Соңғы отыз жылдағы құрғақшылықтың салдарынан Африка елдерінде 13 миллион адам аштықтан зардап шегуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.
«Эфиопия, Кения және Сомалиде қатарынан өткен үш жаңбырлы маусымда жауын-шашын аз түскен. Бұл егіннің өспеуіне және малдардың қырылуына әкелді. Көптеген отбасылар су мен жайылымның жетіспеушілігінен үйлерін тастап, қалаға кетуге мәжбүр етуде. Сонымен қатар, қауымдастықтар арасында қақтығыстар көбейген. Африка елдерінде қуаңшылықтан егін қурап, мал қырылып, ашаршылық болуда», - деді БҰҰ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы Шығыс Африкадағы тұрақты бюросының директоры Майкл Данфорд. Сонымен қатар, жақын арада жауын-шашынның орташадан төмен түсетіні туралы болжам онсыз да ауыр жағдайды ушықтыруы мүмкін. Құрғақшылық Эфиопияның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында, Кенияның оңтүстік-шығысында және солтүстігінде және оңтүстік-орталық Сомалиде жайылымдық және фермерлік қауымдастықтарды жойып жіберді. Бұл негізгі азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне әкеліп, ауыл шаруашылығындағы жұмысшылар күшіне деген сұранысты одан әрі төмендетті. Осының бәрі азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиындықтар туғызды. Шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай тек ушыға түседі.
ЮНИСЕФ-тің болжамы бойынша, Африка елдерінде азыққа мұқтаж адамдардың саны Греция мен Швеция халқымен тең дерлік.
«Олардың көбі - 40 жылдағы ең нашар климаттық төтенше жағдайлардың біріне байланысты қауіп төніп тұрған балалар», - деді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Шығыс және Оңтүстік Африкадағы өңірлік директоры Мохамед Фолл.
Аймақтың COVID-19, қақтығыстар және климаттың өзгеруі сияқты төніп тұрған бірден үш қауіпке төтеп бере алмайтынын ескерткен ЮНИСЕФ өкілі көптеген балалардың баспана, тамақ, білімнен және медициналық көмектен айырылғанын атап өтті. Қазіргі уақытта аймақтағы 5,5 миллионға жуық балаға аштық қаупі төніп тұр. Бұл дағдарыстан шығу үшін бүкіл халықаралық қауымдастықтың ұжымдық күш-жігері қажет.
2022 жылы Африка елдерінде операциялар үшін ЮНИСЕФ донорлардан 123 миллион доллар сұрады.
«Миллиондаған адамдардың өмірі мен болашағы осыған байланысты. Бірлесіп, шұғыл, жан-жақты әрекет етуіміз керек», - деді ЮНИСЕФ өкілі.