06 там, 2016 сағат 23:17

Әлі тоғыз боксшымыз бар, қызықтың көкесі енді басталады - М. Айтжанов

Беріктің қарсыласы шын мәнінде мықты екенін мойындатты. Бұл туралы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Риодағы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім еткен.

"Бүгін өздеріңіз көргендей, Берік Әбдірахманов АҚШ боксшысына ұтылып қалды. Біздің жігіт осыған дейін бұл боксшымен кездесіп көрмеген. Бірінші рет көріп отырмыз. Жап-жас бала. Жас болса да, талантты екені көрініп тұр", - деп атап өтті бас бапкер.

Сондай-ақ, М. Айтжанов оның өте жылдам қимылдайтын боксшы екенін де ашып айтты.

"АҚШ боксшысы алғашқы раундтардан-ақ өте ширақ қимылдады. Екінші раундта тізгінді өз қолына алды. Берік үшінші раундта бар күшін салғанымен бәрі кеш болды. Негізі алғашқы жекпе-жегіміз жеңіспен басталғанда дұрыс болар еді. Бірақ, алда тоғыз жігітіміз бар. Қызықтың көкесі енді басталады. Сондықтан өзіміздің елге берген уәдемізді орындауға, алдымызға қойған мақсатқа жетуге әлі мүмкіндік бар", - деп атап өтті Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында  бүгін 60 келіде өнер көрсеткен боксшымыз Берік Әбдірахманов бірінші жекпе-жегінде ұтылып қалған болатын.

Ол алғашқы айқасында АҚШ спортшысы Карлос Баль Дераспен жұдырықтасты.