Фото: Gov.kz
2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 (4K-AZ65) әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаның жылдығына орай Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссиясы аралық хабарлама дайындады, деп хабарлайды Ult.kz.
Аралық есеп Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) туралы конвенцияның 13-қосымшасының талаптарына, сондай-ақ азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес әзірленген. Құжат ҚР Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланған.
Комиссияның мәліметінше, ИКАО-ның 13-қосымшасына сәйкес авиациялық оқиғаны тергеп-тексерудің басты мақсаты – болашақта осындай жағдайлардың алдын алу. Тергеу қандай да бір тұлғаның кінәсін немесе жауапкершілік деңгейін анықтауға бағытталмайды.
Сонымен қатар комиссия авиациялық оқиғаны тергеп-тексерумен қатар, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық тергеу де жүргізіліп жатқанын атап өтті. ИКАО талаптарына сәйкес, авиациялық тергеу сот немесе әкімшілік іс жүргізулерден бөлек жүзеге асырылады.
Қағидаларға сай, тергеп-тексеруге қатысушылар оқиғаға қатысты ақпаратты тек ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу мақсатында пайдалана алады. Тергеу аяқталғанға дейін оның барысы туралы мәліметтер жария етілмейді.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексерудің түпкілікті мерзімі барлық тағайындалған зерттеулер мен жұмыстардың аяқталуына байланысты болмақ. Оқиғаның себептері мен ықпал еткен факторлар, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі бойынша ұсынымдар түпкілікті есепте көрсетіледі.
Айта кетейік, Грозный қаласында Ақтау маңындағы әуе апатында қаза тапқандарға арналған мемориал ашылды.
