01 қыр, 2021 сағат 14:25

Алдағы он жылда энергия тапшылығына тап болуымыз мүмкін – Тоқаев


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында энергия тапшылығы мәселесін алдын алу шараларын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен тағы бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Дүние жүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрды.  

Қазір бұл – әншейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді.

Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мәселесі. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын.     

Бұл бағытта өте байыппен жұмыс істеу керек. Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет.  

Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз.

Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом.  Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек.

Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс.

Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет.

«Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар.

Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.