2017 жылы Орталық Азия халқы 70 миллионнан асып жығылады. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2017 жыл демографиялық тұрғыдан алып қарағанда Орталық Азия үшін бетбұрысты болады. Ағымдағы жылы Орталық Азия елдерінің халқы кемінде 70 миллионға жетеді, тіпті одан асып та түседі деп күтілуде. Бұл өте маңызды демографиялық көрсеткіш. Неліктен маңызды? Өйткені осыдан 25 жыл бұрын Орталық Азия халқы не-бәрі 50 миллион адам болған еді. Яғни, осы кезең ішінде Орталық Азияның халқы 34 пайызға өсіп отыр. Бұл өте жоғары көрсеткіш», — деді Қарин.
Оның айтуынша, халық санының артуы өлім көрсеткішінің төмендеуіне, өмір сүру жасының орташа ұзақтығына және аймақта бала туу санының өсуіне байланысты орын алуда.
«Бұл тренд алдағы уақытта да сақталатын болады. Біздің көзқарасымызша, бұл өте маңызды оқиға. Сондықтан Орталық Азия елдерінің үкіметтері өздерінің әлеуметтік-экономикалық және өзге де саясаттарын жүргзу барысында осы жайтты қаперде ұстауы тиіс», — деді ҚСЗИ директоры.