03 ақп, 2022 сағат 15:05

95 адам ҰБТ тапсыруға жіберілмеді – Ұлттық тестілеу орталығы


Тыйым салынған заттарды әкелген 95 адам Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға жіберілмеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық бірыңғай тестілеуге жіберілмеген және нәтижелері жойылған тест тапсырушылардың жалпы саны – 95 адам. Оның ішінде тестілеуге кіргізу барысында әртүрлі тыйым салынған заттарды алып келгені үшін тестілеуге жіберілмегендер – 23 адам. Ал тест тапсыру барысында тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін 72 талапкердің нәтижесі жойылды», - деді ол Білім министрлігінің аппарат жиналысында.

Оның дерегінше, пандемияға байланысты барлық санитарлық нормалар сақталған. Талапкерлер 42 тест тапсыру пунктінде 50 пайыз толымдылықпен ҰБТ тапсырып жатыр.

«Бір ғана талапкер дене қызуы жоғары болғандықтан тестілеуге жіберілмеді. Ол басқа уақытта тапсыратын болады. Мүмкіндігі шектеулі, ерекше білім беру қажеттілігі бар 29 талапкер тест тапсырды. Биыл оларға қосымша 40 минут уақыт және арнаулы орын белгіленген. Тест мазмұны да олардың ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген», - деді Руслан Емелбаев.