Фото: gov.kz
Жазғы демалыс айларында Алакөлдегі жағдай көпшіліктің назарын аударып, наразылыққа ұшырайды. Отанымызда демалуды таңдаған азаматтар шипалы көлдің мүшкіл ахуалын айтып, Алакөлде демалғаннан шетелге барған тиімді деп жатады. Бұл тек халықтың ғана емес, мемлекет басшысының да назарын аударып отырған мәселе. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Биіл Алакөлге сапарлағандардың бірі Yes.yesseniya есімді ТикТок қолданушы. Ол 2 жыл бұрын шетелге баруды доғарып, отандық туризмді қолдау үшін елімізде демалуды шешкен. "Шетелге баратын бағаға Алакөлге баруды шетім" деген ТикТок қолданушы қазір Алакөлдегі баға тіпті 1,5 есе көтерілгенін айтады.
"Жол шығынын қоспағанда 6 күнге 4 ересек адам, 2 бала және 1 "инфант" шығыны - 1 200 000 теңгеге түсті. Қазір Вьетнамға 10 күндік демалыс ұшақпен ұшу құнын қосқанда 200 000 теңгеден басталады. Парадокс. Осы соммаға біз Алакөлде не алдық? Салынып бітпеген отель, ал салынғандары сынып қалған. Бөлмеге кіру ұрыстан басталды. Номерде унитаз лас, жерде шаш жатыр, бөтен адамдардың ізі бар. Ал жағажайда нәжіс, қоқыс және жағымсыз иіс бар. Сондықтан демалыс терең күрсінуден басталды.
Арбат - бөлек мәселе. Бүкіл тендрдің жұмысын "бір күрекпен" атқарғандай, себебі қазірдің өзінде қирап жатыр. Ал бағасы Еуропадағыдай. Қызметкөрсету жоқ.
Санитарлық жағдай... Кәріз суы тікелей көлге ағып жатыр. Жыл сайын улану. Адамдар уақытынан бұрын қайтып кетіп жатыр", - дейді ол.
Десе де ТикТокерге Алакөл көлінде ұнаған да тұстары бар көрінеді.
"Біздің демалысты не құтқарды? Күннің батысы! Құдайым-ау, қандай ғажап күннің батуы! Сондай-ақ аралдағы судың, жағажайдың тазалығы мен тыныштық керемет болды. Ол жерде расымен демалуға болады. Ол жерге бару үшін отбасына 40 000 теңге төлеу керек. Сонымен қатар жағажайда демалу жайсыз болғандықтан қонақүйдің ауласындағы хауыз бізді "құтқарды". Біз расымен отандық туризмді қолдағымыз келді. Бірақ, шыны керек, қатты стресс алып қайттық. Алакөлге қайтып келемін бе? Сіздер жауабын білесіздер деп ойлаймын", - деді Yes.yesseniya.
Естеріңізде болса, кезінде ғарышкерлердің өздері келіп шипа тапқан көлдің бүгінгі күйін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сынға алған болатын. Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмегені сөз болған.
Президент Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырған.
Тоқаевтың сынынан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың өзі Алакөл көліне барып, жағалаудағы демалыс аймақтарын тексерді. Көл жағалауы қатаң бақылауға алынып, заңбұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде бірқатар шенеунік жауапқа қартылды.
Фото: Үкімет
Сондай-ақ бұған дейін Абай облысында маусым айынан бері 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелгені туралы ақпарат шыққан. Оның ішінде ең көп кездесетіні – қоғамдық орындарды ластау (141 жағдай). Сонымен қатар, мал жаюға тыйым салынған аумақтарда – 74 жағдай, абаттандыру қағидаларын бұзу – 15, рұқсат етілмеген сауда – 22 факті анықталды.Жол қозғалысы бөлігінде де бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген: мас күйде көлік жүргізудің 13, құжатсыз көлік басқарудың 7 және жаяу жүргіншілер тарапынан 8 дерек.
Ал Жетісу облысы құрылғаннан бері Алакөл ауданына 4,8 млн турист келген, соның 1,8 млн-ны өткен жылдың үлесінде.
Айта кетейік, Алакөл көлінің екі жағажайы турист қабылдайды. Оның бірі Абай облысына, екіншісі Жетісу облысына қарайды.
