21 қаң, 2022 сағат 16:15

Адвокат Абзал Құспан қоғамдық комиссия құруды ұсынды


Оның айтуынша, митингке қатысушыларға қатысты құқық қорғау органдарындағы материалдар бойынша қоғамдық комиссия құрылуы тиіс, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Одан басқа жолды көріп тұрған жоқпын! Иә, қылмыстық істерді тергеудің өз тәртібі бар, дегенмен заңсыз ұсталды, заңсыз қамалды, ұрып-соқты, азаптады деген арыз-шағымдар легі толастар емес! Ондай жағдайда, қоғам өкілдері бұл жағдайды өз бақылауына алып, көз жеткізуге тиісті деп есептеймін!» - дейді адвокат.

Абзал Құспан құқық қорғау органдарына, әсіресе жергілікті жердегі өкілдеріне ел тарапынан сенім жоқтығын алға тартады. Оның қарапайым мысалы ретінде өзіне қатысты жағдайды айталы. Осы айдың 7-і күні Орал қаласында белгілі журналист Лұқпан Ахмедьяров екеуі президент атына петиция жолдамақ болған. Соның 4 бөліктен тұратын талабының 1-сі осы бейбіт митингке қатысушы белсенділерді қудаламау туралы болған. Алайда Лұқпанды таңертең үйінен әкетіп, мен «Уральская неделя» газетінің редакциясынан ұстап әкетіп қамап тастаған. Адвокаттың өзі асығыс жағдайда оқып және интервью беріп үлгерген.

«Бірақ Лұқпанға, қолдап келген Бекнұр Санжаров және маған осы әрекетіміз үшін сот 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Елге белгілі біздерге қатысты осындай әрекеттерге барған жергілікті органдар заңнан хабары жоқ, қарапайым азаматтарға не істемейді?! Сондықтан бұл үндеуді қолдауды, мейлінше таратуды сұраймын!» - дейді ол.