06 қаң, 2025 сағат 12:04

А. Аймағамбетов: "Жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр"

Фото: otyrar.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектептердің проблемасын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазір мәжіліс депутаттарының өңірлердегі халықпен кездесуі басталды. Осыған байланысты Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектептер қандай проблемаларды көтергенін айтып, фейсбукте жазба жариялады.

Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 800-ден асты. Депутаттың айтуынша бұл – Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі.

"Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектептер үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Жеке мектептерге әртүрлі көзқарастар болуы мүмкін, олардың сапаға қатысты проблемалары да бар, бірақ мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы", -деген депутат алайда қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отырғанын айтты. 


Ол көптеген мектептер, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері, банкрот болудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып дабыл қақты. 

"Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес – бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес", -деді Аймағамбетов.


Депутаттың пікірінше биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал.

"Жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілді. Алайда қолдағы ақпаратқа сәйкес, барлық әкімдіктер бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлген жоқ. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін", -деп отыр Мәжіліс депутаты А. Аймағамбетов.