Қалтай Мұхамеджанов – қазақ драматургиясындағы қайталанбас тұлға. Оған ойдағыдай қанығу үшін ең әуелі бір сәт көз алдымызға осыдан қырық тоғыз жыл бұрынғы Алматыны елестетейікші. Етектен тауға қарай шаншыла шапшыған Дзержинский көшесі. Оның бір шеті бөтекедей бұлтиған жасыл бөктерлерге, екінші шеті кеуіп қала жаздаған тұңқима сайға барып тірелетін Виноградов көшесімен қиылысатын мүйісі. Шығыс бетінде – ат шаптырым жерді бір өзі алып жатқан қара сұр үй. Қашан көрсең де, әлгінде ғана өлік шығарғандай мөлиеді де тұрады. Сыртына көзің түскеннен-ақ, қаралай қаймығасың. Аты да – абайлап айтпасыңызға болмастай. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті. Батыс бетінде – қамыс бумалардан қауқита салған қарапайым ғимарат. Келін түсіріп жатқандай, күнде-күнде абыр-сабыр. Республикалық қазақ драма театры. Осының өзінен-ақ аталмыш кезеңдегі ұлттық драматургия кеңістігінің қаншалықты бостан болғандығын шамалай беруге болатындай.
Ол кездегі театр, расында да, гардеробтан басталатын. Табалдырықтан аттамас бұрын, босағаға сүйеулі тұрған сыпыртқыны алып, шылапшын толы суға малып, аяқ киіміңізді тазалайсыз. Ішке кіргесін гардеробқа барып, бас киіміңізді, үс киіміңізді, галошыңызды тапсырасыз. Сосын аядай фойеге өтіп, ағылып-төгіліп келіп жатқан театршыл қауымды қызықтайсыз.
Әлі ешқандай қоңырау соғылмай тұрғанда, басын сәждеге беріп, намазға жығылатын пірәдардай екі құлақ шекесін алақанымен басып, аһылап-уһілеп, Әлжекең (Әлжаппар Әбішев) келеді. Сосын марқұм Жақан Сыздықов ағамыз айтқандай, «алшайта тастап аяғын, аспанға шаншып таяғын» Әбекең (Әбділда Тәжібаев) пен шалқар көлдің желді күнгі толқынындай уда-дуда көкбурыл шашын шалқасынан қайырып, шалқақтай басып, Шахмет Құсайынов көрінеді. Олардың соңында емпеңдеп келе жатқан етжеңді кісі – Мұқатай Ақынжанов. «Ыбырай Алтынсарины» мен «Исатай Махамбеті» облыстық театрлардың, «Алтын сақасы» балалар театрының сахнасынан түспейді. Солай бола тұра, көп көрерменнің бірі сияқты. Ортаңғы қатарға барып, қонжия кетеді.
Араға сәл толас салып, екінші қоңырау соғылады. Сол-ақ екен, үлде мен бүлдеге малынып, Ғабең (Ғабит Мүсірепов) аттайды. Ой, пәлі! Десеңізші! Театрға келген адам деген осындай болмас па?! Неткен паң, неткен сән! Баяғыдағы түрік қызының бетіндегі бүргедей меңге бола, Самарқан мен Бұхарды қоса қабат сыйлап жібере жаздаған Сағди ақындай сақилар табылып жатса, біздің Ғабеңнің башмағына Баласағұнды, қалпағына Қашғарды, шалбарына Шанхайды, пиджагіне Парижді түк қиналмастан қия салуы ғажап емес екен-ау!. Еркек біткенді таңғалтып, ару біткенді тамсантып, шеттерінен шалқаларынан түсіре жаздаған тарлан сері көз біткеннің сұғын сарқып, қаздай қалқып, алдыңғы қатарға қарай аяңдайды.
Өз тілдерін өздері жұтып қойғандай, бір сәт сілтідей тынып қалған көпшілік кенет аспаннан біреу томп еткізіп батпан құйрық тастай салғандай, гу ете түседі. Есіктің жақтауынан қолтығында – бәйбішесі, басында – түлкі бөркі, үстінде – түйенің жүнінен тоқылған шекпенімен сырып қаптаған тері ішігі бар Сәбит Мұқанов балпаңдай басып, ішке енеді. Қашан көрсең де, жайраңдап жүретін жайдары кісі кішкентай көздерін сыдырта қыдыртып, сығырая қарап, жүзін жылытып, мұртын жібітіп, жан-жағынан жан тастамай, басын изеп, түгел амандасып шығады.
Олардан кейін қол созым жерде жұртты қаралай қорқытатын қаһарлы журналдың бас редакторы Қайнекей Жармағамбетовты қарлыққанша қарқылдата күлдіріп: «Әй, Қайнекей, Қайнекей, ақшаң бар ма, қанеки?! Ақшаң болса, Қайнекей, рестораның – әнеки, Садықбегің – мінеки», – деп, ішек-сілесін қатырып, сатирик Адамбеков сайқымазақтанып келеді.
Ең соңынан: «Батыр болсаңыздар, кәні, менсіз бастап көріңіздерші, түге!» – деп, тепсіне басып, есікті шалқасынан қайырып, жұлқына ашып, мөлттей қара костюм мен қардай аппақ көйлекке еркек мысықтың мұртындай сертитіп, едірейте бантик тағып, қолындағы сәнқой таяғын тақтай еденге тарс еткізіп, Әзірет Әлі ұстаған Зұлпықардай, қадалта шаншып, беті бедірейіп, көзі ежірейіп, еріні қыбырлап, мұрты жыбырлап, кеңірдегі кернеуі жоғары электр сымындай ышқына шіреніп, «атынан айналайын Константин Сергеевич Станиславскийден» басқаларға пысқырып та қарамайтын қатал да қайсар сахна Зевсы Асқар Тоқпанов нөсерлі түндегі жай отындай жарқ ете қалады.
Есік алдындағылар сыртқа қарай соңғы рет мойындарын созады. Машинадан түсіп жатқан ешкім көрінбейді. «Қара шал Алматыда жоқ болды ғой!» – деп, іштерінен күбірлеп, есікті бекітеді. Әдетте үшінші қоңыраудың алдын ала Мұхтар Әуезов келетін болса керек. «Ол бүгін келмейді», – дегендей, айқайға басып, ақтық қоңырау шар етеді.
