
Күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдар үлесі азайтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын қолдануға көшуге ынталандыру мақсатында Министрлік жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады.
Фермерлерді оқыту және білімін жетілдіру жүзеге асырылуда, оның ішінде бұл демонстрациялық фермалар желісі арқылы да жүргізілуде. Жаңа Су ресурстарын басқарудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңды 750 мың гектарға дейін жеткізу жөніндегі индикатор көзделгенін атап өткен жөн», - деді министр.
Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
«Суармалы жерлердің алаңын 3 млн гектарға дейін жеткізу қажеттілігін ескере отырып, министрлік 2018 жылы егіс алқаптарының болжамды құрылымын әзірледі. Бұл құрылым облыстар әкімдіктеріне іске асыру үшін жолданды. Көрсетілген ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің болжамды құрылымында күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдар үлесінің 75 мың гектарға дейін және мақта дақылдары үлесінің 100 мың гектарға дейін азаюы ескерілген. Сондай-ақ, 2030 жылы егіс құрылымында масақты дәнді дақылдарды 50 мың гектарға дейін кеміту жоспарлануда, бұл ретте солтүстік өңірде дәнді дақылдарды азықтық ауыспалы егісте суару көзделген.
Егіс құрылымы оңтайлы суармалы жерлердің көрсетілген алаңын дұрыс пайдалану Мемлекет басшысының жоғары рентабельді дақылдар өндірісіне көшу, импортты алмастыру және суармалы жерлер алаңын 2030 жылға дейін біртіндеп 3 млн гектерға дейін жеткізу бойынша қойған міндеттерін орындауға мүмкіндік береді», - деді С. Омаров.
