Алматы облысының Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида БАЛАЕВА «Қызыр қонған құт мекен» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Танымдық сипатта жазылған еңбек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында жарық көріп отыр. Осы ретте, салтанатты шараны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да кітап авторының тұсаукесерді кіндік қаны тамған киелі мекенде өткізуді жөн санағанын атап өтті.
Жиынға қатысқан көпшілікке жүрекжарды лебізін білдірген Аида Балаева кітаптың қолға алынуына туған топыраққа деген перзенттік махаббатының түрткі болғанын айтты. Ақыны нөсерлеп жыр төккен, батыры баянды жұрт еткен өлкенің тарихын зерделеп, көңіл тебіренісін ақ қағазға түсіруі алдағы үлкен еңбектің бастамасы деп білетінін жеткізді.
– Идеяның иі қанып, әбден пісуі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезеңге сәйкес келді. Мұның да үлкен символдық мәні бар деп білемін. Елбасы айтқандай, әркім Туған жерінің дамуына үлес қосу арқылы, Туған елдің өркендеуіне еңбек етеді, – дейді Аида Балаева.
Қызыр қонған киелі мекеннің шежіресінен сыр шертетін кітап туралы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, аудандық «Атамекен» газетінің директор – бас редакторы Рәтбек Сәдуақасұлы пікір білдіріп, жоғары баға берді.
– Бұл – балаларға арналған кітап. Сондықтан, барынша қарапайым тілмен баяндалған. Тарихи деректердің мазмұны ашылып, түсінікті жазылған. Кітап кішкентай оқырмандардың бойына туған жеріне деген сүйіспеншілік дарытуға аз да болса үлес қосса – менің мақсатымның орындалғаны. Ол оқушылардың туған жерін тереңірек зерттеуге құлшынысын да оятар деп үміттенемін. Болашақта іргелі зерттеулер жасалып, кітаптағы мәліметтер ғылыми тұрғыдан баи түсеріне сенімдімін", - деп атап өтті Аида Ғалымқызы.
Отаншылдыққа, патриотизмге үндеу мақсатындағы көлемді кітап балалардың талғамына сай көзге тартымды, көңілге қонымды сапалы басылған. Онда киелі жерлер, тарихи орындар, осы өңірден шыққан ұлт тұлғалары, жер-су аттарының шығу төркіні, ең аяғы шежіре, аңыз-әңгімелерге дейін орын берілген. Ауданның өткенімен қатар бүгінінен де мол мағлұмат қамтылып, әрбір ауылдық аймақ пен елді мекенге жеке-жеке тоқталған. Шарада ақын Надежда Лушникова қаламгер сіңлісіне арнап өлең оқыды.
Сахна төрінде жасалған тұсаукесер рәсімінде Аида Балаева жинақтың алғашқы данасын тарих пәнінен сабақ берген сүйікті ұстазы Нұршагүл Абаеваға тапсырды. Келген жұртшылыққа да кітабын сыйлады. Кеш соңында аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері ән-жырдан шашу шашты.
Жерлестерімен емен-жарқын жүздескен Аида Ғалымқызы туған ауылы Жамбылға барып, мұражайдағы ақын кесенесі мен Нұрғиса Тілендиев ескерткішіне гүл шоғын қойды. Одан соң өзі білім алған Жамбыл орта мектебіне кірген автор ұстаздар мен оқушыларға кітабын таратып, интерактивті тақта сыйлады.
Қозыбай ҚҰРМАН,
Алматы облысы
Идеяның иі қанып, әбден пісуі Елбасының«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезеңге сәйкес келді.
Мұның да үлкен символдық мәні бар деп білемін.
Елбасы айтқандай, әркім Туған жерінің дамуына үлес қосу арқылы, Туған елдің өркендеуіне еңбек етеді.