08 қаң, 2018 сағат 09:42

Ақыл мен арға жүгінейік!

Қырғыз әдебиетінің классигі Аалы Тоқамбаевтың «Қазақ Елі» дейтін терең мағыналы өлеңінде: 

Абай, Жамбыл, ақын Біржан жырларын, 
Тау, тоғайда, жасыл түзде жырладым. 
Тоқтағұлдың тоқсан толғау күйлерін, 
Сен де бірге толғай тартып, ырғадың. 
Қазақ Елі, сыңарымсың ұяң бір, 
Қазақ Елі, шықсам биік қияң бір, – деп, салтанатты асыл сезіммен ағайындас, қоныстас, рухтас, мұраттас, тілі, діні, дүниетанымы, көзқарасы, шаруа-кәсібі ұқсас қазақ-қырғыздың тұтастығын келістіре кемелдікпен сипаттағанын әсте ұмытуға болар ма, мұны ата-баба аруағы кешірер ме? Ақиқат алдында, ар алдында, тарих алдында, келешек алдында тереңге бойлаған дәстүрдің тамырын көлденең көк аттының (немесе уақытша ел тізгінін ұстаған есерсоқтың), күбідей күмпілдеген мылжыңның сөзіне бола шорт үзуге болмайды! Қарға тамырлы қазақ пен қырғыздың бірлігі мен берекесіне ешкім сызат түсіре алмаса керек-ті. 

Немесе тағы да қырғыз ақыны Темірқұл Үметәлиевтің керемет толқынды, сырлы лебізінде: 

Көгенді шешсе, бір шешкен, 
Өзен бойлап бір көшкен, 
Келін-қызы сырласып, 
Біздің сүю бір дескен. 
Ас пен тойда жырласып, 
Тоқтағұл, Жамбыл бірге өскен. 
Жайлауға бірге шығысқан, 
Жанаса қонып тұрысқан, 
Ерулік десіп, мал сойған, 
Той-тамаша құрысқан. 
Манас пенен Көкшені 
Ертегімен ұғысқан, – делінген. 

Бұл – тектес, бауырлас екі елдің замандар бойындағы қарым-қатынасының айнасы. 

1902 жыл 21 наурыз. Петрбор. Археология қоғамының Шығыс бөлімшесі. Ш.Уәлиханов мұрасын, әсіресе, ол жазып қалдырған әрі қырғыз тілінен орыс тіліне тәржімалаған «Көкетай хан ертегісін» баспаға алғаш рет әзірлеген Н.Н.Веселовский оның мазмұнымен таныстырып, «Отрывок из поэмы Манас: «Смерть Кукотай хана и его поминки». В переводе Ч.Ч.Валиханова. ЗВОРАО. XV, вып.1., с.VIII-XV» деген атпен Шығыс бөлімінің журналына жариялаған еді. 

Академик Әлкей Марғұланның баяндауынша, Ш.Ш.Уәлиханов «Көкетай ханның ертегісіндегі» атақты ханның демі үзілер алдындағы ғибратты толғамдарына, ас берудің орасан суреттеріне, ерлік пен елдік қасиеттеріне, этнографиялық ұғымдар мен түсініктерге, тарихи-әлеуметтік сарындарға, сөздік-лұғаттық, әдеби сипаттарына мән бергендігін айрықша атайды. Негізінде, Ш.Уәлиханов Омбыда Кадет корпусында оқып жүргенде қазақ пен қырғыз халқының ауыз әдебиетінен дәріс оқыған Н.Ф.Костылецкийдің аузынан естіген. Себебі, оған Жетісу қазақтарының ішінде тілмаштық қызмет жасағандар, бір жағынан, ел әдебиеті үлгілерін жинап жолдап отырған. Сонымен қатар, қазақтың ертегі-жырларын Шоқанның өзі, Халиолла Өскенбаев, Мұстафа Бүркітбаевтар болған. Осы бір жинақталған мәліметтердің ішінде «Манас» жырына қатысты шежірелік деректерді 1849 жылы Жетісу аймағын басқарған жоғары білімді барон К.Л.Врангель жазбаларынан оқыған. 

«Менің қырғыз халқымен араласа бастағаным 1856 жылдан былай қарай. 1856 жылы қырғыздың ұлы манабы Боранбай орыс патшалығын қабылдады. Қырғыз жұртының қалауы бойынша, 1856 жылы полковник Хоментовский жетекшілік жасаған бірінші экспедицияның құрамында Боранбай елінде болып, ескі сөздерін жинап, арғы-бергі ғасырлардағы мән-жайын барладым. Сарыбағыш, Солты тайпаларының ортасында болдым. Қашғарға дейін қоныстанған апайтөс байтақ мекенімен таныстым... Қаншама этнографиялық, тарихи әңгімелерді бірнеше дәптер етіп, хатқа түсірдім». 

Шоқан Боранбайдың тоқсан күндік асына қатысып, дауыл соқтырып, үй солқылдатқан алуан-алуан ақпа ақындарын, жыршыларын, шешендерін, білгірлерін тыңдайды. 

