09 ақп, 2024 сағат 11:14

Ақтөбе облысының әкімі өңірде қалыптасқан жағдай жөнінде бейнежазба жариялады


Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында өңірде қалыптасқан жағдай туралы бейнежазба жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, облыстағы 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.

«Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдардан 81 техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды. Оларға 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды», - деген Асхат Шахаров өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталған, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін атап өтті.


«Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол - 2700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі», - деп атап өтті облыс әкімі.

Ал сумен қамту бойынша «Төменгі Қарғалы» және «Тамды» тоғандары, сондай-ақ қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.

Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны орын алған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырған.

«Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық», - деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.