27 қаң, 2022 сағат 20:22

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Бас прокуратураны анонимді шағымдарға құлақ асуға шақырды


Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Бас прокуратураны қаңтар трагедиясына байланысты тергеулер бойынша түскен анонимді шағымдарға құлақ асуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Хабар-24» телеарнасында өткен брифингіде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл елдегі Төтенше жағдай режимі кезінде қамауға алынғандардың құқықтары бұзылғанын растайтын деректер бар екенін айтты. 

«Азаматтардың құқығы бұзылғаны туралы 39 өтініш түсті. Оның 20-сы — азаптау мен қатыгездікке қатысты жазбаша түрде түскен өтініштер. Қалғандары негізсіз қамауға алу, әкімшілік жазалау туралы сот шешімдерімен келіспеу, медициналық көмек көрсетпеу, адвокаттарды жібермеу мәселелеріне қатысты», - деді Эльвира Әзімова.

Эльвира Әзімова Атыраудағы резонансты жағдай бойынша пікір білдіре келіп, Бас прокуратураға ұсыныс тастады.

«Айтылған барлық мән-жайларды және азаматтардың қылмыстық қудалаудан қорқатынын ескере отырып, Бас прокуратураға нақты шағымдардың түсуін күтпей, барлық анонимдік түрде келген хабарламаларды, сондай-ақ, әлеуметтік желідегі хабарламаларды тексеруді бастау керек», -деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.