Жұрттың назары есікті тастап, сахнаға ауады. Ол кезде қазақ драма театрының қай ойыны да осындай ұлы жиын, думан тойға жиылғандай, өзінше бір сәнді салтанатпен басталатын. Басқалар келмесе де, драматургтер тайлы-таяғы қалмай, түгел жиылады. Сол бір жолы да дәл осылай болып еді. «Лениншіл жастың» бір топ штаттан тыс тілшілері студенттерге бағышталған арнайы сан шығарғалы жатқанбыз. Өнер бөліміне кіргенімізде: «Ертең, демалыс күні сиыр сәскеде драма театрында жаңа қойылым тапсырылады. Артынан қоғамдық талқылау болады. Біздің жігіттермен бірге барып, қатысып қайтыңыздар», – деген тапсырма алғанбыз.
Шымылдық ашылғаннан жұрт езуіне ие бола алмады. Үсті-үстіне шапалақ ұрып, қыран-топан күлкіге батты. Бірақ, артындағы талқылау кезінде бәрі де молдаға берген балалардай монтия қалысты. Ағынан жарылып, мақтай жөнелгендер табылмады. Ұрынып-берініп ірей сынап жатқандар да көрінбеді. Бәрі де неге екені белгісіз, әңгіменің артын сиырқұйымшақтатып сипақтай сөйледі. Ойын кезіндегі көңіл күй мен талқылау кезіндегі көңіл күйден атшаптырым алшақтық аңғарып, аңтарылып қайттық.
Арада әлденеше апта өтті. Мерзімдік басылымдардың ешқайсысы жаңа қойылым жөнінде жақ ашпады. Кенет «Лениншіл жастың» үшінші бетінен «Біз бұл күлкіге дән ырзамыз» деген тақырып жарқ ете қалды. Авторы – анау-мынау емес, Мұхтар Әуезов. Жақында ғана Сергей Коненков, Сергей Прокопьев, Галина Улановалармен бірге Лениндік сыйлық алып, атағының аспандап тұрған кезі. Атағымен бірге өзі де әлемді шарлап, ауылда тұрмайды. Сыңайы, сондай бір сапарынан Алматыға оралғанда, өз үйіндей болып кеткен етене театрдағы жаңа қойылымды есітіп, әдейілеп барып көрген. Қатты ұнаған. Алған әсерін жас оқырмандарға жайып салған.
Сол-ақ екен, пәлен күннен бері ауыздарына су құйып алғандай, тым-тырс жатқан газеттер жарыса мақтай жөнелді. Сөйтсе, жас автордың кейіпкерлерінің ауыздарынан шыққан әр реплика қышыған жерлерінен дөп басып, айыздарын қандырғандарымен, әліптің артын бағып үйренген, әдеби пікір ағыл-тегіл болып ағынан жарылуға батылдық ете алмапты. Өйткені, бұрын құлақ сарсыта қоймаған жаңа есімнің көрермен назарына ұсынып отырғаны күнде-күнде кездесіп жүрген үйреншікті жайттар болғанымен, көркемдік шындық ретінде алға тосылуы қазақ сахнасында алғаш рет еді.
Оның үстіне, бір кездегі Белинскийдің «таныс бейтаныс» ретінде түсіндіретін типтік бейнесін тапсынған таптық сана қатып семген саяси стандарттарға – ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлерге жіктейтін. Әр алуан адам мінездерінің шарпысуынан өрбитін психологиялық үдерістердің ар жағынан қоғамдық астар іздейтін сыншыл реализм жақ-жақ, тап-тап болып жаға жыртысқан текетірестерді қызықтайтын социалисте реализмге айналған. Ол қисынға салсаңыз, Қалтай Мұхамеджанов ұсынып отырған шығармада, ең алдымен, социалисте реализм эстетикасының айдан анық талаптарына жауап бере алатындай бірде бір жағымды кейіпкер жоқ еді. Олардың арасындағы, бұл тұрғыдан келгенде, иман жүзділігі бар жалғыз адам – Алматыдағы тойға қияндағы ауылдан қап арқалап келген қара шал еді. Оның өзі де көргендерінің бәрінен бетін басып, қайдан келдімге түсіп, басымен қайғы болып кетіп еді.
Сонда қарапайым еңбек адамын осынша шошынтып жүргендерді қалайша кеңестік заманның кейіпкерлері деп, олар құрып жатқан тұрмысты қалайша социалистік қоғамның шындығы деп айта алмақсыз?! Ал олардың бәрін мансұқтап, жалғыз өзі сары уайым сапырып жүрген сандалбай отағасыны жақтайын десеңіз, оның өзінің де бетін шымшып, жүрегін ұстағаннан басқа, бітіріп жүргені шамалытын.
Бұның бәрі, негізінен сахналанған ұлттық эпос, революциялық пафостағы идеологиялық жарнамалар мен хроникалар, өндірістік репортаждар мен «Үгітші блокноты» мақалаларын еске салатын саяси-әлеуметтік диспуттардан, сосын азғантай мөлшердегі әлеуметтік және жалпы кеңестік аударма классикадан тұратын репертуарлық ая ауқымындағы шетаймақ театры үшін нағыз жүрек жұтқандық пен шын мәніндегі идеялық-көркемдік «ересь» еді.
Мұндай жағдайда, маркстік догматшыл эстетиканы ұстанатын әдебиет пен театр сынының үндесе, не дейтіні белгілі. Одан да осы ауыз ашпай жатқаны дұрыс. Өз көрермендерін осындай тығырыққа әкеп тіреген тұмса қаламгердің драматургияға келердегі тұсауын алтын қайшымен өз қолынан қиып берген айтулы суреткер Мұхтар Әуезовтің сонда бөркін аспанға атып, мұншама қуануының сыры неде? Оны М.Әуезов көп ұзамай «Литературная газетадағы» өз заманының кейіпкері туралы ой-толғамдарында ашып та, аршып та айтты.
Сөйтсе, оқырман әлемінің ауызына жаппай ілігіп жатқан қазақ жазушысын алғашқы бесжылдықтар тұсындағы алысқан жауын алып ұрып, жықпай қоймайтын әпербақан күрескерлік, кейінгі бесжылдықтар тұсындағы көбірек насихатталған айтқан мақсатына жетпей тынбайтын тұқшыңдаған табандылық мүлдем қанағаттандырмайды екен.
Ол сондай өліміңді сатып, өзегіңді үздіретіндей ентелететін «ерен» мақсаттың қайдан, қалай өрбіп жүргендігіне терең қанығып, оның енді қалай өрістеп, нендей нәтижеге жеткізетіндігін мейлінше зерделеп, өз таңдауының оң-терісін ар безбеніне тартып, таразылай алатын талдамалы талғамға, сарапшыл санаға, салиқалы парасатқа ие кемел ақылды кейіпкерлерді аңсайды екен.
