Әлеуметтік масылдыққа бой алдырған жалынсыз өмір салты жас ұрпақтың тәрбиесіне кері әсер етіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әлі де жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды», - деді Президент.
Сондай-ақ, ол мұндай жағымсыз тенденцияның кесірінен көмекке шынымен мұқтаж адамдар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын атады.
«Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор. Бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жалынсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруі тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
