біздің тәржіма арқылы қауышып еді. Ана тіліміздегі «Әлем әдебиеті» кітапханасының жасақталуы орайында алғысқа аса лайықтылардың бірі осы азамат екенін сонда көзімізбен көрдік, көкейімізбен сезіндік.
Алтайдан тартып, «социализм» тақырыбына тіл бітіріп жан салған, қазақ прозасында қарымды сөзін айтқан, әлем әдебиетіне жүз томдық жол ашып, суретшіліктен – суреткерлікке жеткен, әдемі әдептен ұлт зияткерінің өресіне көтерілген Әлібек Асқаров әлемінің ғибраты, әлбетте, бір ғана бұл әңгімемен түгесілмек емес.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
"Егемен Қазақстан" газеті