Сол жолдағы соны ізденістердің соңына түсіпті. Жас әріптесінің тырнақалды туындысынан да сондай өзімен үндес талпынысты байқапты. Әдебиеттегі адам тағдырын заманауи шындықтың айнасына балайтын ескі кескіндемеден кетіп, адам бойындағы құштарлықтарды қоғамдық тіршілікті өзгертуші күш-жігер ретінде қарастыратын жаңа түсінікті қарабайыр әлеуметшілдіктен арылтуды айрықша ыждаһаттауды жақтапты. Ол үшін адамдар заманға төнген нәубетті, қоғамға төнген тауқыметті өз басындағы рухани дағдарыстардан іздеуге, табуға, тануға үйренсе лазым. Әуезовке Мұхамеджановтың өз кейіпкерлері кептелгелі тұрған кесірлі тығырықтарды айналып өтпей, тыңғылықты зерделемекке талпынғаны ұнаған тәрізді.
Бұл ретте Мұхамеджанов қазақтардың өзін-өзі жатсынуын, өз қақтарынан өздері жерінуін, өз болмысын өзі менсінбей, өз қалпындағы өзі болып көрінуден арланып, өзге біреу болып көрінгісі келетін әсіреңкі тыраштығын, ұлттың іштей құнарсызданып, іштей жемірілуін көрсетуге алғаш рет дәті тұрғандардың біреуі болды. Оның Арыстаны мен Марфуғасы – бүгінгі қазақтар үшін таңсық емес ұлттық әрсәрілік психологиясының алғашқы өкілдері еді. Бүгін ондай рухани ояздықтың төл дәстүрлерді тірілей жұтып, өзіндік сипаттардың келешегін қылтасынан қырқып жатқан шын көкжалдары өсіп шықты. Қалтай солардың, расында да, бөрік астындағы бөлтірік кезеңін қапысыз аңғарып, қаз-қалпында бейнелеп үлгеріпті.
«Рок-н-роль» мен «Чарльстонды» жіліктей шағып, «Буги-бугидің» майын ішкен «стилягалармен» тап жауындай күрескен сол кездегі тасыраңбай патриотизм өзін жегідей жеп жатқан шын жемірді тап басып, танымапты. Жас ұрпақты жағалай бастаған жаттекі хиппимен жағаласамыз деп жүріп, әр отқа бір шарпылып, әбден ауыздары күйген егде әлеуметтің жоғарыдағыларын даңғаза да дарақы әкімгерлік, төмендегілерін сырты бүтін, іші түтін көлгірлік пен епсектік еңсере бастағанын, ал оның қатты ағашты құртпай тынбайтын жұмсақ құрттың жымысқы пәрменділігіне ұласпай тұрмайтынын елеп-ескере бермепті. Бұл әсіре жағымпаздық пен өшпенділік әулекілігінен аулақ тұра алмаған қауымдардың бәріне тән зауал еді.
Жалпыадамзаттық социумды шайқалтпай дамыту үшін оны түзіп тұрған әлеуметтік, этникалық, өркениеттік түзілімдерді бір-біріне айдап салып, өзара атыстырып-шабыстырмай, жарыстыра, жарастыра дамыту керек еді. Оны атомдық, молекулалық дәрежеге дейін ыдыратып барып, қайтадан жаңаша қалыптастыра аламыз деушілік ақылға сыймас мәңгінің қиялы еді. Тарихи тамырларды шынықтырып, кемелдендірудің орнына қолдан қыспақтап, аямай отап бағуға тырысу қапталдан анталасқан арамза тамырлардың аянбай бас көтеруіне әкеліп ұрындырады. Бірақ, олар табиғи тамырлардың қорегіне қол сұғатын қомағайлық пен көрсебасарлық арқылы өркендейтін.
Басқаның қомағай ындынына бауырын төсеген бассыздық ешкіемер емізіп үйренген есірік ешкінің өз лағынан өзі безініп кететін кебін киеді. Ондай қауым өз базарын өзі тарқатып, өз бақытын өзі тебеді. Ол өзін өзі алалаушылық пен өзін өзі жатсынушылықтан басталады. Арғы-бергі тарихымыздағы зұлмат атаулының бәрі бізге солай тап болған-ды. Бұл қасіретті ақиқаттан басқалар мақұрым болса да, отыз жасында алғашқы пьесасын жазуға отырған Қалтай Мұхамеджанов бейхабар емес-ті. Оның бірден биік кәсіби деңгейден көрінгені Мәскеу, Ташкент театр оқу орындары тауысқан тыңғылықты білімдарлығының арқасы десек, әп дегеннен кескекті әлеуметтік тақырыптардың жалына жармасқаны өзі тікелей бастан кешкен қиын тағдырдың ықпалы еді.
Алпысыншы жылдарғы бір айқай-сүрен жиналыс естен кетпейді. Кенет мінбеге әдебиетшілер айдаудан келгендіктен «Сібір Омар» деп айтатын Қасым Тоғызақов шыға келді. Шақшақайдай шақылдап шапшаң сөйлеп, шапшаң қимылдайтын шытымыр мінезді, шымыр денелі кісі еді. «Осында Қалтай Мұхамеджанов бар ма екен? Бар болса, тұрсыншы!» – деді. Залдың бел ортасынан шашы қауқиып, Қалтай аға түрегелді. «Оу, не болып қалды!» – дегендей қоқиған қоңқақ тұмсығын мінбе жаққа тіктеді. Тоғызақов насыбайға шашалғандай көзін сығып, тұмсығын басып, ауызын кемсеңдетті. «Кешір, бауырым. Ауыр тисе де, естіп ал. Мәскеудегі он күндікте маған Жамбылдың қасында жүріп, тілмаштық етуді тапсырды. Соған сеніп, ойымда дәнеме жоқ, оқуды бітірген бойда Алматыға тарттым. Басқаға тиіссе де, маған тиіспес деп ойладым. Оным күпірлік болды. Келгесін ұзақ жүргізбей, ұстап әкетті. Бір күні құлқын сәріден бәрімізді абақтыдан айдап шықты. Ащы ішектей шұбатылып, сапқа тұрғызды. «Расчитайтесь на первое, второе!» – деп шаңқылдады. Орындадық. Бірінші тізбектегілер тап сол арада біздің көзімізше оққа ұшты. Бәрінің аты қайдан есте қалсын?! Екеуінің есімін ұмытпаппын. Біреуі Қарағандының бір ауданының бірінші хатшысы Ахметов деген еді. Екіншісі – алдыңғы күні ғана Сыр бойынан айдап әкелінген ақ сәлделі хазірет еді. Аты – Мұхамеджан. Мына тұрған Қалтайдың туған әкесі. Менің көз алдымда жендет оғынан шәйіт болды», – деді. Көңілшек ақын көзін тағы бір сығып, абақтыда отырып Мәскеуде өтіп жатқан партия құрылтайының төралқасына жазған «Терең суда қайырлап тұр қайығым», – деген өлеңін оқи жөнелді. Екі беті күлдей болып, көгіс тартқан Қалағаң сүлесоқ орнына шөкті. Сілті ішіп қойғандай, сілейіп біз отырмыз. Үзіліс кезінде «Қазақ әдебиетінде» бірге істейтін Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев ағалардан естідім: Иманды болғыр Мұхамеджан тақсыр арғы түбі пайғамбар әулетінен өрбитін тірі теолог ғұлама екен. Сыр бойы мен Оңтүстік мұсылмандарына асқан діни білімімен танылған, қақ-сұқпен шаруасы жоқ, Құдай жолын қуған, мейлінше пірәдар адам болыпты. Ол «халық жауы» атанғанда білетін халық жағаларын ұстапты.