Достықтың тамыры – заман, мәдениет, руханият тарихын тұтастай қамтиды. Бұл орайда ХХ ғасырдың ұлы суреткері, ғұлама ойшылы Мұхтар Әуезов 1959 жылы ақпан айының 24-25 күндерінде Қырғызстан Жазушыларының ІІІ съезінде қазақ пен қырғыз туысқан, сондықтан да тарихы да, мәдениеті де, шаруа-кәсібі де, тілі де ұқсас деген еді. Мұның да нақты дәлелі бар. 1930 жылы САГУ-дің аспиранты М.Әуезов қырғыз эпосы бойынша қолжазба мұраларды зерттеу мақсатында Фрунзе қаласына ғылыми іссапарлап барады, архивтік материалдарды, құжаттарды, мәтіндерді жинастырады. 

1952 жылдың 8 шілдесінде Фрунзе қаласында «Манас» эпосы түбегейлі зерттеу жайындағы конференцияда М.Әуезов: «Манас» эпосын зерттеуді 30-жылдардан бастап, 1935 жылы жұмысымның бірінші нұсқасын жаздым, 1937 жылы толықтырып жаздым, 1944 жылы қайтадан өңдедім» деп айтқан-ды. «Манас» эпосын тұңғыш рет Шоқан Уәлиханов ғылыми айналымға түсірсе, оның ұшан-теңіз ересен еңбегін оқымысты Әлкей Марғұлан толық сипаттаса, білімпаз М.Әуезов «Манас» эпосы туралы он томдай архивтік материалдар жинап, ғылыми-теориялық тұрғыдан сұрыптап-саралап, жүйелеп, сүйекті монография жазды. Әрі «Манас» эпосын теріс пиғыл-түсініктерден қорғады. Қырғыз халқының алдында Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғұлан парасат биігінен ой толғады, туыс елдің ұлылығын айдай әлемге танытты. 

Академик Ә.Марғұлан «Манас» және «Шоқан» атты зерттеуінде Шоқан «Манастың» 3600 жолын жазып алғанын, Манастың эпикалық өмірбаянын, көркемдік мазмұнын, ел тарихын, тұрмыс-тіршілігін, шаруа-кәсібін, көшіп-қонуының тәртібін, ас беру, бәйге ұйымдастыру, сауын айту, жұртшылық қағидаттарын, замана шындығын, әлеуметтік қайшылықтарын, эпостың тарихи тағдырын, қырғыз халқының ертегі-мифтерін, шежірелік деректерін, кісі, жер-су аттарын, Ыстықкөлден Алтай, Саян тауларына шейін созылған ұбақ-шұбақ көш суретін, Орхон жазуындағы, Оғызнамадағы, Қорқыт Ата кітабындағы және «Манас» эпосындағы ұқсас жәйттерді қалайша зерделеп пайымдағанын жетік түсіндіреді. Сондай-ақ автор Шоқан хатқа түсірген «Көкетай ханның ертегісінің» рухын, стилистикасын, құрылымын сақтап тәржімалайды. 

Шығыстың классикалық әдебиеті мен әлем өркениетінен сусындаған, 1888-1902 жылдарда Омбыда шыққан «Дала уалаяты» газеті мен «Айқап» журналын зерделеп оқыған, Абай поэзиясына құмартқан, оның «Патша құдай, сыйындым», «Жаз», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің көркемдік-стилистикалық құрылымына қызығып, Абай үлгісін қолданған Тоғалақ Молда (1860-1942) қырғыз-қазақ әдеби-мәдени байланыстарының алтын арқауы іспетті. Бұл – қырғыз-қазақ халықтарының байырғы дәстүрлерінің жарқын көрінісі.

1936 жылы Сәкен Сейфуллин «Туысқан ел қызық дәуірде» деп мәлімдеген-ді. («Социалистік Қазақстан», 1936 жыл, 24-25 қараша). 

Қырғызстанның ақын-жазушылары Алықұл Османов, Жомарт Бөкенбаев, Байділда Сарноғаев, Қуанышбек Сарноғаев, Насиреддин Байтемиров, Түгелбай Сыдықбеков, Қасымәлі Жантошев, Әуезовтің ақ батасын алған әлемге әйгілі Шыңғыс Айтматов шығармалары да - қазаққа ортақ жауһар қазына. 

Немесе қырғыздың атақты палуаны, 700 кг затты тік көтерген Қожамқұлға (1888-1955) Балуан Шолақ батасын берген (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбайдың дерегі). 

