11 ақп, 2022 сағат 14:14

Абзал Құспан: Тергеу изоляторына санкциямен түскен азаматтарды азаптап жатқан жоқ


Тергеу изоляторына соттың санкциясымен түскен азаматтарды азаптап жатқан жоқ. Бұл туралы «Аманат» комсиссиясының төрағасы Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің тікелей міндетімізге кірмесе де, тергеу изоляторына кірген кезде шағым айтқан азаматтардың арыздарын жазып алып, ол бойынша Бас прокуратураға 4 беттік ұсынысымызды жеткіздік. Алғашқы ұрып-соғу азаптау жағдайлары ұстау кезінде болған. 5-6 қаңтар жаппай тәртіпсіздік болса, шамамен, 8, 9, 10 қаңтар аралығында жаппай ұстау шаралары жүргізілді. Осы кезде сондай әрекетке жол берілді, - деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, ұсталған кезде құқық қорғау органдары тарапынан жәбір көрген азаматтардың ісін прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызмет тексереді. Алматы қаласы және өзге өңірлерде Антикор тарапынан ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты қозғаған қылмыстық істер бар. 

«Талдықорған қаласында азамат Батырбаевтың қандай жағдайға ұшырағанын тәптіштеп жазып берген біздің комиссия болатынын. Арқасына үтік басқанын, қандай халде жатқанын мерзімдерімен көрсеттік. Ондай жағдайларды біз ашық айттық. Оларға қатысты Бас прокуратура да әсер етіп, жұмыс істеп жатыр. Қамауға оқ тиіп жарақат алған азаматтардың жағдайы сол жерде жіті қаралды. Бірақ біз ең алдымен осындай санатты босату істерімен айналыстық. Ал тергеу изоляторына соттың санкциясымен түскен азаматтарды азаптап жатыр деп айта алмаймыз. Себебі бізге түскен арыз-шағымдардың барлығы ұстау кезінде болғанын айтады, - деді адвокат.