Мұндай қиянатты кім кешіре алмақ?! Әрине, Қалағаң да кешіре алған жоқ. Оның жүрегіне жазылмастай жара болып байланған шемен бала кезден көрген аштық, жалаңаштық, жарлылық, жақыбайлық емес еді. Ол кезде шекесі шылқып жүрген ешкім жоқ еді. Оның бәрі – көппен көрген ұлы той ғой. Оның жанына батқаны – осы бүкіл қауымның алдында сүтке тиген күшіктей қылып алабөтен көзге шұқығаны еді. Осындай көзапара қиянатқа жол берген қауымның аттаған сайын аяғына жармасатын ойқысы мен шойқысы әлгіндей жәбір көрген жаралы жүрек тарапынан өткір ыза мен зілді кекесіннен басқа не шақыра алмақшы?! Сондықтан да, ол өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаның ұңғыл-шұңғылына шұқшия зер салды. Қиямет шеккен жаралы жүрегі қалай қабылдаса, оны еш құбылтпай, дәл сол қалпында толғады. Қалтай Мұхамеджановтың суреткерлік таланты мен дүниетанымдық көзқарасының таңданудан гөрі талдауға, мақтанудан гөрі, мансұқтауға бейімірек болып келуінің, міне, осындай себебі бар еді.
Алайда, өзі мықтап озбырлық көріп қалған адам өзгелер көріп отырған озбырлыққа аяушылықпен көз салмаса, табалаушылықпен қарамайды ғой. Өзі жәбір көріп қалған жаралы жүрек өзгелердің тартып жатқан тауқыметіне де үлкен мүсіркеушілікпен үңіледі ғой. Қалтай Мұхамеджанов шығармаларындағы асқақ әлеуметшілдік қарымның терең адамгершілік мейіріммен астасып жатуының да сыры осында секілді.
Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» атты сахналық тетралогиясы осы өзара алауыздық деп аталатын әлеуметтік мерездің қазақ қауымын қалай кеміре бастағанының күйзелісті үдерісін ұлттық характерлер мен тұрмыстық коллизиялар арқылы егжей-тегжейлі зерделеуді мақсат етті. Таптық психология мен әлеуметтік бірөңкейлік философиясын малдана отырып, саяси баққұмарлық пен тоғышар пайдакүнемдікті астыртын өрбіткендер билік, байлық, қоғамдық ықпал жолындағы тіміскі күрестеріне ұлттық дәстүрлер мен тарихи қалыптасқан менталитеттік жол-жоралғыларды қалай шебер пайдаланып, ұлттық даму мен ұлттық мүддені көксейтін шын ұлтжандылықты қалай оп-оңай құрбандыққа шалып жіберетіндігін көрсетті.
Ұлттық дамуды оңдырмай мешелге ұрындыратын үш жегі – сыртқы экспансия, ішкі әуейілік, этникалық томаға-тұйықтық. Үшеуі де ұлттық даму мен ұлттық намысты дүниеқоңыз өзімшілдікке жем ету арқылы өрбиді. Бұның қай-қайсысын да біздің бойымызға терең дарытып, қанымызға қапысыз сіңірген баяғы хандық, бұрнағы күнгі патшалық кезеңдер емес, күні кешегі тапшылдық дәуір еді. Ол біздің ұлттық санамызды рухани мүгедектікке ұшыратып бақты.
Ұлт ретінде кемтарлану кемелденген социализм жағдайында күшеймесе, әлсіремейтінін алғаш түйсінген сезімтал қаламгерлердің бірі Қалтай Мұхамеджанов болды. Кейін Ғабиден Мұстафин ағамыз әлденеше рет күйзелген ұлтсыздануды ең алғашқы комедиясында Қалтай Мұхамеджанов көркем бейнелер арқылы көтерді. Оның баққұмарлықты асқындыру арқылы жүзеге асатынын бірінші болып сахнада кейіптеген де сол еді. Ол аталмыш тетралогиясында – тапшыл социализм жасақтаған тартысшыл әлеуметтік мобилизм жағдайында байырғы дәстүрлердің көбінің мәні түбегейлі өзгеріп, отаншылдықтың өгей ене бауырсақтыққа, намысшылдықтың даңғойлыққа, ақылдылықтың – айлакерлікке, ал айлакерліктің арамзалыққа ұласпай тұрмайтынын дәлелдеді. Бірте-бірте иманданудың орынына таптық мүддені сылтауратып, бірінің ізін бірі шабақтайтын бірін-бірі жатырқаушылық пен бірте-бірте қаныпезерлену үрдіске ене бастады.
Кешегі қауымның тұрмыстық, моральдық келеңсізденуін әзіл мен сайқымазақ тілінде осылай жеріне жеткізе әшкерелей алған асқан талантты комедиограф осыншама жойымпаз әлеуметтік індеттердің саяси-философиялық астарларына бойламай тұра алмады. Асқына түскен әлемдік әлеуметтік апаттар жағдайындағы ұлттық элита тағдырын бағамдауға батылы барған жаужүрек суреткерлердің де ең сүлейлерінің бірі – Қалтай Мұхамеджанов еді. Ұлт болашағына гитлершіл демагогияның көмегімен араша түсеміз дегендердің қалай мұзға отырғандығы «Жат жерде» жан-жақты зерделенді. Дәл сондай ұлт тағдырын қаралай қараң суға алдырған қасіретті кепті ала бағанның бергі жағында қалғандар да киді.
Сонау отыз жетінші жылдар эпопеясынан сөз қозғайтын «Біз де періште емеспіздің» де айтар ойы, паш етер кебі – дәл осы еді. Бүкіл қоғамды біріне бірі қол көтеретіндей дәрежеге дейін жеткізіп, жаппай өшпенділік дәуренін бастан кешкендерді оң мен теріске, ақ пен қараға, дұрыс пен бұрысқа бөлушілік, түптеп келгенде, бекершілік еді. Бұндай қолдан жасалған зұлматтардан кейін жеңгендер де, жеңілгендер де болмайды. Одан кейін пенде пақыр ішкен асының адал екенін, арам екенін, айтқан сөзінің өтірік екенін, шын екенін, істеген ісінің оң екенін, теріс екенін білмей, өзіне өзі қаралай күмәнданып, қаралай қуыстанып өтеді. Өйтіп бүкіл бір ұрпақты, тіпті бүкіл бір қауымды жаппай өшпенділік пен жаппай пұшаймандыққа ұрындырған қара жүрек, қанды қол жендеттер тек өз замандастарының ғана емес, одан өрбіген ұрпақтардың да обалына қалады. Қайдағы бір эгалитарлық ұрандарды желеулетіп, басқаның талантына, абырой атағына, дәулетіне іштарлықпен қарайтын, жаппай қызғаныш пен жаппай көре алмаушылықты қолдан қоздыру арқылы жүзеге асатын бұндай әсіре қысастықтың бұқаралық сипат алуының салдарынан бірте-бірте әлеуметтік иммунитетке айналып, генетикалық індетке ұласуы да ғажап емес-тін. Ондайды бастан кешкен қауымдағы өмірдің әлеуметтік парқы радиоактивті изотоптар түсіп кеткен көлдегі тіршіліктің экологиялық сапалылығына барабар мейлінше күмәнді құбылыс еді. Қалтай Мұхамеджановтың Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесуі» осындай бесіктегі кезінен күмән еміп өскен ұрпақтың күйік пен күдікке толы күйкі болмысынан сыр шертеді.
Бұл жағынан келгенде «Жат жерде», «Көктөбедегі кездесу», «Біз де періште емеспіз» Қалтай Мұхамеджановтың бір-бірімен өзектес шығармаларынан тұратын екінші трилогиясын құрайды. Бұл үшеуін «Шерменделер» деген атпен топтастыруға әбден болар еді. Олар тек бір ұлт, бір қауым емес, бүкіл адамзаттың ғасырлар бойы аңсаған адамгершілік мұраттарының аяққа тапталуы трагедиясына тікелей қатысқандар мен оның зардабын тікелей тартқан шерменде ұрпақтардың шетін тағдырларынан шежіре шертеді. Қалтай Мұхамеджанов алғашқы трилогиясында комедиографтық талантының айқындылығымен, характерологиялық жинақтауларының шынайылылығымен көзге түссе, екінші трилогиясында әлеуметтік-психологиялық талдауларының дәйектілігімен, саяси-философиялық концептуалдық топшылауларының ауқымдылығымен баурап алады.
Ал драматург Мұхамеджановтың бүкіл шығармашылығын тұтастай қарастырғанда, ол ХХ ғасырдағы қазақ ұлты тағдырының басқалар байқай қоймаған, байқаса да, баса көрсетуге батылдық етпеген трагикомедиялық сипатын жеріне жеткізе ашып бере алды.
Расында да, қос құрлық, қос өркениет тоғысында, бірін-бірі жоққа шығармай тұра алмайтын қарама-қайшылықтардың діни, рухани қақтығыстарында қақпақылға ұшыраған қайрансыз қауымның өз тізгініне өз қолы жетпей, әркімдердің әуенімен қаңғалақтаған әрсәрі жағдайы мен әуейі мінез-құлқын көріп, көзіңнен жас аққанша күлуге де болады, көзіңнің жасын тия алмай, солқылдап жылауыңа да болады.
Қалтай Мұхамеджанов өзі өмір сүрген дәуірдің бар шындығын қаз-қалпында жеткізе алатын ең ықтимал жанрды дәл тапқан. Ол – трагикомедия. Көзіңнен жас ағып отырып күлу немесе екі езуің екі құлағыңа жетіп ыржия күліп отырып көздің жасын көлдету. Көркемдік парадокс. Философиялық итжығыс. Әлеуметтік-гамлетианизм. Бұлай болуының интрогендік те, экзогендік те себептері жеткілікті. Сырттан дарыған да, іштен өрбіген де сырлары мол.
Осы арадан суреткердің шығармашылығынан өз басына, өнерінен өміріне көшпекшіміз. Біз жоғарыда «Бөлтірік бөрік астындағының» қоғамдық көрсетіліміне барған театршыл қауымды егжей-тегжейлеп отырып, сол оқиғаның басты күнәкарін – көрсетіліп жатырған шығарманың авторын ұмытып кетіппіз. Әдейі ұмыттық. Өйткені, суреткердің шығармасымен таныспай тұрып, өзімен танысу мүмкін емес еді.
Жалпы алғанда театрға баратын көрермендер де бір, гримердің үстелінен енді түрегелген актер де бір. Алдыңғылары қауым алдында қоғамдағы, соңғылары шығармадағы атқаратын әлеуметтік рөлдерін ойнап беруге барады. Сол ырду-дырдудың ортасында тек қойылып жатқан шығарманың авторы ғана жаңа босанған анадай өзін-өзі қайда қоярын білмей, өз көкірегін өзі тұмшалауға тырысып, ыңғайсыз сезінеді. Сыр бермеуге тырысқанымен, от басқан тауықтай болып, іштей тызақтап жүреді. Жас босанып не бала емізіп отырған әйелге сұқтану қандай көргенсіздік болса, жұрт талқысына түсіп отырған суреткердің шығармасына үңілмей, өзін індету сондай жетесіздік болар еді.
Әдетте сатиралық шығармалардың авторы тырнақ астынан кір іздеп, біреудің бойынан мін тапса, өлген әкесі тірілгендей қуанатын қаныпезер немедей көрінеді. Әлгі спектакльде де алдындағы орындықтың арқалығына шынтақтап, тас қылып түйілген жұдырығына иегін қадап, бір-біріне мінгескен білем-білем еріндерін оқтын-оқтын шүйіріп қойып, сахна жаққа еміне төнген, жауырынына төгіле жаздап тұрған қою қара шашты, түйтелене түйілген жүндес қабақты, қастарының арасынан қобандана көтерілген қоңқақ мұрынды қара сұр жігіттің отырысы да, жүріс-тұрысы да басқанынан жер ойылатындай зіл батпан көрінген. Бедірейген бетінен де, телміре қараған тұнжыр жанарынан да, салыңқы қабақ, салғырт сөз ләмінен де жайдары ештеңе таба алмағанбыз. Оқта-текте бөтеке тұсының бір бүлк ете қалатынын байқап, «дәу де болса, бар пәлені ішіне жиған безбүйрек біреусің-ау!» – деп те ойлағанбыз.
Көп ұзамай Қалтай ағаның атқан таңдай албырай қарап, әр сөзінің піскен мәуедей мәнін аршып, құлақ құрышыңды қандырып, ән салып, ойыңды самғатып, бойыңды балбыратып, байыппен пайымдап, бабын тауып сөйлейтін келісті де кербез ақылды жұбайы – Фарида ханымды көргесін ол әсеріміз тұмандай сейілді. Мұндай көшелі аруға ойы да, сезімі де жүйрік, жүрегінің оты, көзінің нұры мол, жаны жайдары жігіттің сүлейі болмаса, кез келген кепеш тымақтының қолы жете қоюы мүмкін емес еді.
Расында да, Қалағаң қатал тағдырға қайыспаған, қара дауылға майыспаған қайсарлардың сойынан екен. Жас кезінен халық жауының баласы атанып, қақ-сұқты көп көріп, кісәпірліктен әбден жүрегі шайлықса да, әлеуметке айрықша іш тартатын аса елгезек азамат болып ержетіпті. Оны әдебиетке әкелген де сондай алабөтен рухани сергектігі еді. Қаршадайынан Сыр бойының сонасы мен «Шіркейлінің» масасына аянбай таланып өскен төзімпаз жайсаң әдебиет пен өнер төңірегіндегі пендешіліктің талас-тартыстарынан тайсала қоймайтын.
Ұлттық көркем әдебиеттің әлеуметтік қарымдылығы мен эстетикалық сындарлылығы жолындағы кескекті күреске ерте араласқан сардар суреткердің басындағы кезекті бір сайыстың келеңсіз бір тұсында сыншы Мұхамеджановпен айтысқан басқа бір сыншы оған: «Ол ойыңа жұрт сенсін десең, әлі де қошқар мүйіздендіріп, иілте түскенің жөн ғой», – деп кекете кеңес бергені бар. Сонда Қалтай ағаның: «Өйтіп иіле беретіндей менің сіздікіндей пластилиннен жасалған мүйізім жоқ», – деп саңқ ете қалғаны.
Бұны естіп отырып, марқұм Әнуар Әлімжанов, Асқар Сүлейменов үшеуміз: «Қалағаңды дарға асқанда да, тілінен асатын шығар», – деп күлгенбіз. Иә, оның тілі ащы. Көзі сұсты. Ойы жүйрік. Өмір сүрген кезеңі қабаған иттің аузындай ойқы-шойқы. Алайда, Мұхамеджанов өз заманы мен ортасының ойсыраған ояздықтарын қара бояуды баттастырып бағатын қарадүрсіндікпен емес, жүректің оты мен ойдың уытын терең қабыстырған кемел суреткерлікпен жеткізе біледі. Ұзақ көздеп жатпай-ақ, дәл тигізетін. Оның мірдің оғындай дөп айтылған пікірлері тек шығармаларында ғана емес, жүрген жерінің бәрінде ағыл-тегіл ақтарылып жататын.
Ол қаншалықты қайсар болса, соншалықты жайдары да еді. Екеуі де оның ойының бұлағын, тілінің тиегін ағыл-тегіл ағытып бағатын. Ойына келгенді көмейінде көп ұстамай, қайтып оп-оңай ақтара салса, қолына түскенді де сөйтіп, қалтасында көп ұстамай, көзді ашып-жұмғанша жұмсап жіберетін. Содан ба екен, жұрттың бәрі де Қалтайды көргенде, қызыр көргендей қуанатын. Қайсы бір жылы Африка-Азия жазушыларының конгресі Алматыда өтті. Үш құрлықтың ығайы мен сығайы жиылды. Әрі жиналыс, әрі той еді. Қайсысынан шаршағаны белгісіз, Расул Гамзатов конгресс аяқталмай жатып, ауруханаға түсті. Қаламгерлер қатты абыржыды. Барып көңілін сұрауға дәрігерлер рұқсат етпеді. Қалың қауымнан бір кісіні ғана жіберуге келісті. Таңдау Қалағаңа түсті.
Дәуіт Көгілтінов бір тостақ коньяк ішіп баруға ақыл қосты. Ол ұсынысты Қалағаң аса зор қанағаттанған сезіммен қабыл алды. Еңсегей бойлы Ер Есім дегендей, ерейіп-серейіп кісі киіктеніп жүргенімен, Михаил Александрович Дудин қалжыңбас өлеңдерге келгенде алдына жан салмайтын. Қолына фломастер алып: «Дорогой Расул! Вот кончился сабантуй – в душе томленье, раньше поднималось другое, а теперь – давление», – деп сойдақтата жазып, Қалағаңның қалтасына қыстырды. Сөйтіп, құнды ақыл-кеңестермен басынан бақайшағына дейін қаруланған қазақ драматургі ұлы авар ақыны жатқан палатаға аттанады. Кіріп барғанда, бірден байқап, Расулдың көзі жарқ ете қалады. Темір мосыға телміртіп асып қойған күбідей-күбідей бөтелкелерден күре тамырына болмаса, ауызына сыңар тамшы тамбай, әбден зарығып жатқан мұңлық ақын: «Дорогой Калтай, подходи ближе, обними крепче, дыши глубже!» – деп жалынып-жалпайып, танауын жарып бара жатқан таныс иіс жанына майдай жағып, үсті-үстіне құшырлана иіскеп бір рахаттанып қалыпты.
Әлгі жиынға атақты мысыр жазушысы Юсуф Ас-Сибаи келді. Азия-Африка жазушылары ұйымының бас хатшысы еді. Аэропортқа шығарып салуға барғанда жан-жақтан жармасқан жазушылардың сыйлаған кітаптары көп болды. Мейман артынан диппоштамен жіберуді өтінді. Бұл Қалағаң екеумізге тапсырылды. Біз асып-сасып, мейманның сыйлықтарын қалаға алып қайтатын көлік іздей бастадық. Бізге: «Мейманның жүктерін өзі мініп жүрген көлікпен Сыртқы істер министрлігіне апарып тапсырыңдар. Ар жағын өздері реттейді», – деген кеңес берілді. Ол Алматыда шет мемлекет басшысы сияқты салтанатты шерумен алып жүрілген. Қалағаң бұны естіп: «Бала саспа. Алматыға Ас-Сибаи күнде келе бермес. Мұжыққа күнде той бола бермес. Бұны да бір көрелік», – деп, жымың етті. Сөйтіп, төбесі ашық салтанатты лимузинге мініп, алды-артымызға эскорт шұбыртып, қалаға қайтып келеміз. Көшенің бойында әрлі-берлі шұбырып жатқан халыққа қарап, Қалағаң оқтын-оқтын қалпағын көтеріп қояды. Кейбіреулер аң-таң болып қарағанмен, қол бұлғап жатқан ешкім жоқ. «Әншейінде үйлерінде отырмайтын біз танитын қазақ пен ұйғырдың біреуінің көрінбеуін қарашы» – деп, Қалағаң күйіп-піседі. Жайына қарап тұрмай: «Олар бұл келе жатқан сіз екеніңізді біліп бара жатқан жоқ қой. Қалтайдан аумайтын бұл кім болды екен деп?» деп таңғалып бара жаиыр ғой», – деп едім, қайран ағам бүйірімнен оңдырмай бір нұқып қалып кеңк-кеңк етіп, кенеле күлді.
Қалтай аға марқұм Кеңестер Одағының мүйізі қарағайдай қай классигімен де майлы қасықтай араласып, оп-оңай тіл табысып кете барар-ды. Бәрі де оның ашық мінезіне, өткір тіліне, сарқылмас сайқымазақ қалжыңына тәнті болатын. Жаны жомарт жайсаңның қолы да адам көрмеген ашық еді. Әсіресе, Мәскеуге барғанда, қасында Қалтай келе жатса, қарға адым жерге жете алмай, қаралай пұшайман болатынсың. Аттасаң болды, алдыңнан Қалағаңның танысы шыға келеді. Құшағын айқара ашып, мойнына оратылады.
Өйткені, Қалағаң бүкіл Орта Азия мен Тәшкенде бірге оқыған. Бүкіл социалисте лагерь, Таяу Шығыс, Қара Африкамен Мәскеуде бірге оқыған. «Қалжыңбас Калтаюшканың» баяғыдағы талай қылықтары мен сөздері бәрінің де есінде қалған. Сол естеліктер Қалтай ағаны әдебиетшілер, театршылар, киношылар, суретшілер, сәулетшілер үйлеріне, «Национальға», «Метраполға», «Империалға», «Арагвиге», «Араратқа», «Өзбекстанға» тағы да талай-талай ресторандарға сүйрелейді. Жер бетінде әлі бар әлгілер түгілі жер бетінде әлдеқашан жойылып кеткен «Москва» мен «Россияның» барлық залдарының қабырғаларын қайта тұрғызса, кешегі одақ қана емес, әлемнің көп елдерінің әдебиет пен өнер қайраткерлерімен терезесі тең отырып, құмардан шыққанша емін-еркін мәжілістесіп, өзі де мәз болып, өзгелерді де мәз-мәйрам етіп, енді-енді үси бастаған картопиядай қоңқақ мұрынын аспандата көтеріп, қоңқылдай сөйлеп, кенет әлгіндегі әнтек жоғарылап бара жатқан арыстан жалды асқақ басын күрт төмен түсіріп, көзілдірігінің үстінен сығырая тесіліп, бір қарап алып, су ішкен түйедей ернін салпайтып, осқырына бір рахаттана қорс етіп күліп жіберетін қайран Қалағаңның қоңыр дауысы қайтадан саңқылдап ала жөнелер еді-ау!..
Сол жер бетінен жоғалған «Россия» қонақжайының Кремльге қарайтын айлапат залындағы бір отырыс әлі күнге көз алдымда. Жазушылардың кезекті съезі өтіп жатқан. Бәріміз бірге тамақтанамыз. Қаламгерлердің аңқау жағы кешкі отырысты, аққаптал жағы таңертеңгі отырысты төлеуді өз мойындарына алған. Кешегі кешкі отырысты өзі иемденіп, қалтасы әбден қағылған, үстіңгі қабаттағы сүттей ақ роялі бар абажа аппартаментте мұздатқышқа тығар ештеңе таба алмағасын, аяғындағы шұлығын шешіп алып, таң атқанша салып қойып, таңертең соны бір иіскеп, үстелдің үстіндегі графиндегі сумен кебірсіп қалған кеңірдегін зорға жібітіп, сіркесі су көтермей әзер отырған Қалтай аға аққаптал ағалардың біреуінің: «Сәрілік менен болсын!» – дегенін естігенде, көзі оттай жанып қоя берді.
Дастарқан мәзірді дереу қолына алып, көзілдірігін киіп, «Мұқтасар» ақтарып отырған бабаларындай шұқшия қалды. Кенет мекиен тауықтай қаздиып тұрған даяшы қызды қасына шақырып, ашыған қамырдай жұп-жұмыр білегінен тас қып ұстап, мырзалық қысып бара жатқан ағайды бірден шошытып алмас үшін әуелі минералды су мен салаттардан бастап, біртіндеп тапсырыс бере бастады. Ақшалы ағай қыңқ етер емес. Қалтай аға да әсте-әсте дауысын күшейтіп, Ясин оқып, құран шығарып отырған молдадай, боздатып бағуда. Қыздың қолындағы тізім сала құлашқа айналды. Әлденеге ерегіскендей, ақша төлеймін деген аға тіпті міз бақпайды. Қалағаңның аузынан француз коньягі, шотланд вискиі, испан ромы, патшаның арағы сынды удай қымбат ішімдіктердің атаулары шұбыра бастағанда барып, сақи ағайдың сабыры сыр берейін деді. «Сары ала таңнан ала-құланы сапырылыстырып, осынша сіміргенде, жиналыста қайтып отырамыз?» – дегенде, істерін істеп болған Қалағаң: «Дұрыс айтасыз, көке» – деп, қолын кеудесіне басып, иегін изеп, басын шұлғыды.
Таңертеңгі тамаққа бордақылаған баспақтардай тыңқия тойып алған біздер Спасск қақпасына қарай самарқау аяңдап келеміз. Қақпа ауызындағы тексерушілер құжаттарымызды асықпай ақтарып, бір-бірлеп өткізіп жатыр. Қалағаңның алдындағы тексеруші құжатпен шаруасы жоқ, піскен құлпынайдай албыраған қоңқақ мұрынға қарап, бедірейген де қалған. Қалағаңның да бет-ауызы бүлк етпейді. Әлгіге: «Неменеге бажырая қалдың, патшағар? Ішіп алған кісіні бірінші рет көріп тұрсың ба?» – дегені. Бедірейген неме мырс етіп күліп жібергенін өзі де байқамай қалды. Бұны көріп тұрған біздің жігіттер: «Мәскеуде арақ ішеміз деньгіменен, преферанс ойнаймыз кингіменен, күнде мас боп кіретін Кремльге қандай қазақ асыпты енді менен?!» – деп Қалағаң болып шырқайтынды шығарды. Бұндай әнді, әрине, Қалағаң емес, ағамызға еркелеп шығарып жүрген біздер едік.
Бұған қарап, біреулер жазушыны жалғанды жалпағынан басып өткен жампоз екен деп қалуы да мүмкін. Қалағаңды өз тұсындағы қоғамның қай қабаты да қатты қадірлегені рас. Бір күні оны Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев кеңсесіне шақырады. «Қалеке, кіріп отырған үйіңіз тұрған жерге жаңа құрылыс түспек. Бұрынғы екінші хатшының пәтеріне көшсеңіз қайтеді?» – дейді. Қалағаң қипақтап, желкесін сипайды. «Неге ойланып қалдыңыз, Қалеке?» – дейді Димекең. Сонда Қалағаң: «Қайдан білейін, Димеке! Бұрын бірінші хатшы тұрған үйде тұрып ем. Енді екінші хатшы тұрған үйге көшеді екенбіз. Сөйте-сөйте тіпті төмендеп кетіп жүрмесек, жарады!» – депті. «Ту, Қожеке-ай қайдағыны айтады екенсіз?! Өйтіп, қобалжитын ештеңе жоқ, баяғы сол Қалтай қалпыңда қаласыз ғой!» – деп Димекең де кеңк-кеңк күліпті.
Сол айтқаны рас болып шықты. Тіпті заман ауысып, мемлекет өзгерсе де, Қалтай сол Қалтай қалпында қалды. Халықтың азаттығын, азаматтың еркіндігін аңсап өткен ардақ суреткер ұлттық тәуелсіздікке қатты қуанды. Көз ашқаннан әлеуметшіл болып, қоғам өміріне белсене араласқан қаламгер мемлекеттік дербестігіміздің нығаюына, рухани сындарлылығымызға өле-өлгенінше үлес қосты. Дәстүрлі дініміз бен туған тіліміздің тарихи бекемділігі жолында қабырғасы қайысты. Жаңа қоғам тұсында да халық махаббатына бөленіп, ұлттың мақтанышты тұлғаларының біріне айналды.
Бірақ, оны бәрібір бұл өмірден айдарынан жел өсіп өтті дей алмаймыз. Өйткені, ол бір басының тойғанына мәз болатын, тозғанына зарланатын көп тоғышардың бірі емес еді. «Көктөбедегі кездесуде» көп айтылатын «Қайткенде адам қалады, адам болып?» – дейтін қайсар сауалдың төңірегінде қабырғасы қайысқан қалтқысыз халықшыл суреткер еді. Сондықтан, барға қанағат ете алмады. Баршаның бай-бақуат болғанын қалады. Арманының бәрі-бәріне жете алмады. Өзі өмір сүрген заманның шындығын шығармаларында шынайы бейнелегеніндей, қалай қабылдауыңа да келе беретін трагикомедиялық құбылыс деп санады. Одан өз тағдырын да бөліп-жара қарамады. Ол өзінің бір жылы, бір айда туған түйдей құрдасы, атылып кеткен арыстардың артынан жетілген тұяқтары ретінде тағдырласы, тұрғыласы Шыңғыс Айтматовтай әдебиет тағдырына көп толғанып, көп апшыды.
Ал әдебиеттің қазіргі ахуалы баршаға аян, шынында да, трагикомедиялық жағдайда ғой. Ол жағдай, расында да, бір кезде Эсхил мен Софокл екеуі бірдей жарыса жазған ежелгі Касандраның тағдырын еске салар еді. Трояның падишасы Приамның осы сұлу қызына жеті музаның жарылқаушысы Аполлон өлердей ғашық болып, оның бойына не болып, не қоятынын алдын ала біліп отырған сәуегейлік дарытпайтын ба еді?! Бірақ, өзін өліп-талып сүйе қоймайтынына көзі жетіп, Аполлон оның айтқан сәуегейлігіне ешкім сенбейтін етпейтін бе еді?! Сөйтіп, не болып, не қоятынын елден бұрын ескертіп, қанша жерден зар илесе де, айтқанына елең етпей, қадірі түскен мұңлық көптің басына орнағалы тұрған кесапаттың алдын алар еш қайран таба алмай, өз бармағын өзі тістеп, қапаланып өтпейтін бе еді?! Бүгін дәл сол кепті бүкіл әлемдік әдебиет киіп отырған жоқ па?! Ол адамзат басына осындай қауіп туатынын айтып қақсағалы қашан?! Әдебиеттің басынан тайған бақ жазушының басында қайтып баяндай алмақшы?!
Бұған қай қалтқысыз талант иесі қайғырмайды?! Оның үстіне, ел басына күн туып, жаппай үрей билеген кезде дүниеге келген есіл ер енді ел басындағы қаяу түгел және түпкілікті айығады деп, жұрттың бәрі үміт құшағында жүрген кезде дүниеден кетті. Оның тағдырындағы трагизм ең алдымен, міне, осында болып табылады. Осынау шым-шытырық рухани шерменділікпен өмір бақи айқасып өткен қайсар қаламгер тірі болғанда қазір сексенге толар еді. Оның жанын тебірентіп баққан толғақты ойлар енді көрермендерін баурап, оқырмандарын тебірентпекші. Тірілерді күнде ойға батырып, күнде толғандыра білген салиқалы сана иесін, Абай айтқандай, өлді деуге болар ма?!
Қалтай аға да қазағымен бірге бола бермекші.
Әбіш Кекілбаев