Ақын Алмас Темірбай ақындардың сезімі қағазға түскендіктен, күнде ғашық болған сияқты сезіледі деген ойымен бөлісті. Ол бұл туралы отандық арналардың бірінде әріптесімен әңгіме барысында талқылаған, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Алғашқы өлеңі көктем туралы болған ақын, студент кезінде қатарластарына қарағанда өлеңдері әлсіз болғанын мойындады. Содан кейін туған жеріне кетіп, «мен мықты өлең жазбайынша, Алматыға бармаймын» деген ой түйеді.
«Сөйтіп-сөйтіп халықаралық «Шабыт» фестиваліне дейін келдік қой. Өмірімде бір отыз шақты мүшәйрадан жеңімпаз болдым. Жайшылықта көп сөйлемеймін, тыныштықты жақсы көремін. далада жүргенді, жеке жүргенді ұнатамын. Жүйрік ат та саяқ жусағанды, жүргенді жақтырады ғой. Ешкімнің тобында жоқпын, ешкімнің ағымында жоқпын, ешкімнің партиясында жоқпын. Ең бастысы тәуелсіз болуға тырысамын.
Ақындардың бейшаралығы ғашық болса айтады, жазады, күнде ғашық болған сияқты сезіледі. Әр адам ғашық болады, ойлайды, сағынады, іздейді. Бірақ ол сол сәтте ұмытылады ғой. Ақындардыкі қағазға түседі», – дейді Алмас Темірбай.
Ақынның ең қиын сәттерінің бірі, мектеп бітіріп жатқан кезде 25 мамырда атасы қайтыс болыпты. Бұл да ақынға оңай тимеген. Сонымен қатар, өмірдегі кей сәтсіздіктері де ақынның өлеңіне жан бітіргендей көрінеді.
«Жұрт соңғы қоңырауға барып жатқан кезде, мен зират басында жүрдім, атамды жерлеп. Мені 16 жасқа жеткізіп кетті. Сәтсіз некем әсер етті. Соның бәрі мені ақын қылған шығар. Ойландырған шығар, түзу жолға түсірген шығар, оның бәрі бір Құдайға аян.
Бір ай ешкіммен сөйлеспей жүре аламын, мысалы. Ешкімді іздемеуім де мүмкін. Өз әлеміңмен, өз ойыңмен жүресің ғой. Көбіне түнде жазамын. Жеке, жалғыз, тыныш жерде жазамын. Жазу үшін шабыт керек. Өзім шабыт дегенді былай түсінемін: мидың өте жылдам жұмыс істеуі. Шабыттанып отырған кезде бір секундтың ішінде қаншама ой келеді, бір сөздің қаншама синонимі келеді, антонимі келеді. Миың компьютердің процесіндей жылдап жұмыс істейді. Сол кезде жазып қалу керек қой», – дейді ақынның өзі.
Айтуынша, ол бүгінде кезекті кітабын баспаға дайындап жатыр. Жазатын поэмалары да бар.
«Қазір ізденіп, зерттеп жүрген тақырыбым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы бас кейіпкердің бірі Базаралы батыр. Ол туралы архивтен деректерін іздеп Омбыға бармақшымыз. Оның тағдыры қиын, құпиялы, көп сырлар енді ашылып жатыр. Мысалы, Құнанбайлар ол кісіні Сібірге жер аударады ғой, қасында жолдастарымен айдалып кете барады. Сол жақта түрменің бастығына шарт қойып, «сенің аюыңмен күреске шығамын, егер аюды жеңсем, онда мені, Балағазы ағамды және қасымдағы 16 жігітті бостандыққа жібересің» деп шарт қойып, аюмен алысып, содан бастарына бостандық алып, мерзімінен бұрын босап келеді. Ол кісінің ұрпақтары тек Семейде ғана емес, осы Көкшетаудың маңайында да бар. Туыстары да бір-бірін жаңа біліп жатыр. Әрине, мен архивтің деректеріне сүйеніп жазамын. Ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, менің ойымша бір керемет поэма шығатын сияқты.
Бәріміз де табиғатты жақсы көреміз ғой. Соның ішінде мен ағаштарды жақсы көремін. Қаланың шетінде өзіме ұнайтын ағаштарым бар, энергия алатын ағаштарым бар. Көкшетаудан Астанаға бара жатып та, көлікті тоқтатып. орман аралап жүретін кездер болады. Білетін әулие адамдардың айтуы бойынша, әулие адамдардың бойында ақ энергия болады, жаман ниетті «қара магиямен» айналысатын адамдарда қара энергия болады, ақындарда, өнер адамдарында қызыл энергия болады, молдаларда, әулие кісілерде көк энергия болады. Енді қызыл энергияны көбейту үшін өнер адамдары, ақындар табиғатқа жақын болу керек. Биік қырдың, таудың басына шығып, қолыңды созып тұрғанның өзі, желді сезінудің өзі керемет күш береді. Жалаңаяқ жүрген де өте пайдалы, жердің энергиясын алуға болады», – дейді ақын Алмас Темірбай.
Бурабай бауырында, туған жерге қызмет етіп жүрге ақын бүгінде облыстың қазақшалануына біршама еңбек сіңіргені жасырын емес. Көше аттарын қазақшалап, енді ауыл аттарын да ретке келтіруді жоспарлап отыр.
«Соңғы 4-5 жылда үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Ол тек менің, біздің жігіттердің ғана еңбегі емес, қалалық мәдениет бөлімінің, облыстық ішкі саясат басқармасының да жұмысы. Осы қаланың көшелерінің тоқсан пайызы қазақ қазақшаланды, аздаған көше ғана қалды, басқа ұлттардың ақын-жазушыларының ғана аттары қалды, қалғаны түгел қазақша. Биылғы мақсат Зеренді ауданы, Бурабай ауданы, Целиноград ауданы, сол жақтың ауылдарының атын қазақшалау болып тұр», – дейді Алмас Темірбай.