
2025 жылға қарай Қазақстанда жаңартылатын энергетиканың үлесі 6 пайызға жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электр энергетикасындағы жаңа технологиялар энергия жүйесін басқарудың, нарыққа қатысушылардың өзара қарым-қатынасының жаңа қағидаттарын, сондай-ақ ұзақ мерзімге егжей-тегжейлі жоспарлауды қажет етеді. Елімізде жаңартылатын энергетиканы дамыту соңғы онжылдықта электр энергетикасы саласындағы тәсілдерді қайта қарауды талап етіп отыр. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында мынадай нақты мақсаттар қойылған, атап айтқанда электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергетиканың үлесін 2025 жылы 6 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға дейін жеткізу ескерілген. Ал 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кемінде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздеріне тиесілі болуға тиіс», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында 2020 жыл жаңартылатын энергетика индикаторын орындаудың межелік кезеңі болды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергетиканың үш пайыздық үлесі толық орындалды.
«Жаңартылатын энергетика саласының қалыптасу кезеңінде Үкімет барлық қажетті жағдайларды жасады. Үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, 2013 жылы тіркелген тарифтер жүйесі енгізіліп, жаңартылатын энергия көздері электр энергиясын бірыңғай сатып алушы құрылды. Электрондық аукционға көшу жүзеге асырылды. Тіркелген тарифтер тетігі жаңартылатын энергетика дамуының бастапқы кезеңінде осы сала нарығын жылдам іске қосып, жел, күн энергетикасының бірқатар жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді», - деді Н. Ноғаев.
Оның сөзіне қарағанда, саланың дамуына көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде жаңартылатын энергия көлемі тұрақты өсіп келеді. Соңғы 6 жылда жаңартылатын энергетика нысандарының белгіленген қуаты шамамен 10 есеге ұлғайып, 2014 жылғы 178 МВт-тан 2020 жылы 1635 МВт-ты құрады.
