09 жел, 2020 сағат 10:00

Ақтөбе облысындағы серіктестік экология талаптарын өрескел бұзған – министрлік

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ақтөбе облысындағы кәсіпорынды тексеріп, экологиялық заңнаманың өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары «Парижская коммуна XXI» ЖШС мал шаруашылығы кәсіпорнының қызметіне қатысты аймақтың экология департаментіне шағымданды.

Жақында жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында, қазылған траншеяларда биологиялық және құрылыс қалдықтарын ішінара көму арқылы аралас түрде орналастыру фактісі анықталды. Орналастыру алаңы 5,6 га құрады. Бұл ретте, экологиялық жобада жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеу көзделген.

«Топырақ сынамаларының химиялық талдауы алаңда ластаушы заттардың 26 мың м2 астам концентрациясының артуын көрсетті. Сонымен қатар, 40 мың бас шошқаға арналған мал шаруашылығы кешенінде 51 мыңнан астам бас болған. Анықталған экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін Департамент кәсіпорынға қатысты 11 әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ, сұратылған мәліметтерді беруге кедергі келтіргені үшін 3 әкімшілік хаттама толтырылды»,-делінген хабарламада. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта, кәсіпорынның қоршаған ортаға келтірген залалдарының сомасы есептелуде. Бұдан басқа, қалдықтарды орналастыру және сарқынды суларды ағызу бөлігінде ЖШС қызметін тоқтата тұру туралы талап арызға бастама жасалатын болады.