30 нау, 2021 сағат 10:41

2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 16 мектеп салынады

Солтүстік Қазақстан облысында 16 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыстың кешенді жоспарында білім беру саласын дамыту бойынша маңызды бастамалар қарастырылды. Мектепке дейінгі және орта білім бойынша өңірде 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамтуды 95 пайызға дейін жеткізу қарастырылған. Ол үшін жыл сайын кестеге сәйкес жаңа балабақшалар ашылатын болады. Ваучерлік қаржыландыру тетігін және жекеменшік балабақшаларды дамыту жұмыстарын ұйымдастырымыз», - деді министр. 

Оның айтуынша, өңірдегі апатты жағдайдағы мектептер желісін және оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 16 мектеп салу көзделген. 

«Бұған қоса ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернаты салынады. Облыстағы 416 мектепті жаңғырту жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында күрделі жөндеу, мектеп жиһаздарын жаңарту, кабинеттерді жабдықтау, турникеттер мен бейнебақылау орнату қарастырылған. Мұның бәрі 416 мектепте жүргізілетін болады», - деді А. Аймағамбетов.