«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия хатшысы, ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аударып жатқан аудармашы, редакторлармен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесуде Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай мемлекеттерінен келген аудармашы-әдебиетшілермен қазақ әдебиеті жинақтарын аудару барысы талқыланды.
Аида Ғалымқызы қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару бастамасы бұрын-соңды болмаған ерекше жоба екендігіне тоқталып, «біздің басты міндетіміз - аударманың көркемдік сапасы қамтамасыз ету. Біз ол үшін қажет дүниенің барлығын істеп жатырмыз. Сондықтан, аудармашылар мен біздің авторлардың осындай кездесуі осы міндетті орындауымызға септігін тигізеді деген үміттемін», - деді. Сонымен бірге, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған мәдениет пен әдебиетті дамытуға бағытталған шараларымен таныстырып, оны іске асыруға атсалысуға шақырды.
Қазіргі таңда антологияның ағылшын, француз, испан және орыс тілдеріндегі жолма-жол аудармасы аяқталды. Қытай мен араб тілдеріндегі жолма-жол аударма процесі жүріп жатыр. Аудармашылар мен қазақстандық авторлардың мұндай кездесуі аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек.