13 там, 2020 сағат 15:10

«Абайтану» курсы жаратылыстану ғылымдары саласында да оқытылуы керек – Мұрат Сабыр

Ұлы Абайдың халыққа берер тағылымы ешқашан таусылмақ емес. Осы орайда батысқазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр өз ой-толғамдарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» мақаласы Абайтанудың жаңа қырларын көрсетуімен құнды. 

10 тамыздың «Абай күні» болып белгіленуі – той тойлайтын күн емес, ой ойлайтын, өзімізге өзіміз есеп беретін күн.

Абай өз тұсында қазақ қоғамында саяси реформа мен экономикалық реформардан бұрын рухани реформа керек екенін түсінген. Ұлтты сынай отырып, дұрыс жолға түсуге шақырған. Адам капиталы – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Адам капиталы – азаматтардың кәсіпқойлығы, білімі, денсаулығы ғана емес, жан саулығы, ішкі сарайының түзулігі, рухани байлығы. Адам түзелмей, қоғам түзелмейді. Қоғам түзелмей, мемлекет өркендемейді. Әр адам өз басының мінін білсе, біле тұрып түзелуге ұмтылса нұр үстіне нұр болар еді.

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әуелі экономика, сосын саясат деп жүргенімізде, интелектуалды ұлт, Абайша айтсақ, «толық адам» қалыптастыруды көлеңкеде қалдырыппыз. Кедей байға жетем деп, бай құдайға жетем деп дүние боқты қуып кеттік. Қосшымыз тойқұмар, басшымыз жемқұмар болып алды. Ештеңенің байыбына бармай сөз қуатын, бәлеқор саясатқұмарлар көбейді, - дейді ғалым. 

Мемлекет басшысы мақаласында «Азаматтарымыздың арасында жал­қаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша той­құмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады», - дейді. Мына алмағайып дүниеде аспан астында қазақ елі болып өмір сүру үшін тәуелсіздігімізді күзету парыз. «Бодандықта өкініш көбейсе, бостандықта жауапкершілік күшейетінін түсінбегіміз» шарт (Ә.Кекілбаев). 

Жаңылғандары, асқан мен тасқанды тоқтататын, тура жолға салатын, бет түзейтін құбыласы – Абай жолы, хакім көрсеткен бес асыл іс: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Мемлекет басшысы Абай айтқан «бес дұшпаннан» арылып, білім, тәрбие, кәсіп, ынтымақ мәселесін ойшыл көрсеткен бағыт-бағдармен қоғамның негізгі қозғаушы күшіне айналдыру елдік мүдде екенін алға тартады. Бақыт, береке ынтымақ, бірлікте екені даусыз.

«Президенттің «Абайтану» курсын ұсынуы аса өзекті. Бұл әлемдік деңгейде түркітанудың, ұлттық деңгейде қазақтанудың ажырамас саласы. «Абайтану» ғылыми курсы ЖОО-да тек гуманитарлық салада ғана емес, жаратылыстану ғылымдары саласында да оқытылуы керек. Болашақ инженер де, мұнайшы, ғарышкер де ұлттық рухта тәрбиеленіп, ұлттық санасы сәулеленсе ғана жаһанданудан қорықпауға болады. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» (Ә.Бөкейханұлы). Мінездің тамыры – ұлттық сана, рух. Рух ана тілге, ата дәстүрге, ұлттық өнер мен әдебиетке сүйенеді. Содан барып елім деген ер туады. Мәңгілік елге Абаймен барсақ, береке, бірлігіміз артып, елдігіміз сақталады», деп түйіндеді ойын Мұрат Бөкенбайұлы.