01 ақп, 2022 сағат 18:49

30 жасында жоғары қызметке тағайындалған Айнұр Серғазиева сынға жауап берді


Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының жаңа орынбасары Айнұр Серғазиева әлеуметтік желіде айтылған сынға жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

30 жастағы Айнұр Серғазиеваның мемлекеттік қызметте жоғары лауазымға ие болғаны туралы хабарды Қазнет қолданушылары әртүрлі қабылдады. Кейбіреулер ол бұл қызметке шенеунік туыстарының арқасында келген болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын.

Осыдан кейін шенеунік Instagram парақшасында өзіне қатысты айтылған барлық қауесеттер мен сындарға жауап берді. Серғазиеваның айтуынша, ол агенттіктегі бос жұмыс орны туралы бұрынғы жұмысындағы әріптестерінен білген.

"ҰАТ-та президенттік резервшілер маған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының цифрлық орынбасарын іздеп жатқанын, біраз адамды сұхбатқа шақырғанын айтты. Менде өз бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Бірақ мені негізгі үміткер ретінде қарастырып жатқанын тағайындаудан үш күн бұрын білдім", - деді Серғазиева.

Ол өзі туралы айтылатын "байдың қызы, ықпалды туыстары бар" деген секілді  қауесеттерге тоқталды.

"Бұл айтылғандар жалған. Ипотекада пәтерім бар, зейнеткер ата-анам Оралда тұрады, қарапайым сауда нүктелерінен алған сөмкелерім, Тиффанидің күміс әшекейлері бар. Мен шенеунік болған емеспін, күйеуім де, балаларым да жоқ, жалақымды өзіме жұмсаймын.

Мемлекеттік қызметке не үшін келдіңіз? Елімізді жақсы жаққа өзгерту үшін, өскелең ұрпақтың өкілі ретінде дамуға үлес қосқым келеді", - деді шенеунік.

Серғазиеваның айтуынша, жаңа лауазымда ол мемлекеттік қызметте меритократияға жетуге ниетті. Ол үшін келесі міндеттерді шешуді жоспарлап отыр:

  • цифрландыру арқылы мемлекеттік қызметшілерді іріктеу/қабылдау/жұмыстан шығару процесін ашық ету;
  • МҚІА мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау саласындағы уәкілетті орган болып табылатындықтан, мемлекеттік органдарға ақпарат ұсына отырып, мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы кері байланысты жинау процесін цифрлау (клиентке бағдарлану);
  • Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен айқындығына қол жеткізу үшін цифрландыруда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру.

"Өз жұмысым туралы айта отырып және жұртшылықпен ақылдаса отырып, ашықтық пен айқындықтың үлгісі болуға тырысамын. Істер мен нәтижелерді талқылайық. Мен әрқашан сындарлы диалогқа ашықпын", - деп түйіндеді ол.