Абайдың Қара сөздерін ағылшын тіліне аударған шотландиялық ақын әрі жазушы Джон Бернсайд ұлы ақынның шығармасын аударып отырып, ұлағат алғанын айтады. «Абай да мен де мейірімге толы ойға бейімбіз» дейді ол.
«Абаймен бірге біз адамзаттың қателігі үшін налимыз, қайғырамыз. Алайда ақырында адамшылығымызға жүгініп, мейірім толы ойға бейім екенімізді түсінеміз. Абайдың өзі ол туралы «Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын» демей ме?!» - дейді шотландиялық ақын.
Джон Бернсайд Абайдың Қара сөздерін ағылшын тіліне аударып болғаннан кейін жұмыс барысында туындаған ойларымен бөлісті.
«Ақынға, әсіресе мәдениет пен табиғатқа жаны жақын ойшылға жақындаған сайын оған өз еліңдегі параллельді іздей бастайды екенсің. Мұндайда бірақ өте абай болу керек, алайда мұндай тактика – біреудің ымы, философиялық және діни бағдарлар іздеу жолында пайдасын да тигізеді, ал формальды әдістердің өзіндік проблемалары бар. Осылайша, Абайды аударғанда қазақ халқынан тыс оқырманға ұғынықсыз кейбір мәдени қырларға қарамастан, оқып отырғанда ойыңызға лирикалық туыс жанның пайымы анық сіңеді», - дейді ақын.
Д. Бернсайд Абайды аударып отырып ойына оралған ақындардың бірі – Джонатан Свифт екенін атап өтті. Ол да сатиралық өткір ой мен ұшқыр әлеуметтік бақылау пайымын достық пен махаббаттың нәзік поэзиясымен ұштастыра білген.
«Алайда, шотландиялық ақын ретінде мен Абай шығармаларын аудару барысында көбінесе Роберт Бернске жүгіндім. Біз Абайдың Қара сөздері мен Бернстің шығармаларында бірдей түйісу нүктесі барын байқаймыз. Дегенмен, біз олардың поэзиясы мен әндерінің мәтінін оқығанда бұл көзқарастардың, тіпті бір-біріне қатты ұқсас екенін одан сайын аңғара түсеміз. Бернс секілді Абай да романтикалық махаббаттың азабын тартты, Бернс секілді Абай екіжүзділікті, әлеуметтік кемшілікті, саяси жемқорлықты сезінді, сынады, Бернс секілді Абай Жер-ананы сүйді», - дейді ол.
Абайға ұқсастық жағынан үлгі ретінде Бернстің 1971 жылы жазылған әйгілі шығармасынан үзінді келтіреді. Сол тұста сатқындықтың кеселінен Шотландия Англия билігінің қол астында қалған еді.
Өңкей арам дархан елді жайлады
Қаншама күш, қанша қулық болса да
Ғасырларда көрмеп едік байланып.
Бірақ қазір сатқын болған аз ғана
Қорқаулардың жүзеге асты ойлары.
Ағылшынның қаруынан қорықпай
Ел едік қой бекем болған байламы.
Бірақ сол бір басқыншының алтыны
Жұртымыздың шығарды ғой ойранын –
Өңкең арам дархан елді жайлады.
Аудармашы Бернстың осынау қатал да өткір ойларын Абайдың сынына теңейді. Хакімнің Қара сөздеріне үңіледі.
«Алайда қос ақынның шығармаларын оқып отырып, келесі бетін аударсаңыз, лирикалық нәзіктікті кездестіресіз. Жер-анаға болсын, досқа болсын адал көңілді сезінесіз. Мұндайда қарапайымдылықтың жай ғана үлгісі ақынға ғасырлар бойы өлмес рух береді», - дейді Д.Бернсайд.
Қазіргі заманның паралеліне келер болсақ, Джон Бернсайд Абайды бұл ретте Боб Диланмен салыстырады. Боб Дилан қоғамның кемшіліктерін ашып айту үшін библиялық кітапты негізге алады.
«Абай мен Дилан шынайы сенетін, моральды-рухани құндылықтарды бірінші орынға қоятын адамның көзқарасы тұрғысынан сөйлейді», - дейді шотланд ақыны.
Сөз соңында Джон Бернсайд Абайдың өз тұсында пессимизмге берілгенін, мұны түсінетінін, оның бәрі ел үшін уайым екенін айтады.
«Бірақ, осынау орасан зор әрі алып уайымның артында өз халқыңа деген қамқорлық, жанашырлық жатқанын ұмытпау керек. Абайдың шығармасынан біз осы жанашырлықты сезінеміз», - дейді Джон Бернсайд.