Қырғыз Республикасының Батыры Сүйінбай Ералиев (1921-2016) ақсақалмен бірге 1995 жылы 28 қараша-3 желтоқсан күндері Пәкістанның астанасы Исламабадта Дүниежүзілік конференцияға қатысқан едік. Сүйінбай аға соншалықты сыпайы, қарапайым, мәдениетті екен. Бірде академик Зейнолла Қабдолов, ақындар Ұлықбек, Есенғали куә, о кісі қырғыздың жақ сүйегі босаған қариясының бәйбішесіне айтқан: 

Үйректей болған мойныңнан, 
Өбішіп жатқан ойныңнан. 
Өмірім өтсін өзіңмен, 
Өлігім шықсын қойныңнан, – деген шумағын келтірді. Мұндағы ізгілік, даналық, адамгершілік сұлулық қандай бай, кемел. Халық атынан мейірбандықпен сөйлегендей. Бәріміз де тамсандық. Ұшақ ішінде де қайта-қайта осы бір ой түйдегіне орала бергеніміз есімде. Бір елдің игілігі өзге жұртқа да игілік. Қазақ-қырғыздың кейбір нақылдарында сәйкестік бар. Мысалы: 

1. «Жамандын жанын сактаганча, жакшынын данкын сакта» (қырғызша). 
«Жаманның жанын сақтағанша, жақсының даңқын сақта» (қазақша). 

2. «Бак та байға конот» (қырғызша). 
«Бақ та байға қонады» (қазақша). 

3. «Чөпке бергис такыр бар, байга бергис жакыр бар» (қырғызша). 
«Шөпке бергісіз тақыр бар, байға бергісіз бақыр бар» (қазақша). 

Бұлай болудың шарты – дүниетанымымыз, көзқарасымыз, түп негізіміз бір болғандықтан. Мұны ұмыту – хайуандық. 

1962 жылы Алматыдан жалғанның жартысындай «Манас» батырлық дастанының төрт томдығы шыққан еді. Сол мұраны 1964-1965 жылдарда зағип атама және көкірегі даңғыл сұңғыла ауыл қарияларына сан рет оқып бергенім жадымда. Неше мәрте оқытса да үлкендердің мейірі қанбайтын-ды. Сондағы рухани ләззатқа қарқ еткен мына бір жойқын «Жыр басы»: 

Е...ей, көбі өтірік, көбі шын, 
Көпшіліктің көңілі үшін, 
Көріп келген кісі жоқ, 
Көпірте айтсаң...Ісі жоқ. 
Кейі өтірік, кейі шын, 
Жарандардың көңілі үшін, 
Жанында болған кісі жоқ, 
Жалғаны менен ісі жоқ, 
Қайының беріш кезіндей, 
Ескіліктің көзіндей, 
Аталардан қалған жыр, 
Айтпай қойсақ бола ма? 
(Айтпаса көңіл тола ма?) 
Ғұламадан ұққан сөз, 
Ығылымға жұққан сөз. 
Кәрілерден қалған сөз, 
Хаттай жаттап алған сөз, – дегендей , тау бұлағындай сыңғырлап сылдырлаушы еді. 

Асылы, қазақ халқының бұланайдай биік ойшыл тұлғасы, ақыл-ой шамшырағы – Шоқан, Әуезов, Марғұлан «Манас» эпосының хатқа түсіру, жариялау, зерттеу бағытында іргелі, күрделі, ізгілікті іс қалдырғанын айту, түркі тілдес халықтардың рухани игілігі мен ғылыми-шығармашылық ойлауын байытқанын көрсету – қасиетті парыз. 

Ендеше «Манас» жырындағы Алмамбеттің: 

Көкіректе жаным бір, 
Көмекейде тілім бір, 
Төскейде малым бір, – деп Көкшеге айтқан тарихи сөзінің түп-төркінін түсінейік! Ақыл мен арға жүгінейік! «Алтын ердің қасы, Ата – жұрттың басы» Көкетай ханның арманын аяқасты етпейік! 

Жылқы мінезді қазақпыз! «Жылқы үстінен құлаған кісіге жалын төсейді!» дегендей, мәрт, жомарт, ақпейіл, дарқан кешірімпаз ел екенімізді қаперге алып, арға теріс мінген, арды аялаудың орнына қақ шекеден аңқитқан атамбаевтарға құр ренжімей, арғы және бергі тарихты және болашақты ойлайық. Қос елдің елдігі мен абыройын бағамдайық. 

Байсалды бабалардан жеткен ақыл: «Барыңды қадірле, жоғыңды қалпына келтір, қаңғырлап-саңғырлаған бос шелектей болма, қасиет қазынасын молайт!» дейді. Бізбен байланыстағы қырғыз зиялылары да осы ойда екенін жақсы білеміз. Олар атамбаевшылдық үшін ұялатынын жиі айтады. «Ондайларға мән бермеңіздер» дейді. 

Намысты бабалардан жеткен ар: «Ел мен елді бұзық бітістірмейді, бірлік бітістіреді» дейді. Тамырлас қос халықтың ар туралы ақыл-нақылының мазмұны да, мәні де бір. 

Қалай дегенде ақыл мен арға жүгінген жұрт өзгеден озық тұрады. 

Серік НЕГИМОВ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
филология ғылымдарының докторы, 
профессор