Бүгін Алматыдағы Достық үйінде БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологиясының алғашқы кітабының таныстырылымы өтті.
Поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Египет аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлар қатысты.
Қазақ әдебиетінің үздік туындыларын аударуға атсалысқан шетелдік баспагерлер мен жауапты өкілдердің аталған жобаға қатысты ой-пікірлерін білген едік. Мархабат!
Энни Мишейлидоу, Кембридж университеті Халықаралық серіктестік бөлімінің жетекшісі (Ұлыбритания):
- Қазақ прозасы мен поэзиясы антологияларын ағылшын тіліне аударып, жариялауды Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы табысты қарым-қатынасқа үлес қосатын жоба ретінде бағалаймыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуымыз – біз үшін асқан мәртебе және бұл қарым-қатынасымыз алда да жалғаса береді деп сенеміз.
Қазақстан Республиасының Тұңғыш Презденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – Қазақстан халқының әлеуетін ашуға, арттыруға ықпал ететін ауқымды жоба. Осы бағдарлама экономикалық реформаларды білім беру, өнер, әдебиет және тарих саласындағы жаңғырумен ұштастырмақ.
Тьери де ля Круа, «Мишель де Моль» баспасының директоры (Франция):
- Қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын француз тілінде басып шығару «Мишель де Моль» баспасына бұйырғаны біз үшін үлкен мәртебе. Теңізбен ұштасқан көкжиеккке бататын күн сәулесін Шығысқа ала келіп, бүгін осы жиынға қатысу мен үшін үлкен қуаныш.
Қазақ халқы осы тамаша бастаманың арқасында ақша мен экономика туралы ғана айтатын әлемге өз жан дүниесін танытуға мүмкіндік алды. өз тарихын, салт-дәтүрін, өмірдің поэтикалық мәнін баяндай бастады. Бұл істерге біз тек сүйсіне қызыға қараймыз.
Давид Флорес, аудармашы, «Визор» баспасының өкілі (Испания):
- Былтыр қараша айында Даму мақсатындағы халықаралық серіктестік агенттігінің қолдауымен Мадридте Қазақстан мәдениеті мен әдебиеті орталығы ашылды. Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан заманауи қазақ әдебиеті антологияларының испан тіліне аударулыуымен қатар, осы екі оқиға қазақ әдебиеті мен мәдениетінің испантілді әлемге танылуы мен таралуына ықпал етті. Бұдан былай да қазіргі заманғы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары испан тіліне, ал испан әдебиеті қазақ тіліне аударылып, әдеби сабатастық жалғаса береді деген сенімдеміз.
Абдулрахим Абдулуахид, «Media Hab» баспасының директоры:
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» сынды маңызды стратегиялық бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына араласқаныма өзімді ерекше бақытты сезінемін. Осы жоба аясында қазақ әдебиеті жауһарлары араб тіліне аударылуы – қазақ елі мен араб әлемін байланыстыратын алтын көпір іспеттес.
Пьяо Он Ры (Қытай):
- «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды тармағы. Қазақстан әдебиеті мен мәдениетін өзге әлемге таныстыру бұрын-соңды болмаған жоба. Қытай мен қазақ мәдениеті ұқсас. Қытайдағы «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық үндеуі мен Қазақстанның «Нұрлы жол» стратегиялық жоспары барынша қабысып, екі елдің мәдениет ауыс-түйісі үздіксіз тереңдеп келеді. Баспамыз Қазақстанда тығыз қарым-қатынас орнатып, екі елдің таңдаулы кітаптарын өзара аударып, басып шығаруда. Осы орайда екі ел мәдениетін байланыстырушы көпір қызметін атқарып отырғанымызға қуаныштымыз.
Ұлт порталы