Әлеуметтік желілерде кішкентай баланың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан әкесін қайтаруға көмектесуін сұрап жылаған видеосы тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақорданың алдында отырған балақай өзін түсіріп тұрған камераға қарап, мемлекет басшысынан әкесін қайтаруды өтінеді. Өзінің анасымен бірге Семейден келгенін айтады.
"Құрметті Назарбаев ата, әкемді қайтарыңызшы. Біз Алматы мен Семейден Астанаға сізге келдік. Құжатымды ұзартуға келдім. Менің атым – Ақжол, анамның аты – Шынар, әкемнің аты – Жарқынбек. Мен сабаққа барамын, анам жұмыс істейді. Сосын анам кешке келіп, мені алып кетеді. Әкемді қайтарып беріңізші, өтініп сұраймын. Алладан түні бойы тілеймін", — деген ол кенеттен екі алақанымен бетін басып, қатты жылап жібереді.
Видеоға оны анасы түсіріп тұрған сыңайлы.
"Анам жұмыс істейді, біз пәтерде тұрамыз…. Мама, жылама", — деп анасын жұбатады.