Фото: Жамбыл облысының Полиция департаменті
Жамбыл облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты 26 көлік соқтығысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа-райында жолға шықпау туралы бірнеше мәрте ескертулеріне қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайды және жазғы шиналармен жүреді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.
31 қаңтарда сағат 10:47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ. Бауыржан Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық.
"Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасап жатыр, оқиғаның мән-жайлары анықталуда.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін әсіресе ауа райы қолайсыз болған жағдайда қатаң сақтау қажеттігін еске салады" - делінген хабарламада.