Фото: ашық дереккөз
Етті алған соң пакетті қоқыс жәшігіне тастайын деп жатыр ем, енем "жуу керек", деді. "Пакет жуғаны несі", деп көзім бақырайып тұрғанда, "қан жұққан пакет далада тұрғанда, оның иісіне тарақан, құмырсқа көп жиналады", деді.
"Туу, мама, енді қоқысты да қоқысқа тазалап саламыз ба, онсыз да Швейцариялықтар құсап сұрыптаймыз ғой", дедім күліп. Енем жымиды. Ол кісінің сөзімен әрекеті ешқашан бөлек жүрмейтінін білем, нені болсын біліп айтады. Пакетті тез тез жуып, қоқысқа салдым.
Біздің үйде бұрыннан келе жатқан әдет бар, қоқысты үйден сұрыптау. Оны автоматты түрде істейміз, ешкім анау айтқандай сұрыптап отырмайды.
Қоқысқа бірнеше пакет арнаймыз: тамақ қалдықтарына бөлек, қағазға бөлек, бутылкаға бөлек және жеміс-жидек, көкөніске, пластикке бөлек тұрады.
Шәйдің қалдығы, банан мен жұмыртқаның қабығын бөлек бір пакетке саламыз. Ол бау-бақшаға кетеді. Топырақтың құнарлығын арттырады. Кальций мен витамин жеміс ағаштарына да керек. Жұмыртқаның қабығы мен банан туралы бірнеше жыл бұрын Ғалым Боқаштан естіген ем, содан бері оларды кәдеге жаратып келеміз.
Бұл тәртіп ешқашан бұзылмайды. Бірінікіне бірі кетіп қалмайды. Тек қонақ келгенде білместіктен біреу сала салмаса, үйде бәрі осы тәртіппен салады.
Жеміс - жидек, көкөністің қалдықтарын көршіміздің қояндарына береміз, оны келісілген орынға қоямыз, өздері аптасына 2-3 рет келіп, алып кетеді. Тамақ қалдықтары - иттікі.
Артық киімдер де жөнелтіледі. Қағаз макулатура қабылдайтын жерге кетеді. Қалғанын алып кетеді.
Адамзат қалдықсыз өмір сүруге үйренуі керек, яғни ысырапсыз. Далаға шашпай, төкпей, керегін ғана пайдалану - саналы адамның ісі.
Ол үшін тамақты, киімді, басқа затты да керегінше ғана алып үйрену керек. Балаларды да соған үйрету қажет. Сән ай сайын өзгереді, киім, зат ала бергеннен қоқыс көбейеді.
Жер бетін қоқыстан тазалаудың төте жолы - барынша қалдықсыз пайдалану. Ауаны, экосистеманы таза ұстауды ойлау керек. Өз денсаулығымыз үшін, болашақ үшін.
Авторы: Жанар Шамель