Абай – бар қазақтың Ұлы ақыны. Оның адамзатқа арнаған жырларымен қатар, балаларға, ұрпаққа арнаған өсиеті де аз емес. Осы орайда, Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, «ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен «Пайда ойлама, ар ойла» атты бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға кітапхана қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлермен бірге, жас оқырмандар да қатысты.
«Абай – дана. Абай – дара. Қазақтың бас ақыны – өткен мен бүгіннің ғана емес, болашақтың да бейнесі. Біз бүгін Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толуына орай осындай дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Ең бастысы, бүгінгі шараға қатысып отырған жас балалар үшін маңызды деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, биыл балалар әдебиетін қолдау жылы екенін, соған орай Абай балаларға да арнап жазғандары жоқ емесін түсінесіздер. Бүгін міне, Абайдың бүгінгі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыруының өзі ұрпақ үшін маңызды», - деді Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген.
Балалар әдебиеті жылы қарсаңында ұйымдастырған шараға мектеп оқушылары да қатысқан болатын. Жас оқырманның түйген ойы да осал емес. Балалар кітап оқымайды, балалар білімге құштар емес деген наздың бәрін жоққа шығарған оқушы Нұрлыайым Жақып өзі оқымаған кітап жоғын айтып, қуантты.
«Биыл балалар әдебиеті жылы деп жатырсыздар ғой. Біздің саясаттан, саяси наухандардан хабарымыз жоқ шығар. Бірақ біз жастар мұндай саяси науқансыз-ақ кітап оқимыз. Мәселен, менің араласатын құрбыларымның бәрі жата жастанып кітап оқиды. Бәріміз жарысып оқимыз, сосын талықлаймыз. Мәселен, Есенберлиннің «Көшпенділерін», Мағауиннің «Қызыл жебесін», Оралхан Бөкей, Сәбит Досанов, Мұхтар Әуезов бәрін-бәрін жарыса оқимыз. Айтыңызшы, балалар кітап оқымайды деп шағымданып жүрген үлкендердің өзі біз оқып жүрген шығармалардың қайсын оқыды екен? Маған сол қызық. Ал бүгінгі шара тіпті әрбір оқушы санаға құйылған сарқырамадай болды. Абайдың балаларға арналған шығармалары осылай жиі насихатталып тұрса дейміз. Оның «Қара сөздерінің» өзі неге тұрады десеңізші!», - деді алматылық оқушы Нұрлыайым Жақып.
Ал кітапхана меңгерушысі Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, жасөспірімдерге арналған кітапханада адам саны үзілмейді. Келетін жастар да аз емес.
«Мен жасөспірімдерге арналған кітапханада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Бір сәт болсын оқырмандар үзілген емес. Мені қуантатыны, жастардың кітапқа деген құмарлығы. Балалар қазақ әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетін де сұрап, қызығушылық танытады. Әрдайым сұрап жатады. Біздің Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналаған кітапханасы жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандыруға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», - деді кітапхана меңгерушісі.
Сонымен қатар, өткен шара аясында, Абай мұраларын насихаттау мақсатында Абай шығармашылығынан «Абай - алаштың темірқазығы» атты көрме ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Абай – бар қазақтың Ұлы ақыны. Ол адамзатқа арнаған жырларымен қатар, балаларға, ұрпаққа арнаған өсиеті де аз емес. Осы орайда, Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, «ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен «Пайда ойлама, ар ойла» атты бірлескен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға кітапхана қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлермен бірге жас оқырмандар да қатысты.