27 қаң, 2022 сағат 15:43

Әлемнің 43 елі QazVac вакцинасын алуға дайын


Әлемнің 43 елі QazVac вакцинасын алуға дайын. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандық ғалымдардың күмәнсіз табысы Биологиялық қауіпсіздік мәселелерді жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын әзірлеуі болды. Біз бүгінде одан ары ілгерілеп келеміз. Қазіргі уақытта BSL-3, BSL-4 құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігінің рөлі де зор», - деді Үкімет басшысының орынбасары Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. 

Вице-премьер мұнан ары да бірлескен жұмыстың жалғасатынын баса айтты.

«Елдің атын шығарған үлкен жоба болғанын бәріңіз жақсы білесіздер деп ойлаймын. 6 мемлекеттің ішінен бесінші болып Қазақстан өзінің вакцинасын шығарған елге айналды. Сондықтан бұл - үлкен жетістік. Ғалымдардың бәріне рақметімізді айтамыз. Ары қарай да жұмыс көп. Бірге жалғастыруымыз керек. Олардың алдына қойылған тапсырма да бөлек. Қазір 43 мемлекет біздің вакцинамызды алуға дайын екендігін білдіріп отыр», - деді Ералы Тоғжанов.