Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті дамыту және жұмыс орындарын көбейту мақсатында «Нұр капитал» жобасы енгізілді.
«Нұр капитал» бағдарламасы аясында тұрғындардың өз кәсіптерін ашу үшін оқыту жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаның мақсаты – аймақ тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтерумен қатар жұмыс орындарын көбейту.
Бүгінде жас кәсіп иелері аталмыш жобаның арқасында бірқатар жобаларды ұсынуда. Солардың бірі – балабақша бүлдіршіндерін цифрлық бағдарлама арқылы оқыту.
«Жақында маған жас кәсіпкерлер келіп, балабақшадағы оқу жүйесін цифрлық жүйе бойынша оқыту жобасын айтты. Олардың жобасы 10 млн теңгеге бағаланып отыр. Жас таланттардың бұл ісі құптауға тұрарлық. Осы жобамен олар Белорусияда өткен халықаралық олимпиадада бірінші орынды алған болатын. Аталған жобаларын орындау үшін қаражат бөлінетін болады. Ауылдан шыққан осындай жас таланттарды қолдауымыз қажет» – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев.
Бұған қоса, ол Үкімет басшысының аталған жобаны қолдағанын, сондай-ақ оны өзге де өңірлерге енгізуді ұсынғанын айтты.
«Бағдарлама аясында ашылатын кәсіпорындарға 1 пайыздық мөлшермен несие беру жоспарланған. Жоба бойынша 3 млн теңгеден 30 млн теңге аралығында несие беріледі. Қазіргі таңда 150 жоба қаралу үстінде. Нәтижесінде 1400 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл бағдарламаға 2 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 1 пайыздық мөлшермен несие алып, кәсіп ашқысы келетіндер өздерінің бизнес жоспарларын жазып, қатысуларына болады», – деп атап өтті Р. Сакеев.
Цифрландыру процесінің кең етек алып, барлық салаларды қамтудың арқасында өндіріс орындарына жаңа технологиялардың келуі адами факторды азайтып отыр. Осыған байланысты Маңғыстау облысының әкімдігі өндіріс орнынан босап қалған мамандарға басқа мамандық беру мақсатында арнайы сабақтарды өткізіп жатыр.
«Жаңа технологиялардың арқасында жұмыстың басым бөлігі автоматты түрде орындалады. Адами факторды азайтады. Десе де, осы жағдайға байланысты біз кешенді шараларды қабылдадық. Жұмыстан босап қалған адамдарды өзге мамандыққа оқыттық», – деді спикер.
Цифрлық жаңашылдықтар өндіріс өнімін молайтуға, шығын көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған болатын. Ондағы мақсат – әлеуметтің әлеуетін арттыру, экономикалық өсімді арттыру, тұрғындарға жайлылық пен жақсы қызмет ұсыну.